Негізгі бет  /  мақалалар  /  АҚШ –тың әскері Шығыс Еуропаға келді

АҚШ –тың әскері Шығыс Еуропаға келді

Айнұр Қазыкенова
485
АҚШ –тың  әскері Шығыс  Еуропаға келді Өткен аптаның соңында Германияның Бремерхафене портына Resolve жүк кемесі АҚШ-тан жүзден аса танк, әскери бронды көліктер, оған қажетті қосалқы заттар жеткізді. Мұның бәрі Шығыс Еуропа елдеріне орналастырмақ.

Осы техникаларды діттеген жерге  жеткізу үшін  900 жүк вагоны  керек екен. Ал, дәл  осындай   әскери   техника  тиген Freedom және Endurance жүк кемелері  жақын күндері  портқа келіп кірмек. Осыншама мол  әскери техника мен  сарбаздарды АҚШ не үшін  Шығыс Еуропаға  жеткізе  бастады? Мұның  себебі  бар. Ең бастысы, Ресей  тарапынан төнетін  қауіп. Соңғы  кездегі  халықаралық  оқиғалардың  тым  шиеленісіп кетуінен  қауіптенген  Ресей,   әскери  жаттығуларды  жиі  өткізіп,   біраз   дивизиясын  батыс  шекараға  қарай жақындатқан. Мұны  НАТО-ға  кіретін  Шығыс  Еуропада  жатқан  елдер «Ресей  әні-міні басып  кіреді»  деп байбалам  көтеріп, АҚШ-тан көмек  сұрады. Бұл  жеткізіліп жатқан  әскери  техникалар  солардың  сұранысы. АҚШ-тан   жеткізілетін 4200 сарбаз, 250  танк, 1700 әскери  түрлі  көліктер,  жүздеген артиллериялық қондырғылар  Румыния, Болгария  және Литваға орналастырылмақ. Алдағы уақытта Балтық жағалауы  елдеріне бұдан тыс тағы да қосымша  әскер  жеткізілмек. Бұл  мәселе  онсыз да Ресей  мен  Солтүстік  альянс арасындағы  текетіресті  одан әрі ушықтырып жіберер хақ. Негізі былтыр  Варшавада  өткен НАТО-ның саммитінде  АҚШ әскерлерін   Шығыс Еуропаға  орналастыру мәселесі  шешілген. Сол шешім  бойынша  АҚШ-тың 3-бронды танк бригадасы ақпан айында  Еуропаға келмек еді.  Бірақ Барак  Обама  шұғыл  түрде әскерді аттандырды. Мұның  да  себебі  бар.  Өйткені 20 қаңтарда Барак  Обаманың орнына келетін  Дональд Трамп  бұл  шешімнен бас  тартуы да мүмкін.  Ресеймен тату   қарым-қатынас ұстауға  тырысып  жүрген  Трамптан мұның бәрін  күтуге болады. Егер де  әскер  одан  бұрын көрсетілген  территорияға  жеткізілсе, кері  қайтаруға  Трамп  тәуекел  ете алмайды. Өйткені НАТО-ның Шығыс  Еуропада  жатқан  біраз елін  өзіне қарсы  қойып алуы  мүмкін. Осының  бәрін  ескерген Барак  Обама  президенттіктен кетіп  бара  жатып, Ресейге қарсы  соңғы  рет   сойылын  сілтеп қалуға  тырысқан секілді.. Ал  бұл  бағытта   Ресейдің не бәрі  3  дивизиясы бар. Ресей қандай қарымта жасамақ?  Сириядағы соғысқа  араласып, онсыз да  әуре-сарсаң күй  кешіп жатқан Ресей үшін, Батыс  шекараға  өзге  жақтан әскер тасу  қосымша шығын әкелмек. Жалпы  НАТО  мен  Ресей  арасындағы  текетірестің арты  немен тынбақ? Белгісіз.