Негізгі бет  /  мақалалар  /  Басты мәселе – мектепке дейінгі тәрбие

Басты мәселе – мектепке дейінгі тәрбие

Айқын-ақпарат
1177
Басты мәселе – мектепке дейінгі тәрбие «Нұр Отан» партиясы Алматы қаласы Жетісу аудандық филиалының өкілдері «Арман» бастауыш партия ұйымының базасында мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлерімен кездесті.

Кездесу барысында №67, №51, №94 балабақшалардың басшылары мен методис­тері мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мәселесі туралы өздерінің ойларын ортаға сал­ды. Атап айтқанда, қызмет көрсету сапасының жақсартылуы, балабақшалардағы орындардың көбейтілуі сияқты нақты тақырыптар көтерілді.
«Нұр Отан» партиясы Жетісу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ер­лан Әлбисенов бүгінгі күні ауданда 4 679 тәрбиеленушісі бар 21 мемлекеттік 
ба­лабақша, 893 тәрбиеленушісі бар 14 жекеменшік бақша, 265 баланы қамтыған 11 шағын орталықтар қызмет жасайтынын атап өтті.
«Сонымен қатар ауданда «Балапан» бағдарламасы да қарқынды дамып келеді. Бұл бағдарлама аясында мектепке дейінгі тәрбие және оқыту қызметінің бір бөлігі мем­лекет есебінен төленеді. 2016 жылы ауданға 165 314,0 мың теңге көлемінде қаржы бө­лінді, қазіргі уақытта осы бағдарлама негізінде 613 бала тәрбиеленуде» деді 
Е.Әлбисенов.
№94 балабақшаның меңгерушісі Салтанат Құлназарова мектепке дейінгі тәрбие жә­не оқыту екі мақсатты көздейтінін еске салды. Біріншісі – баланы жан-жақты да­мытуға ықпал ету, екіншісі – мектепке әзірлеу.
«Мектепке дейінгі тәрбие барысында мекемелері балаларды үйрету мен оқытудың Жал­пы білім стандарты басшылыққа алынады. Мұнда бекітілген ереже бойынша ұстаз­дың қызметі емес, баланың оқу-үйрену процесіне қатысу белсенділігі ең бірінші на­зарға алынады. Сол себепті дәстүрлі оқытудан гөрі ойын түріндегі дамыту тәжіри­белері­не негізгі басымдық беріледі. Нақтырақ айтсақ, ойын бағдарламасы психо­ло­гиялық элементтермен байытылады» дейді Салтанат Құлназарова.
№51 балабақшаның меңгерушісі Мариям Аюпова өз баяндамасында мектепке дейінгі тәрбие мәселелерінің қыр-сырын ашып көрсететін көрнекі құралдар арқылы балалардың ой-өрісін жетілдіру және тыңдау, есте ұстау қабілеттері арқылы берілген тапсырманы орындау сияқты қасиеттерді дамытуға күш салу қажеттігіне тоқталды.
«Балалармен жұмыс барысында олардың ата-аналарын да жиі қатыстырамыз – әңгіме, ашық сабақ өткізе отырып, балаларды мектепке дайындау сәттерінде кездесетін психологиялық қиындықтарды бірлесе жеңуге жаттықтырамыз» деп түйіндеді сөзін Мариям Аюпова.
Іс-шара барысында айтылған пікірлер мен ақыл-кеңес негізінде балаларды тәрбиелеуге қатысты, олардың денсаулығын уақтылы қадағалап, сақтауға байланысты бірқатар пайдалы нақты ұсыныстар берілді. Сондай-ақ қатысушылардың қойған сауалдарына жауаптар қайтарылды.