Негізгі бет  /  мақалалар  /  Қонақтар мен туыстарға уақытша тіркеу қажет емес

Қонақтар мен туыстарға уақытша тіркеу қажет емес

Айқын-ақпарат
477
Қонақтар мен туыстарға уақытша тіркеу қажет емес  Азаматтарды тұрақты және уақытша тіркеуге қатысты заңға енгізілген өзгерістерге қатысты ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев түсініктеме берді.

«Тұрып жатқан мекенжайға тіркелу бұрыннан бар талап. Қазақстанда азаматтарды тіркеу институты 1993 жылдан бастап жұмыс істейді. Ол азаматардың еркін жүріп-тұру құқығын шектемейді. Бірақ азамат жаңа мекенжай бойынша тұрып жатса, енді ол туралы ақпарат беруге міндетті», - деді ол.

Ерлан Тұрғымбаев заңға мұндай өзгеріс неліктен енгізілгендігін түсіндірді. Оның айтуынша, бұл елдегі ішкі көші-қонды бақылауға, қалаларда немесе басқа елді мекендерде нақты қанша азаматтың тұрып жатқандығын білу үшін қажет. Осы деректердің негізінде алдағы уақытта жаңа жұмыс орындарын ашу, мектеп және аурухана құрылысын жүргізу, инженерлік-техникалық инфрақұрылымды дамыту сынды әлеуметтік маңызды мәселелер шешімін табады.

Заңға енгізілген өзгеріс негізінде тұрақты тіркеумен қатар «уақытша тіркеуге тұру» түсінігі енгізіліп отыр. Уақытша тіркеуге тұру үшін тұрақты тіркеуден шығудың қажеті жоқ. Яғни сіздің тұрақты тұрып жатқан тіркеуіңіз сақталады. Ал уақытша тіркеу белгілі бір мерзімге ғана рәсімделеді. Ол азаматтың келген жерінде қанша күн тұратынына байланысты. Уақыт өткеннен кейін ол (уақытша тіркеу) автоматты түрде заңды күшін жояды. Уақытша тіркеуден шығу үшін азамат ХҚКО-ға баруға міндетті емес.

«Пәтер иелері жалдаған азаматтарға тіркелуге рұқсат бермейді. Салдарынан пәтерді жалға алушылар тұрып жатқан мекенжай бойынша тіркелгісі келсе де тіркеле алмайды. Осылайша, олар мемлекеттік, медициналық және әлеуметтік қызмет түрлерінен қағылады. Сондықтан азаматтар заңды бұзбау үшін жалған мекенжай бойынша тіркеліп жүр. Бірақ онда олар тұрмайды. Осындай мекенжайда ондаған, тіпті жүздеген азамат бар. Бірақ бұл азаматтардың қайда жүргендігін ешкім білмейді», - дейді вице-министр.

Сондықтан алдағы уақытта мұндай олқылықтар болмау үшін пәтерді жалға берушілер онда тұрып жатқан азаматтарды тіркеуге міндетті. Ал пәтерде тұрып жатқан қонақтар мен туыстарға уақытша тіркеу қажет емес.

«Азамат белгілі аумақта 1 айдан аса уақыт тұрса, ол уақытша мекенжайда тіркелуге міндетті. Бірақ «Тұрғын үй қатынастары» заңы бойынша пәтерде уақытша тұрғандар, яғни пәтер иесі уақытша ақысыз тұруға келісімін берген азаматтарға уақытша тіркелу міндетті емес. Ондай санаттағы азаматтарға туысқандар мен қонақтар жатады», - деп түйіндеді сөзін ішкі істер министрінің орынбасары.

Дәурен ЕРБОЛАТ

БАҚ.кз