Басты  /  мақалалар  /  ҚАЙСАРЛЫҚ

ҚАЙСАРЛЫҚ

Айқын-ақпарат
1364
ҚАЙСАРЛЫҚ Қазір кейбір білімпаздар: «Балаға ат қоюға жете мән беру керек. Өйткені адамның есімі оның мінез-құлқына, тіпті алдағы тағдырына әсерін тигізеді екен» деп жүр.

Бұл сөздің жаны бар сияқты. Оған ширек ғасыр уақыттан бері әріптес аға тұтып жүрген, бүгінде жетпістің биігіне көтерілген белгілі журналист-жазушы Қайсар Әлімнің өзім білетін бітім-болмысы жайлы пайымдағанымда көзім жете түскендей... 

...Қайсардың қалың оқырман қауым айрықша ықыласпен қабылдаған «Махаббат, қызық мол жылдар» романының авторы Әзілхан Нұршайықовпен отыз жылдай хат жазысып, соның негізінде «Махаббат жыршысы» атты екі томдық эпистолярлық хикаят жазғандығы мәлім. Бірін-бірі ұлағатты ұстаз және кішіпейіл шәкірт ретінде құрметтей білген қос қаламгердің екеуінің де еріну білмес ерен еңбекқорлығы мен ерекше ілтипатты сыйластығын айғақтап, өзгелерге өнеге еткен жазба ескерткіш іспетті ол.
Ал қиырдағы Қостанайда журналистік жолын бастаған жиырма сегіз жастағы жігіт алыстағы Алматыда тұратын, алты аласы, бес бересі жоқ атақты жазушы ағамен былай танысқан екен: Қайсар 1975 жылы өзі қызмет істейтін «Коммунизм таңы» облыстық газеті редакциясының тапсырмасымен Рудный қаласына барып, сонда эксковаторшы болып істейтін Сәлімжан Досовпен кездесіп, сөйлеседі. Кейін ол туралы көлемді очерк жазып, редакция басшыларының қарауына ұсынғанында олар: «Бұл материалың очерк дәрежесіне көтерілмепті. Сондықтан оның жанрын көрсетпей жариялайық» деген екен. Қайсар олармен келіспей, очеркін қайтарып алып, оны аяқ астынан туындаған шығармашылық дауға төрелік айту үшін кезінде Павлодар облыстық «Қызыл ту» және республикалық «Қазақ әдебиеті» газеттерінің бас редакторы болған майталман журналист, шебер очеркші Әзілхан Нұршайықовқа хатпен бірге жолдайды. Ол өз жауабында Қайсардың ұстанымын қолдап, оның Сәлімжан Досов жайлы жазған материалын газет очеркі ретінде кез келген басылымда ұялмай жариялауға болады деген пікір білдіреді. Әзағаның әділ бағасымен қанаттанған Қайсар сол жолы өзі сынды қаламының желі бар жастарға жанашыр аға әріптесімен қарым-қатынасын өмір бойы үзбеуге бекініп, оған ұдайы хат жазып, хабарласып тұруды ұйғарады.
Міне, осы бір әрекетінен-ақ Қайсардың туа біткен қайсар мінезі, әділдік жолында ештеңеден тайынбайтын турашылдығы аңғарылып тұрғандай. Әйтпесе, газетте жарияланған материалдың шығармашылық дәрежесін ресми түрде ғана көтергені болмаса, оның ішкі мазмұнына еш әсерін тигізбейтін, тек «очеркші» атанып, мақтанып, маңғаз­данып жүрген кейбір әріптестерімен өзін тең ұстау үшін ғана керек бір сөз үшін редакция басшыларымен Қайсарша тайталасқа түскен қатардағы журналисті өз басым бұқаралық ақпарат құралдарындағы ұзақ жылдар бойғы қызметімде әлі күнге кездестірмеппін...
