Негізгі бет  /  мақалалар  /  Шымкентте ұрлық көбейіп тұр

Шымкентте ұрлық көбейіп тұр

Айқын-ақпарат
989
Шымкентте ұрлық көбейіп тұр Шымкентте су есептегіш құралдар ұрланып жатыр.

Ұрылар қаланың Ворошиловка ауданына қырғидай тиген. Су есептегіш құрылғы көшедегі арнайы жәшікке орнатылған. Осы мүмкіндікті қалт жібергісі келмеген ұрылар бірінен соң бірін түнделетіп әкетіп жүр. Бұл туралы Қазақпарат тілшісіне «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС-нің өкілі Асқар Сәтпаев айтты. Дегенмен, қаланы ауыз сумен қамтамасыз етуші мекеме жәбірленушілерді тіршілік нәрінен қысқан жоқ. Құрылғының жаңасын орнатқанша, әрбір тұрғын үйді ауыз су құбырына қосып берді. «Біз де жәбірленушіміз. Дегенмен, тұрғындарды қыстың көзі қырауда ауыз судан ажыратуға болмайды. Сол себепті, уақытша болса да құбырға қосып беріп жүрміз. Бұл жерде бір мәселе бар. Бір қойылған су өлшеуіш құралын қайта қоюға болмайды. Өйткені әрбір тұтынушының жеке нөмірі мен аты-жөні жалпы электрондық базаға тіркелкен», - дейді серіктестік өкілі. Жалпы, қала бойынша 30-ға жуық абонент қондырғысыз қалған. Әрбір жәшіктен төрт-бес құрылғы ұрланған. Мамандардың болжамынша, ұрланған заттар түсті металл қабылдайтын орындарға сатылып кетуі мүмкін. Әр құрылғыда жарты келі латунь бар. Оның нарықтағы келісінің бағасы 500 теңгеге жуық.  Дегенмен, компания ұрыларды іздеп табу үшін жергілікті тәртіп сақшыларына шағымданған.

Алмас Сұлтан