Негізгі бет  /  мақалалар  /  Әне, жұрттың баласы...

Әне, жұрттың баласы...

Айқын-ақпарат
584
Әне, жұрттың баласы... Сірә, әр бала кішкентайында осы сөзді естіп, ал ата-ана өз баласына осы тіркесті айтып көрген шығар. Неге ата-аналар «жұрттың баласына» құмар екен? Бүгінгі жастарға ол қаншалықты әсер етіп жүр?

«Жұрттың балаларын» өз балаларына үлгі етіп, салыстыру арқылы ата-аналар оларды жігерлендіргісі келетіні анық. Дегенмен, ойласақ, баласын өзгемен салыстырғанда олар қашан жөні түзу жауап қайтарды екен? Балалары бірден «жұрттың баласының» кемшіл тұстарын тізіп кетеді. Әке не анасы «жөні түзу сөз  айтып отырмын ба» деп ойлай ма екен? Әлде өзі де бітпейтін «жұрттың балаларымен» өсіп пе еді?

   Мақаланы жазу барысында дос-жараннан осы туралы сұрағанымызда, барлығы да мұндайды естігенін, қазір де естіп келе жатқанын айтады. Бұл жөнінде әлеуметтік желіде сауалнама жүргіздік. Сауалнамаға қатысқан мектеп оқушылары мен ЖОО студенттерінің тек 20%-ы ғана өзгенің баласын әке-шешесі үлгі етпегенін айтады. Қолдаушысы мықты болды ма екен әлде осы жауаптың үлесін көбейткісі келді ме 38 %-ы көршінің баласы туралы естіп өссе де ондай әңгімені жақын қабылдамапты. Қатысушылардың 8%-ы сол «жұрттың баласын» жек көріп кеткенін мойындаса, 12%-ы өздеріне деген сенімін жоғалтқанын көрсетті. Ал 23% қатысушы «сол жұрттың баласы мен едім» деп мақтанышпен белгілепті.

     Шынында, қазір балалардың ата- анасы «жұрттың балаларын» бастағаннан-ақ «жұрттың әке-шешелері» деген жауаптары дайын. Олай балаңыздың агрессиясын оятып, өзін іштей төмен сезінуіне жағдай жасай бергенше, қолдау білдіріп, көтергеніңіз жөн емес пе?! Бір рет болсын әңгімені «сенің қолыңнан келеді, балам» деп бастап көріңізші. Бұл жерде «пәленшеден де озып кетесің» дегенді де қосып қоймауға тырысыңыз. Ол сіздің балаңыз, сіз - оның ең жақыны, сенері, қолдаушысысыз. Жұрттың балалары ешқашан сіздің балаңыз болмайды.

   Үнді режисері әрі актеры Амир Хан 2007 жылы «Жұлдыздар жер бетінде» (Stars on the earth) деген фильмін жарыққа шығарды. Басты рөлдегі екі рет 3 сыныпта қалып қойған 8 жасар Ишан Авастиге анасы «сенің қатарластарың екі сынып жоғары оқығанда, сен биыл тағы да қалғың келе ме орныңда» деген соң, Ишан қырсығып алдындағы жазуын жазбай қояды. Сол күйі ол ата-анасы тарапынан болған қысыммен тұйықталып кетеді. Егер интернаттағы мұғалімі жолықпағанда, оның келешекте қандай адам болып кетері белгісіз еді. Оның бейнелеу пәні мұғалімі Рам Никум айтпақшы «осы ата-аналар балалары өзгелер сияқты болуын қашан қояр екен? Егер бес саусақ бірдей болса, онда ол іске алғысыз болар еді».

