Негізгі бет  /  мақалалар  /  Қыздар Сербияға аттанады

Қыздар Сербияға аттанады

Ғалым СҮЛЕЙМЕН
1098
Қыздар Сербияға аттанады Осы аптаның аяғында Сербияда бокстан әйелдер арасында ірі халықаралық турнир басталады. Жыл сайын жалауы желбірейтін дәстүрлі жарыста әлемнің 30-дан аса мемлекетінің өкілдері күш сынасады деп күтілуде.

Бұл күндері Алматының ірге­сіндегі АИБА академиясында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан Қазақстанның ұлттық құрамасы да Сербиядағы сайыста өнер көрсетуді құп көріп отыр. Осы турнирде бақ сынаушылар қатарында Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дариға Шәкімова (75 келі), Рио де Жанейрода өткен ғаламдық додаға қатысушы Жайна Шекербекова (51 келі), әлем чемпиондары Дина Жоламан (54 келі), Валентина Хальзова (69 келі) және Ләззат Күнгейбаева (+81 келі) сынды белді боксшылар бар. Сондай-ақ, өзге салмақ дәрежелері бойынша Алина Тұрлыбаева мен Алуа Балқыбекова (48 келі), Айжан Қожабекова мен Назым Ищанова (60 келі), Мәдина Нұрашева (64 келі) және Мөлдір Базарбаева (81 келі) ел намысын қорғайды. 
–     Бұл біздің команда үшін биылғы маусымдағы алғашқы турнир. Сол себепті де Сербияда жерлестеріміз айды аспанға шыға­ра­ды деген ой туындамауға тиіс. Бұл жа­рысты біз алдағы дүбірлі до­да­ларға дайындық ретінде қарас­ты­рамыз. Десек те, кейбір салмақ дәре­желері бойынша топ жаруды көздеп отырғанымыз жасырын емес. Әсіресе, Олимпиада ойындары мен әлем чемпионат­тарында жеңіс тұғырына көтерілген шәкірттеріме ерекше сенім артамын, – дейді Қазақстанның әйелдер құрама­сы­ның бас бапкері Вадим Присяжнюк.