Негізгі бет  /  мақалалар  /  АҚШ бір жылда 7 елге 26 мың бомба тастаған

АҚШ бір жылда 7 елге 26 мың бомба тастаған

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
893
АҚШ бір жылда 7 елге 26 мың бомба тастаған Жылдың аяғы болған соң, әр ел өзінің саясаттағы жетістіктері мен олқылықтарын сөз етеді.

Мысалы, Барак Обама, өзінің 8 жылғы президенттік мерзімі ішінде ең үлкен жеңіс ретінде әлемдегі №1 лаңкес бен Ладеннің өлтірілуі мен Кубамен арадағы қарым-қатынасты жақсартқанын айтты. Бірақ саясатта АҚШ-тай алып елді басқарған «қара бала» Ақ үйдің халықаралық аренадағы кемшілігін көп сөз еткен жоқ. Әйтсе де, сарапшылар «соңғы сегіз жылда Ақ үйдің сыртқы саясаттағы ұстанған бағыты жағдайды шиеленістіріп жіберді» деп айтуда. Басқа емес, америкалық сарапшылар да мұны мойындап отыр. Мәселен, Сыртқы саясат пен ұлттық қауіпсіздік жөніндегі сарапшы Мика Зенконың сөзіне сенсек, әлемде демократия орнату мақсатындағы АҚШ –тың біржақты жүргізген әскери саясатын мақұлдай беруге болмайды. Мына бір дерек, алаңдауға тұратын жағдай және еріксіз назар аудартады. 2016 жылы АҚШ әлемнің 7 еліне 26171 мың бомба тастаған. Бұл көрсеткіш 2015 жылға қарағанда 3027 –ге көп.

Нақты айтар болсақ, АҚШ қай елдерге бомба тастаған? Сыртқы саясат пен ұлттық қауіпсіздік жөніндегі сарапшы Мика Зенко бұл ретте Сирияға - 12192, Иракқа -12095 авиасоққы берілгенін айтады. Ал сонымен қатар, Ауғанстан жеріне - 1337, Ливияға - 496, Йеменге - 34,Сомали мен Пәкістанға  - 3 авиабомба тасталынғанын растап отыр.

Кейбір сарапшылар Мика Зенконың Халықаралық қатынастар жөніндегі кеңестің сайтында жариялаған бұл дерегі төмендетіліп көрсетілуі мүмкін дегенді айтады. Нақты мәліметтер Пәкістан, Йемен, Сомали және Ливияға  ғана қатысты  болып отыр. Ал әскери мамандар авиасоққының аясында бірнеше бомба тасталынуы  ықтимал екендігін жоққа шығармайды. Қалай айтқанда да, Таяу Шығыс елдеріндегі соғыстан халық шаршады, жайлы жер іздеп босып кетті. Еуропаның есігін сығалағандар миллионнан артылып жатыр. Сирия, Ирак пен Ливиядан қашқан босқындарды қабылдаған Еуропа қазір олардан құтыла алмай әлек. Қазір қосымша қордан қаржы бөліп, мигранттарды кері қайтаруға тырысуда.

Бірақ басты әңгіме, дәл қазір Сириядағы соғысты тоқтатуға тіреліп тұрғаны айдан анық. Бұл жөнінде Ливан президентінің әскери көмекшісі Пьер Раффулдің жасаған мәлімдемесінде шындық жатыр.

  • «Менің ойымша, АҚШ сыртқы саясаттағы бетбұрыс табалдырығында тұр. Таяу Шығыстағы ешкімге жеңіс әкелмейтін соғысқа қатысты көзқарас түбегейлі өзгеруі тиіс. Осыған байланысты Ақ үй саясатын қайтадан қарауы қажет, -  дейді Пьер Раффулл.

Ливан президентінің көмекшісі «Таяу Шығыс аймағы мүдделердің қақтығысынан ада болуы қажет. Ол үшін ең алдымен Ресей мен АҚШ тізе қосып, бейбіт халықтың көз жасы үшін соғысты тоқтатуы керек», - деп есептейді.

Сарапшылар  Таяу Шығыстағы өзінің мүддесін жүзеге асыру үшін бірқатар араб елдері арқылы Ақ үй «Ислам мемлекеті» ұйымын құрып, осы аймақтағы тепе-теңдікті бұзғанын айтады. Сондықтан да АҚШ-тағы биліктің ауысуын ұтымды пайдаланып, Ресей мен Түркия және Иран қазір бар мүмкіндікті қарастырып қалуға тырысуда. Сирия дағдарысын реттеуде ресми Астананың ролі алдағы күшейе түспек. Лайым солай болғай. Расында қазіргі уақытта әлемнің бар назары Астанаға ауайын деп тұр.