«Турасын айтсаң, туғаныңа да жақпайсың» дегендей, Қостанай облыстық «Коммунизм таңы» газеті редакциясының өнеркәсіп, көлік және құрылыс бөлімінің меңгерушісі болып істеп жүрген Қайсар ағаның шыншылдығы шымбайларына батқандар оны облыстық партия комитеті арқылы бір аудандық газеттің редакторы етіп, «өсіріп жіберіп құтылуға» да тырысқан. Бірақ Қайсар көнбеген. Кейін жазушы Қойшығара Салғараұлының «Алтын тамыр» кітабына пікір жазып, облыстық газетке жариялатқаны үшін «Қазақ ұлтын, хандығын дәріптейтін шығарманы насихаттады» деген айып тағылып, обкомға сан рет шақыртылып, түсініктеме жазуына да тура келген. Алайда ол: «Менің бүлдірген дәнеңем жоқ» деп жазбаша кешірім сұраудан бас тартқан. Бұл 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін халқымызға «қазақ ұлтшылдығы» деген жала жабылып, кең даламызды «халық жауларын» іздеген «үндеместердің» елесі кезіп жүрген қаһарлы кез болатын... 
Қайсар аға екеуміз 1990 жылы «Социалистік Қазақстан» республикалық газетінің көршілес Торғай және Көкшетау облыстарындағы меншікті тілшілері болып қатар тағайындалып, екі жылдай қызметтес болдық. Бұл еліміздің аға басылымын басқарған көрнекті қаламгер Шерхан Мұртаза редакцияға кілең мүйізі қарағайдай мықты журналистерді жинап, «СҚ»-ның абырой-беделі асқақтап тұрған кез еді. Сөйтіп, біз шеттеу жүрсек те, Шерағаның шығармашылық мектебінен ептеп тәлім-тәрбие алып, «Шерханның шекпенінен шыққандардың» қатарына қосылғанымызды мақтан тұтып, марқайып жүрдік. Маңғыстаудан – Темірхан Медетбек, Шымкенттен – Еркін Қыдыр, Торғайдан Қайсар Әлім небір көкейкесті мәселелерді көтеріп, жергілікті атқа­мінерлердің «шаңдарын қағып» жатқандығын көрген соң бәріміз де «болмасақ та, ұқсап бағуға» тырысушы едік. Өйткені сыртымызда өзімізді ешқандай «жауға» бермейтін тау тұлғалы Шерағадай қорғанымыз барлығын анық сезінетінбіз. Оның үстіне 1991 жылдың басында Шерхан Мұртаза бастаған ре­дакцияның басшы қызметкерлері мен өңірлердегі меншікті тілшілерін сол кезде республиканың басшылық тізгінін өз қолына алған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдап, ел өмірінің небір өзекті мәселелері жөнінде кеңінен әңгіме өрбіте келіп: «Сіздерді мен ел ішіндегі көзім мен құлағым деп санаймын. Облыстардағы жағдайды шынайы жазып, кемшілікке жол берген басшыларды аямай сынаңыздар. Ешкімнен қаймықпаңыздар!» деп демеу білдірген соң тіпті арқаланып, батылдана түскенбіз.
Алайда кейбір облыстардың жоғары жаққа тек жақсы жағынан көрініп, жағуға тырысқан жарамсақ басшылары өз кем­ші­ліктерін әшкерелеген тілшілердің «ауыздарын жабуға» тырысып бақты. Қайсардың Торғай өңірінде орын алған келеңсіздіктерді өткір сынаған мақалалары республикалық басылымда бірінен соң бірі жарияланғаннан кейін оны да «аяқтан шалу» басталды. Тәуелсіздік жылдарында атауын жаңартып, «Егемен Қазақстан» атанған республикалық газеттің Арқалық қаласындағы тілшілік қосынына бөлінген қызметтік кабинет пен көлік қитұрқы тәсілмен тартып алынғандығы – соның дәлелі. Сөйтіп, Қайсар «Шорманның Мұстафасынан зорлық көргенін» әйгілі әніне қосқан Жаяу Мұсаның күйінішіне ұқсас күй кешіп жүрсе де, сағы сынған жоқ, облыс басшысының алдына барып, «жаздым-жаңылдым» деп басын иген жоқ.
