Негізгі бет  /  мақалалар  /  Халықаралық кинофестивальде көрсетіледі

Халықаралық кинофестивальде көрсетіледі

Айқын-ақпарат
341
Халықаралық кинофестивальде көрсетіледі Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Аманат» және «Құнанбай» фильмдері 12 мен 29 қаңтар аралығында Болгария астанасы София қаласында өтетін ІХ халықаралық MENAR кинофестивалінің «Фокус» бағдарламасы аясында көрсетілетін болады.

Қазақстан және Орта Азия ел­дерінен шыққан алғашқы тарихшы, көрнекті ғалым Ермұхан Бекмаха­новтың өмір жолы туралы баяндайтын «Аманат» тарихи лентасы прокатқа өткен жылдың мамырында шыққан. Режиссері әрі сценариін жазған – Сатыбалды Нарымбетов. Ол осыған дейін «Балалық шағымның Дон Кихоты», «Көзімнің қарасы», «Қыз­жылаған», «Мұстафа Шоқай» фильмдерін түсірген. Ал «Аманат» картинасы «Оскар» премиясының «Ең үздік шет тілдегі фильм» таңдалымына ұсынылған. 
Досхан Жолжақсыновтың ұлы ойшыл Абайдың әкесі жайлы баяндайтын «Құнанбай» көркем фильмі еліміз бойынша прокатқа 2015 жылы шыққан. Былтыр алғашқы ұлттық «Тұлпар» кинопремиясында фильмнің авторлары үздік атанды. Атап айтсақ, басты рөлді сомдаған Досхан Жолжақсынов «Үздік ер адам рөлі үшін» номинациясында жеңіске жетіп, Рустам Одинаев «Үздік қоюшы суретші» және Төлеген Мұхамеджанов «Үздік композитор» атанды. Сондай-ақ картина үздік сценарий премиясын да жеңіп алды. Сценарий авторлары – Таласбек Әсемқұлов және Досхан Жолжақсынов. Сонымен қатар 2016 жылдың қыркүйегінде фильм XII Қазан халықаралық мұсылман киносы фестивалінің конкурстық бағдарл­ама­сында көрсетіліп, Уфада өткен III халықаралық ұлттық және этникалық кино «Күміс Ақбозат» фестивалінде Әмір Әбдіразақов атындағы «Ұлттық рух» жүлдесін иеленген. ҚР Тәуелсіздік күнін тойлау қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылдың әдебиет пен өнер саласы бойынша Мемлекеттік сыйлық тапсырды. Жарлыққа сәйкес премия сценарий авторларының бірі, режиссер – Қазақстанның халық артисі Досхан Жолжақсыновқа, қоюшы суретші – Рустам Одинаевқа, сонымен қатар актерлер – Нурсифат Салықова және Айдос Бектемірге берілді.
Софиядағы MENAR халық­аралық кинофестивалі Балқан түбегіндегі ең ірі мәдени шаралардың бірі болып саналады. Фестиваль жыл сайын көрермен қауымды мұсылман әлемінің дәстүрі мен мәдениетін паш ететін фильмдермен таныстырады. Фес­тивальдің бағдарламасы аясында Қиыр Шығыста, Орта Азия елдері және Солтүстік Африкада түсірілген үздік көркем, деректі және қыс­қаметрлі фильмдер де жұртшылық назарына ұсынылады. 
Қазақстандық картиналар 14 қаңтар күні «Евро синема» ки­нотеатрында ағылшын тіліндегі субтитрлармен көрсетілетін болады.