Бұл жөнінде АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керри де «Сирия дағдарысын шешуде Женева мен Астанаға үлкен үміт артатынын» айтты. Барак Обамамен бірге биліктен кетіп бара жатқан Керри де Сирия мен Иракта сойқан салып жатқан «Ислам мемлекеті» содырларын жоюда Ресейдің ұстанымы табысты болғанын ашық мойындады.

  • Иран мен Ресей және Түркия бұл орайда Сирияның тұрақтылығын бұзып жатқан экстремистердің елді тұтастай басып алуына мүмкіндік бермеді. Бұл дағдарысқа алдағы уақытта нүкте қойылады , - деді Джон Керри.

Қазір ресмми Бағдад пен Анкара Ирак территориясындағы Башик қаласының маңындағы лагерьден әскерлерін әкете бастады. Бұл жөнінде Иранның премьер-министрі Хайдер аль-Абади мәлім етті. Үш ел арасындағы келісілген мәмілеге сәйкес, Ресей де өз  әскерін шектемекші. Әсіресе  бұл ауыр соғыс  техникаларына байланысты болып отыр. Үстінде  ондаған  жойғыш  ұшақтары мен   тікұшақтары  бар  «Адмирал Кузнецов» және атомдық зымырандық крейсер «Петр Великий»  бастаған  кемелер тобы Жерорта  теңізін  тастап,  Ресейге оралуға дайын тұр. Осы  кемелерде  орналасқан  ұшақтар  және алыстан ататын  зымырандар  арқылы лаңкестерге  соққы  берілгені белгілі.

Енді міне бар мәселе жасалған келісімге сәйкес Сирия жерінде соғысып жатқан топтар арасында қақтығысты тоқтатуға қатысты болып тұр. Қазір бұл елде тұрақтылықты барынша сақтау процесі жүріп жатыр.  Бірақ келісім басталса да, соңғы үш күнде 24 рет тыныштықтың бұзылғанын Ресей мен Түркия жағы атап өтті.

Бірақ Сирия дағдарысын реттеу үшін бірнеше рет Мәскеуге келіп қайтқан мемлекеттік хатшы Джон Керри «АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамп Ресеймен бірге түйіннің бар шешімін табады» деген сенімін білдірді. «Ресейдің көп мәселеде әлемге көзқарасы бөлек. Сондықтан Трамп АҚШ мүддесін ескере отырып, ресми Мәскеумен бірге әлемдегі бірқатар саяси проблемаларды шешуге атсалысады» деп өз пікірін білдірді.

Әрине, қазіргі кезде Сирия мәселесін шешуде Ресейдің абыройы артып тұрғаны жасырын емес. Бұл орайда АҚШ-тың қазіргі президенті Барак Обама өз жақтастары демократтарға реніші барын да жасырмады.

  • Өкінішке қарай, біздің елдегі республикалық партияның өкілдері ғана емес, өзіміздің демократтар да Ресей президенті Владимир Путинге сене бастаған сияқты. Біз осыған байланысты АҚШ-тағы көптеген сарапшылардың Ресейге қатысты оң көзқарастағы пікірлерін жиі естіп қалып жүрміз. Бұл дұрыс емес, - деді Барак Обама америкалық телеарнаға берген сұхбатында.

Ал 20 қаңтарда инаугурациядан соң президенттік қызметіне кірісетін Дональд Трамп өзінің Twitter-інде жазған пікірінде «Ресеймен жақсы қатынаста болу жақсы, жаман да емес. Тек ақымақтар мен жындылар ғана бүгінгі «қырғи-қабақ» қатынасты дұрыс деп санайды. Ал біз...» деп жазды. Артынша Twitter-індегі жазуды «Әлемде онсыз да проблема көп. Мен президенттік қызметке кіріскенде Ресей бізді бұрынғыдан да бетер құрметтейтін болады. Сонымен қатар, ғаламдағы проблемаларды бірлесіп шешетін боламыз» деп өз пікірін білдірді.

...Енді Трамптың саясаттағы тұғырының қаншалықты тегеурінді екенін алдағы уақыт көрсетер.