Негізгі бет  /  мақалалар  /  Биоәдіске бөлінетін ақша реттелуі тиіс

Биоәдіске бөлінетін ақша реттелуі тиіс

Айқын-ақпарат
1047
Биоәдіске бөлінетін ақша реттелуі тиіс Мақтааралдан Алматыға арнайы келіп, редакциямызға хабарласқан Елемес Сабыров мақта шаруашылығына алаңдаушылығын жеткізді.

Өйткені өңірдегі негізгі кәсіп – мақта өндіру. Ауыл шаруашылығы саласының үздігі, «Мақтаарал ауданының Құрметті азаматы, Аязхан Қалыбеков ауылдық округінде тұратын Елемес Сабыров ақсақалдың айтуынша, бүгінде атакәсіпті жүргізуге, соның ішінде мақтаның аса қауіпті зиянкестеріне қарсы биологиялық күрес жүргізу үшін жыл сайын мемлекеттен 150 миллион теңге көлемінде субсидия беріледі. Алайда оны шаруаларға үлестіру реті дұрыс жолға қойылмай отырған көрінеді. 

Елемес Сабыров өсімдік зиянкестерін жою үшін улы химикаттармен дәрілеуге қарсы болып, биологиялық әдісті қолдану қажеттігін айтып келген. Себебі, хи­ми­катт­ы пайдалану адам ден­саулығына зиян, жергілікті тұрғындардың арасында созылмалы сырқаттың көбеюінің бір себебі де осында. Мәселен, осыдан 7 жыл бұрын ақса­қалдан ақыл сұрап келген ауылдағы аяғы ауыр келін­шектің босану кезінде бала­сымен бірге жан тап­сы­руын улы химикат­тың кесірі деп біледі. «Мақта шитін малға береміз. Улы химикат сол шитпен сүтке енеді. Ал оны адам ішсе, уланады» дейді ол. Негізінен, Кеңес өкіметі тұ­сында мақтадағы құртты жою мақсатында сепкен улы хи­ми­кат үшін жергілікті тұрғын­дарға тегін сүт тағамдары берілген екен. Дей тұрғанмен, әкімдіктерден бастап, Пар­ламенттің жоғарғы және төменгі палатасы, сондай-ақ министрлікке дейін барып, табанын тоздырған Елемес Сабыров, Мақтаарал ау­да­нында кішігірім биозертхананың ашылуына себеп­кер болды. Басында оны Алма­­тыдағы өсімдікті қорғау ғылыми зерттеу инсти­ту­тының жанынан құрғысы келгендер де болған, бірақ оған көнбеген Елекең институт филиалын мақталы өлкеден ашқызған. «Көршілес отырған Өзбекстан 20 жылдан бері улы химикатты пайдалан­байды. Оның орнына биотә­сіл­ді қолданады. Олар био­зерт­ханада «трихограмма», «алтынкөз», «габробракон» деген пайдалы көбелектер шығарады. Соларды кезек-кезегімен мақтаға жібереді. Одан кейін мақта да құрт­та­май­ды, өнім де мол болады. Мысалы, биотәсілдің арқа­сында биыл өмірі болмаған өнім алынды» дейді ол.  
Биотәсілді мақтаның мол шыққан уақытында қол­данғанның өзінде жақсы әсерін тигізген, ал оны көктем­де пайдаланса, одан да жақсы нәтиже көруге болады екен. Алайда биозертхана ашыл­ды, диқандардың бір бөлігі биоәдісті егістік ал­қа­бына қолданып үлгір­ге­німен, қазір субсидия бөлудің ретін келістіру керек боп тұр. Демек, күзде берілетін ақ­ша­ның 50 пайызын наурыз айында берген тиімдірек. Елемес Сабыровтың айтуын­ша, өсімдікті дәрілеу жұмыс­ы үшін бюджеттен суб­си­дия қараша айында беріледі де, биопрепаратты қолда­натын көктем айларына дейін жеке шаруалар қаржысын жұмсап жібереді. «Сондықтан субсидияға арналған мемлекет қаржысын биозертхана мен биофабрика жұмысына бағыттап, шаруаларға тегін қызмет көрсететіндей жағдай туғызуы керек. Жалпы, осы­ған дейін Ауылшаруа­шылық министрлігі ешбір сөзімді жерде қалдырған жоқ, оны­сына ризамын. Әрине, мем­лекет қаржысын жұмсаудың белгіленген тәртібі бар, де­ген­мен биофабрикалар мен био­зертханалардың бас­шы­ларымен сөйлескенімде олар, био­агент­тер мен био­пре­параттардың құнын ар­зандатуға (40 па­йызға дейін) бөлінетін суб­сидия тікелей биофабри­калар мен био­зерт­хана­ларға екі кезеңге бөліп бе­ріл­се, ақпан-наурыз ай­ла­рында аванс есебінде 50%, қалған 50% маусымның аяғында берсе құба-құп болар еді деп отыр. Бейбіт Атамқұлов ОҚО әкімі болып тұрған кезін­де «көмек қаржының 50 пайызын сәуір­де, 50 пайызын қыркүйекте бергіземін» деген. Қазір оның орнына Жансейіт Түймебаев келді, енді мәселенің мәні қа­лай бо­ла­ры белгісіз» дейді ақ­са­қал. 
«Шымшық сойса да қасап­шы сойсын» демекші, әрбір саланың қыры мен сырын, сол жерде жүрген біледі. Ендеше, өңірдегі өндіріс пен жұрты­ның қамын күйттеген жанның жан­айқайы естусіз қалмайды деп сенеміз...           

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТОВА