Басты  /  мақалалар  /  Еңбегі еленген азамат

Еңбегі еленген азамат

Айқын-ақпарат
1485
Еңбегі еленген азамат Адам баласының бойында асыл қасиеттер көп қой. Солардың ішіндегі құндылардың бірі, мүмкін, ең маңыздысы болашағыңды бағдарлау, алдыға мақсат қою, аңсаған арманыңа жетуге талпыну деп білемін.

Ал осы жалпы қасиеттердің бәрі бірдей кез келген адамның бойынан табыла бер­мейтіндігі туралы табиғи заңдылық тағы бар. 
Асыл арманға жету жолында көптеген қызықты, күрделі, жағымды оқиғаларға кездесесің, әр өткен әсерлі күндеріңнен өмірлік ғибрат аласың, тіпті ренжіп, қиналып қалуың да мүмкін. Осы арманға жету жолында бәрімізге қымбат, бәрімізге ортақ, бәріміз айналып өтпейтін бір қиял, бір арман өлкесі бар. Ол – жоғары оқу орнына түсу, қалаған мамандығыңды алып, өмірге жолдама алу...
Ойланып отырсам, арада 40 жыл уақыт өтіпті.
Арман ақиқатқа айналып, басымызға бақ қонып, 1977 жылы бізде ҚазМУ-дың заң факультетінің студенті атандық. Сол бір арман күндердің қызығы мен шуақтарын айтып, жазып бітіру мүмкін емес. Жады­мызда жатталып, санамыздан сабыр тапқан сәттер қаншама болды десеңізші. Солардың ішіндегі басты байлығымыз – университет деп атала­тын алтын ұя таныстырған, табыстырған за­ман­дастар, өрімдей жас ұлдар мен қыздар еді. 
Менің бүгінгі толғанысымның басты кейіпкері – Ақылтай Ахметжанұлымен осыдан қырық жыл бұрын сол университет қабырғасында, дәлірек айтсам, студенттер жатақханасында танысқан едім. 
Бірінші курсқа жаңадан қабылданған үш талапкерге жатақханадан бір бөлме тиіп, «хан сарайына» кіргендей қуанып қалдық. Көрші бөлмеде бізден 1-2 курс жоғары оқитын Нұрлыхан, Ақылтай, Аман, Аяхмет, Болат есімді жігіттер тұрады екен. Жасымыз қатарлас, мақсатымыз бен мұратымыз бір болғандықтан шығар, тез тіл табысып, араласып кеттік. Оқу аяқталған соң өмір бізді әртүрлі қияндарға жұмсады. Солай бола тұра, біз бір-бірімізден «көз жазып» қалған жоқпыз. Сәті түскенде кездесіп, өткен күн­дердің қайта айналып келмейтін қызықтарын есімізге түсіріп, болашағымыз, алған маман­дығымыз, еңбек жолдарымыз туралы сыр бөлісетінбіз.
Бүгінде өзіме-өзім есеп беріп отырсам, осы жігіттердің шыққан тектері, тәрбие алған орталары, азаматтық ажарлары өзгеше, биік болғандарына көзім жетіп отыр. Себебі, университетте қатар оқыған жігіттер мен қыздардың талайының тағдырынан бұл күнде хабарсызбын. Мүмкін, бұл менің қателігім, кемшілігім болар. 
Ақылтаймен мен тағдырлас болып шықтым. Өмірдің жолдамасында солай деп жазылған шығар деп топшылаймын. Екеуміз де, сонау 1983 жылы, ол – Солтүстік Қазақстан мен Талдықорған облысының соттарында қызығы мен қиындығы мол судьялық қызметтерімізді бірге бастадық. Ақылтайдың жас кезінен өмірге, айнала­сына, білімге, ғылымға деген көзқарасы бізден бөлек, ерекше болатын. Білімге деген құштарлығы бір басына жетіп артылатын. Асқақ Алатау мен әсем Ал­матының бау-бақшалары мен кең көшелерін аралап кетпей, тіпті сенбі, жексенбі күндері де қолынан кітабы түспей, ақ қағазға тесіліп отыратынын талай көрген едік. Қоғамдық жұмыстардың да ортасынан табылатын. Тіпті студенттік жылдардың өзінде арнаулы жолдамамен шет елдерге барып, бізге естелік ретінде сыйлықтар алып келетінін мен әлі ұмытқан жоқпын. 
Университет бітірген барлық азамат­тардың жолдары болды деп тағы айта ал­маймыз. Мүмкін, арманының асқақтығынан болар, Ақылтайдың жолы болды. Прокуратура органдарында қызмет атқарған жылдардың тәжірибесі «кәдеге» жарап, сәті түсіп, облыс­тық соттың судьясы лауазымына ие болды. 
Қайсар мінез бен санадағы терең білім, іскерлігі мен белсенділігі оның үлкен ортадан өз орнын табуға көмегін тигізді. Арада үш жыл өтпей жатып-ақ жастары үлкен, тәжірбиелі әріптестердің арасынан таңдау Ақылтайға түсіп, басшылық қызметке ұсынылды. 
Сот жүйесінің де басқа салалар сияқты өзінің ерекшеліктері, соқпақтары, маман­дар­дың есею және өсу жолдары бар екенін тү­сін­діріп отырудың қажеті жоқ деп білемін. 