Қайсар аға сынды әлеуметтік әділдік жолында әрдайым шырылдаған шындықты айтып, шырқырап жүрген журналисті қоғам қайраткері десек, асыра айтпаспыз. Оған қарымды қаламгердің омырауына тағылған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағының төсбелгісі ғана емес, сол атақты алуға лайықты істері айғақ. Мәселен, ол «Социалистік Қазақстанның» меншікті тілшісі қызметіне кірісе сала «Торғай театры қайтадан ашыла ма?» деген көпшілік көкейінде жүрген маңызды мәселені көтергені жадымызда. Көп уақыт өтпей, аталған өнер ордасы қалпына келтіріліп, жұмыс істей бастады. Іле Қайсар оған дербес ғимарат қажеттігі жайлы да ой тастап, бұл проблеманың да ойдағыдай шешілуіне ұйытқы болды. 
Ал өзіне нағашы болып келетін Алаш арыстарының бірі – Міржақып Дулатовтың сүйегін Карелиядан 1992 жылы елге әкелуге тікелей атсалысып, сол қаралы-қайғылы экспедиция туралы «Міржақыптың оралуы» атты хикаят-сапарнама кітабын жазып шы­ғаруы – рухани ерлікпен пара-пар азаматтық іс. Осы жайлы Әзілхан Нұршайықов: «Міржақыптай қазақтың біртуар асыл ұлының алтын сүйегін жат жерде қалдырмай, туған жерге алып келудің өзі ұлттық өнеге емес пе?! Өшпес өнеге, тарихи тағылым! Автор кітабында осы өнегені жұртқа жыр етіп жаяды. Қара сөзбен жазылған қайғылы жыр!» деп тебірене жазған еді. 
Одан кейін атақты Кейкі батырдың Санкт-Петербор қаласындағы Кунсткамера­да сақтаулы тұрған бас сүйегін елге қайтару керектігі жайлы бірнеше мақала мен билік органдарына өтініш хаттар жазып, бүгінгі ұрпақ мойнындағы үлкен парыздың орын­далмай тұрғандығына жан-жүрегімен қи­налып жүрді. Ақыры былтыр екі ел басшылары осы жөнінде уағдаластық жасасып, Кейкі батырдың бас сүйегі елге әкелінгенде Алла Тағала көптен бергі тілегін қабыл еткеніне аса толқи қуанып, өзін екі иығынан жанши басып, еңкейтіп жүрген бір ауыр жүк түсіп, еңсесі көтерілгендей сезінді. «Мәңгілік ел болу мұратын көздеген халқымды енді Кейкі батыр бабамның аруағы желеп-жебеп жүргей!» деп тебіренді іштей.
...Қызылжар өңірінде журналистік қыз­мет істеп жүрген кезімде облыс прокуроры­ның бірінші орынбасары болып жаңадан тағайындалған Арай Әлімов деген азамат жайлы әріптестерім біраз уақыттан соң жақсы лебіздер білдіре бастады. Көп ұзамай оны өзім қатысқан бір жиналыста көріп, Арайдың кез келген мәселенің мәнісіне терең үңіліп, жол берілген кемшіліктердің себеп-салдарларын сыни тұрғыдан саралап, әділ де өткір айта­тындығын, өте алғырлығын байқадым. Кейін сұрастырып білсем, өзімнің әріптес ағам Қайсардың ұлы болып шықты. «Әке көрген – оқ жонар» деген осы да!
Жуырда Қайсар ағамен кездесіп, екеуара әңгімеміздің барысында Арай жайлы (Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды) көңіліме түйген жақсы пікірімді де ортаға салған едім. Ол өз ұлы туралы айтқан жылы сөзімді ықылас қоя тыңдап, жүзі өзгеше жадырап, нұрланып сала берген бет-әлпетінен ішкі зор қуанышы сезіліп тұрды. Әке бақыты, адам бақыты деген де осы шығар... 
Әртүрлі жанрдағы 26 кітаптың авторы (бұдан тысқары 8 томдық шығармалар жинағы бар) ретінде ол қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңбасымен үлес қосып келеді. Қысқаша қайырып айтсақ, «Мәңгілік шер», «Сыз­дамашы, жүрегім!», «Сейілмейтін мұң», «Алаш­шыл жүрек», «Мекке, Мәдинам менің!», «Кәусар», т.б. кітаптарымен оқыр­мандарының ыстық ықыласына бөленіп жүр.

Кәрібай МҰСЫРМАН, журналист