   Динара Болат, психолог:

   "Жұрттың балалары" деп өз баласының алдында өзгенің баласын ілгері қойып, салыстыру тек біздің қоғамда яғни посткеңестік елдерде ғана кездесетін жағдай. Бұл жерде ата-ана өзгенің баласының жетістігін, артықшылығын баласына мысал ретінде келтіремін, мотивация беремін деп ойлайды. «Баламның бойында сабағын беске оқуға, жан-жақты болуға ұмтылысты оятамын» деген түсінік бар. Ол түсінік қайдан шықты десеңіз, баласын талпындыруға сондай әдіс қолданатын ата-ананың балалық шағына үңілу керек. Көп жағдайда мұндай ата-аналардың өздері кезінде өз ата-анасының көңілінен шыға алмаған, ағайын, тума-туыс арасында мойындалмай, белгілі бір тұстары үшін шеттетіліп, мақтау естімей өскендер болады. Есейгесін де өзі жетістікке жете алмай, есесіне «ұрпағым қалай да жетістікке жетіп, баршаға мықтылығымызды дәлелдейді» деп мақсат қояды. Ал өсіп келе жатқан ұл-қызының оқу үлгерімі, өмірдегі аяқ алысы өзінің ойлағанындай болмай жатқанын көргенде жан-жақты қысымға көшеді. Соның ішінде, қатарлас баланы үлгі етіп намысына тию тиімді әдіс деп ойлайды. Ал шын мәнінде бұл әдіс қалыптасып келе жатқан бала психикасына кері әсерін тигізеді. Бұл бала да ата-анасындағыдай толымсыздық комплексі пайда болады. Оның нәтижесінде кейін тұлға талай психологиялық кедергілерге душар болады. Соның бірі - өз-өзіне сенімсіздік. Сонымен қатар, жалтақ көңіл, өзгелердің өзі туралы пікіріне тәуелділік, олардың оң пікіріне ие болу үшін ғана әрекет ету. Ата-анасынан "жұрттың баласы" әдісімен қамшыланып, белгілі бір жетістікке жеткен бала ол жетістігінен ешқашан ләззат алмайды. Одан бақыт көрмейді. Себебі, ол жетістік ешқашан оның қалауы болмаған. Әрине, берілмейтін балалар бар. Ата-анасының екеуі де баласына ылғи көңілдері толмай, бірдей  қысым көрсетсе, бұл баланың психикасы көтере алмайтын жүк. Ал егер ата-анасының біреуі, ең болмағанда әжесі, не өзінен үлкен бауыры бұл шабуылда балаға қолдау болса, бала сол қолдаудан жігерленіп өз болмысын сақтап қалу мүмкіндігі зор. Алайда тәжірибеге сүйенсек, көп жағдайда бала бұл кысыммен жалғыз өзі қалады. Сондықтан, ата-анасы мінсіз деп тапқан баланы жек көріп өсу ықтималдығы жоғары.

   Өзге халықтарға келсек, көршілес қырғыздарда «елдің балалары» деген ұғым бар. Орыстарда да бар. Бірақ олар Еуропа өркениетіне жақын болғандықтан бұл жаман әдеттен оңай арылып келеді. Бұл біздің менталитетімізге жақын түсінік.

Алма Қазақбаева, ОҚО, Отырар ауданы, Қоғам ауылы тұрғыны, ата - ана:

   - Өзім "пәленшенің қызындай болмайсың ба?"  деген сөзді қыздарыма жиі қолданушы едім. Жылдар өте келе ол пікірдің дұрыс емес екенін өмірден сабақ алуда түсіндім. Баланы үнемі біреумен салыстырып отырсаң, ол өшпенділікпен өсіп, салыстырған адамыңды жек көріп кетеді екен.  Мысалы, мен қызымды жан құрбысымен салыстырып, " неге сол қыз сияқты үнемі бестікпен келмейсің, неге ол секілді марапаттар мен жүлделерді жиі алмайсың?" деп салыстыратын едім. Уақыт өте келе қызымның досына деген іштей қызғанышы мен іштарлығы оянып қазір досымен мүлдеп араласпай, қызым тұйықталып кетті. Өтірікті жиі айтады, сабаққа деген құлшынысы да жоқ. Айтқан сөздерім керісінше әсер етіпті. Баланың Алла тағала бермеген қабілеті  өзге баламен салыстыруға келмейді. Бұл үлкен орны толмас қателікке алып барады.  