Біздің әріптестеріміздің ортасында бірегей, мүмкін, жеке-дара еңбек жолын­дағы табысқа жеткен Ақылтай Ахметжанұлы болды. Оның білімділігі мен іскерлігі, ұйым­дастырушылық шеберлігі республика басшы­ларының назарынан тыс қалмай, 1990 жылы небары 33 жасында Жезқазған облыстық сотының төрағасы қызметіне тағайындалды. 
Аталған қызмет сот жүйесінің төменгі және жоғарғы сатыларын жалғастыратын, сот төрелігін жүзеге асыруды ұйым­дастыруда шешуші рөл атқаратын, кез келген «мен дайынмын» деген азаматқа ұсыныла бермейтін, адам тағдырының әділеттілік деп аталатын «тамырын» тура табатын, ел таныған, жұртшылық қолдаған тұлғаға бұйыратын дәреже еді. 
Қасиетті халқымыздың «Жас келсе – іске»  деген дана сөзі бар. Жезді аймағындағы жаңа қызмет Ақылтай үшін үлкен сенімді ақтаудың, шыңдалу мен кемелденудің, халқына қызмет етудің табысты баспалдағы болды. Еліміздің айтулы аймақтары, сары даласы алтын дәнмен көмкерілген Ақмола мен қазынасы ортаймаған кенді Қарағанды облыстарында сот жүйесін басқарған жылдар біздің кейіпкеріміздің нағыз шыңдалған, судьялық мамандық пен басшылық қызметтің «қыры мен сырын» жетік меңгерген, өзгелерге танылған, өзін де таныта білген жылдар ретінде бағаланады. 
2004 жылы Ақылтай Ахметжанұлына сенімнің сеңгір биігінен орын ұсынылып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы қызметіне сайланды және оған алқа төрағасының қызметін атқару қоса жүктелді. 
Ақылтайдың еңбек жолындағы жеткен толағай табыстарының шоқтығы биігі 2010 жылы Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі бақылау сот алқасы төрағасының қызметіне сайлануы еді. 
Сөз басында «асыл арман адастырмай­ды» деп бекер айтылған жоқ . 
Республикада қаралған қылмыстық істер бойынша сот тәжірибесінен белгілі бір жүйеге келтіру, қолданыстағы заңдарды дұрыс талдау мен қолдану, жаза тағайындау тәжірбиесін қалыптастыру сияқты мем­лекет пен қоғам үшін қажетті мәселелерді шешу мен ұйымдастыруда алқа төрағасына үлкен міндеттер жүктелетіні белгілі. 
Осы абыройлы да жауапты қызметті Ақылтай Ахметжанұлы үлкен белсен­ділікпен атқарды. Әсіресе, оның заңгерлік қабілеті мен терең білімі 2015 жылдың басынан бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қыл­мыстық процестік, Қыл­мыстық-атқару кодекстерін дайындау және қабылдау ке­зең­дерінде ерекше айқындалды. Парламент мінбесінен ғылыми-теориялық кон­фе­ренцияларда, бұқаралық баспасөз беттеріне айтылған А.Қасымовтың дәйекті пікірлері мен бағалы ұсыныстары маман­дар­дың назарын аударып, қолдауларға ие болды. 
Заң ғылымының Криминалистика деп аталатын саласына қарағанда Цивилистика деп аталатын саласын Ақылтай Ахметжанұлы ерекше ұнатады және осы салада қызықты зерттеулер, талдаулар жүргізумен ұзақ жылдар бойы айналысып келеді. Еліміздің заңгерлер қауымдастығы оны заң ғылымдарының кандидаты, доцент, академиялық профессор ретінде жақсы біледі және бағалайды. 
Бүгінде Ақылтай Ахметжанұлы Рес­публика Жоғарғы сотының судьясы қызметін табысты атқаруда.
Жан дүниесінен от алған, ойы мен мақсаты биік шыңдарға, асқар асуларға жетелеген, балалығын бағамдап, ағалығын олжалап, даналығының шыңына бет алған, өмірінің мәнін ар мен заңға, дәлірек айтсақ, туған халқына қызмет ету деп ұғынған Ақылтай Ахметжанұлы – міне, осындай жан. 
Ерен еңбек елеусіз қалмайды. «Құрмет» орденінің, бірнеше медальдар мен мақтау грамоталарының иегері, Республика­мыздың «Құрметті судьясы» марапаттары оның ұзақ жылғы қажырлы еңбегіне Отан мен халқы берген бағасы деп білеміз. 
Дана халқымыз «жүйрікте де жүйрік бар қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар азаматы бір бөлек» деп өз ұландарына ақ батасын беріп жатады екен. 
Отбасы бақыты өз алдына азаматтың абыройы, мерейі. Сүйікті жар, асыл әке, ардақты ата, балалары мен немерелерінің мақтанышы бола білген Ақылтай Ахмет­жанұлы бүгінде асқаралы 60 жастың биігіне көтеріліп отыр. 
Азаматты көп мадақтаған жараспайды, азаматпен мақтануымыз керек. 
Еліміздің ертеңі, арайлы болашағы үшін еңбек жасап жүрген азаматтардың абы­ройлары арта берсін, қатарлары толсын! 
Бағлан МАҚҰЛБЕКОВ,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы