Шетелдік жұмыс күшін тарту жеңілдетіледі

Бұл туралы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау мен миграция комитетінің басшысы, ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Ақмади Сарбасов хабарлады.
ҚР көші-қон саясаты ішкі еңбек нарығын қорғау мен оны отандық мамандар үшін сақтауға, сонымен қатар жоғары білікті шетелдік жұмыс күшін тартуға негізделіп отыр.
– 2015 жылғы 24 қарашада Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңына сай, 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап шетелдік жұмыс күшін тартудың жеңілдетілген тәртібі енгізілмек. Оның ішінде Қазақстанға келген шетел мамандары экономиканың басыңқы салаларындағы сұранысқа ие мамандықтар тізіміндегі кез келген жұмыс орнына мамандығы бойынша біліктілік анықтамасының негізінде үш айдың ішінде өздігінен жұмысқа орналаса алады. Шетел маманы оның біліктілік деңгейін растайтын білімі, жұмыс өтілі, тәжірибесі және тағы басқа көрсетілетін балдық жүйе бойынша белгілі бір бағаға ие болады. Ол еңбек келісімшартында көрсетілген мерзімге жұмысқа тұра алады, бірақ бұл мерзім үш жылдан аспауы тиіс, – деді Ақмади Сарбасов.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметінше, елге кірудің басты шарты – шетелдік маманның білімі мен біліктілік деңгейінің жоғарылығы.
Сонымен қатар 2017 жылғы қаңтардан бастап шетелдік жұмыс күшін тарту үшін жұмыс берушілерге рұқсат беру шаралары қайта қарастырылады.
– Енді квота жұмыс берушілердің сұранысын, аймақтардағы жұмыс күшіне деген сұранысты, жұмыссыз азаматтар санын, өткен жылғы шетелдік жұмыс күшін пайдалану тиімділігін бағалау мен еңбек ресурстары есебінен жұмыс күші сұранысын қанағаттандыруды ескере отырып, экономикалық қызмет түрлеріне қарай берілетін болады. Шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы еңбек миграциясы мен еңбек ететін мигранттарды әлеуметтік қорғау жөніндегі ынтымақтастық туралы ҚР ратификациялаған халықаралық келісімшарттар болған жағдайда беріледі. Жеке тұлғаларға қызмет ету мақсатында еңбек мигранттарын тарту квотасын (үй шаруашылығында қызмет көрсету, еңбек ету) ҚР ІІМ келер жылғы сұраныс болжамына сай жасайтын болады, – деп түсіндірді Ақмади Сарбасов.
Сонымен бірге, келесі жылдан бастап шетелдік жұмыс күшін тартуға келісім алу үшін жұмыс берушілер салық төлейтін болады. Оның көлемі шақырылатын жұмыскерлердің санаты мен жұмыс істейтін саласына қарай сараланбақ. Ішкі корпоративтік ауысулар рәсімдерін жеңілдету ісі Дүниежүзілік сауда ұйымының шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
Жалпы алғанда көші-қон саясатын жетілдірудің жоғарыда ұсынылған шаралары еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсіміне ықпал етеді.
Әмірлан МӘУЛЕН