Айғаным Өтеген, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың II курс студенті:

   - Барлығымыз "жұрттың баласымен" жарысып өстік қой. Кішкентайымнан ата-анам құрбы-құрдастарымды мақтап отырушы еді. Әлгі айтқан "жұрттың балаларын" өзіммен салыстырып, сырттай қарсылас қып сайлап алатынмын. Олар қатысқан жарысқа қоса қатысып, қалайда оларды жеңуді мақсат тұтатынмын. Одан қазір жаман болған жоқпын. Аз уақытта мен де жұрттың ата-анасы айтатын "жұрттың баласына" айналып шыға келдім. Би де биледім, ән де айттым, өлең де шығардым, сурет те салдым. Қысқасы, бәрін де байқап көріп өзімді жан-жақты сынап қабілетімді аша білдім. Кезінде түрлі саланың дәмін татып көргенімнің арқасында мамандық таңдаудан аса қиналғаным жоқ. "Жұрттың баласы" менің өсіп жетілуім үшін үлкен мотивация болды. Түсінгенім, ешқандай ата-ана баласын "жұрттың баласымен" кемсітіп жаман болсын деп салыстырмайды екен. "Жұрттың баласы" - олардың баласы өссін, тырыссын, асып түсуге талпынсын» деп тапқан қулықтарының түрі-ау деп ойлаймын.

  Ал егер сізге балаңызды салыстырудан өзіңізді тыю қиын болып жатса, онда «жарайсың», «ақылдым менің» деген секілді мақтау сөздермен аяқтап, баланы өз – өзімен салыстырыңыз. Бірнеше мысалдар ұсынамыз:

  • «Өткен жолы сен мына өлеңді мұндай жылдам оқымаған едің, ал бүгін өте жақсы жаттап алыпсың. Жарайсың!»
  • «Саған бұрын тамақ ішіп болған соң ыдыс-табағыңды жууды жиі ескертетін едім. Қазір айтқызбай істеп жүрсің. Ақылдым менің!»
  •  «Балам, білесің бе, жыл басында сынып алдына шығып, өлең айтуға ұялатын едің. Бүгін сыныптастарыңның алдында баяндамаңды өте сәтті қорғап шықтың. Сен менің мақтанышымсың!»
  • «Былтыр шаңғыда бір айналыс жасайтын едің, биыл екі айналым жасапсың ғой. Сенің жақсы сырғанайтыныңды білген едім. Жарайсың, балам!»
  • «Алдыңғы диктантта төрт қате жіберген едің, кешегіде тек екі қате шықты. Сабаққа тыңғылықты дайындалғаныңның арқасы, балам!»

    Электр шамы сынды талай дүниені ойлап тапқан атақты Томас Эдисон туралы бәрі білетін шығар. Бір күні ол мектептен келген соң анасына ұстазы берген бір жапырақ қағазды ұстатады. Анасы жылап отырып, хатты баласына дауыстап оқыды: «Сіздің ұлыңыз – данышпан. Біздің мектебіміз тым кішкентай. Мұнда ұлыңыздың деңгейіндегі, оны оқыта алатын мұғалім жоқ. Өтінемін, бұдан былай өзіңіз оқытыңыз». Содан бері көп жылдар өтіп, анасы дүниеден өтеді. Бұл кезде Эдисон өз заманының атақты өнертапқышы әрі кісіпкері болатын. Күндердің күнінде отбасылық мұрағатты ақтарып отырып, әлгі хатты байқап қалады. Ашып оқыса: «Сіздің ұлыңыздың ақыл-есі дамымай қалған. Біз оны басқа балалармен бірге оқыта алмаймыз. Сондықтан оны үйде өзіңіз оқытсаңыз екен дейміз» деп жазылыпты. Эдисон анасының не себепті көз жасын көлдеткенін сонда ұғып, ағыл-тегіл жылапты. Есін жиған соң күнделігіне: «Томас Алва Эдисон ақыл-есі дамымай, артта қалған бала болды. Парасатты да батыр анасының арқасында өз заманының ұлы данышпанына айналды» деп жазады. Сіздің балаңыз – жеке тұлға. Өзіндік қабілеттері мен дарыны бар. Оның қабілеті сіз қалағандай боксқа не музыкаға  болмай шығуы мүмкін. Сіз оның өз дарынын ашып беруге міндеттісіз.

 

Таңшолпан ТӨЛЕГЕН