Басты  /  мақалалар  /  Ардагер журналист құрметке бөленді

Ардагер журналист құрметке бөленді

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
652
Ардагер журналист құрметке бөленді Қызылорда қаласындағы Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде үлкен мерекелік шара өтті.

Салтанатты шарада қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өз саласының үздіктері мен қаланың дамуына зор үлес қосқан елге белгілі бірқатар азаматтарға «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» төсбелгісін қадап, куәліктерін тапсырды. Олардың қатарында «Айқын» газетінің тұрақты авторы, Сыр бойында туып, еңбек сіңірген, қазақ журналистикасының қабырғалы өкілінің бірі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар ода­ғының мүшесі Итен Қарымсақұлы да бар. 
Қызылорда қаласының әкімі Н.Нәлібаев өткен жылы қаланы көркейту жұмыстары қарқынды жүргізілгеніне ерекше назар аударды. Көрікті де көркем безендірілген, осы заманғы ең жаңа үлгі, озық жобамен «Нұр Орда» ықшамауданы ашылды. 820 пәтерді құрайтын 16 тұрғын үйге қоныстанушылар қуанышында шек жоқ. Сондай-ақ қаланың инженерлік, коммуналдық инфрақұрылымын дамытуда аса көп жұмыстар сапалы атқарылды. Жыл басында бюджет 31,2 млрд теңге көлемінде бекітілсе, қосымша қаржы есебінен бұл көрсеткіш екі есеге артты. Инвестициялық қаржы 20 пайызға өсті. Облыс орталығында өнеркәсіп саласы кең өркен жайды. 200 орындық балалар ауруханасының құрылысы сапалы аяқталып, іске қосылды. 
 Маңызы зор көптеген нысандар пайдалануға берілді. Дария бойынан соңғы технология негізінде салынған Тәуелсіздік даңғылы ашылды. Өзен бойы жарық­тандырылып, серуендеуге жайлы, ве­лоспортпен айналысуға қолайлы орынға айналды. Осы айналма жол қазірде шаһарда көлік кептелісін болдырмауға үлкен септігін тизіп тұр. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында қаланың сол жақ жағалауын игеруге бетбұрыс жасайтын көпірдің іске қосылуы алдағы уақытта дарияның арғы бетінен салынатын жаңа қала және нысандармен байланысын жақсарту үшін даңғыл жол ашып беріп отыр. Қалада газ және ауызсу мәселесі түбегейлі шешілді. Қала маңындағы ауылдарда бұл мәселе кезең-кезеңімен ойдағыдай шешімін тауып келеді. Мұндай шоқтығы биік, көркімен көз тартарлық тұрғын үй кешенін салуда, өзге де маңызды жұмыстарды тиянақты іске асыруда облыс әкімі Қ.Көшербаевтың да іскерлігінің ықпалы тигенін, ұдайы көз қырын салып отырғанын қала тұрғындары жақсы біледі.
Марапаттау рәсімінде қала әкімі Н.Нәлібаев Қазақстанның Құрметті журналисі, Білім және ғылым министрлігі Ы.Алтынсарин төсбелгісінің, «Еңбек ардагері», «Қазақстан Республикасының прокуратурасына – 20 жыл» мерекелік, т.б. медальдардың иегері, Қазақстан Жур­налистер одағы сыйлығының лауреаты, «Айқын» газетінің тұрақты авторы Итен Қарымсақұлының омырауына «Қызылор­да қаласының Құрметті азаматы» төсбелгісін қадап, куәлігін табыс етті. Ол – Сыр бойының тумасы, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген, журналист. Свердловск қаласындағы округтік әскери тілшілер және сержанттар даярлайтын әскери мектепті тәмамдаған. Еңбек жолын Қызылорда облыстық «Ленин жолы» /қазіргі «Сыр бойы»/ газетінің редакциясында бастап, осы ұжымда көп жыл бойы журналистік өмір мектебінен өтті. Облыстық прокуратура­ның бас маманы қызметін қоса атқарып, танымдық-құқықтық басылым «Прокуратура тынысы» газетін тұрақты түрде шығарды, редакциялық кеңестің мүшесі болды.Торғай облыстық «Торғай таңы» және Жезқазған облыстық «Жезқазған туы» газеттерінде жауапты қызметтер атқарды. 
Соңғы он төрт жыл бойы Алматы қалалық прокуратурасының баспасөз хатшысы қызметінде прокуратураның тұңғыш құқықтық, танымдық басылымы «Прокуратура хабаршысы» атты екі тілде шығатын газетті ашып, мазмұнын байытты. Ал 2002 жылы бұл газеттің аты «Тура жол» деп өзгертілді әрі қала құқық қорғау органдарының құқықтық, танымдық органы ретінде шықты. Газет екі тілде бірдей жарық көрді. 
Итен Қарымсақұлының отбасы 2016 жылы да қуанышты болды. Ол «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауыныңАлматы қалалық кезеңінің жеңімпазы атанды. «Қазақстан Республикасының Тәуел­сіздігіне – 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Немересі Санжар, шөбере­лері Батыр және Әділ дүниеге келді. 
Журналист, жазушы Итен Қарымсақұлы ғұмырнамалық үш-төрт кітаптың авторы, еңбектен әлі қол үзген жоқ. 
Қызылордада өткен салтанатты шараән шашумен басталып, жыр кеші күмбірлеген күй мен әсем әнге ұласты.