Мемлекеттілік идеясын бастады

Біз Алашорда үкіметінің мерейтойын айтып отырмыз. Алашорда автономиясы мыңдаған жылдар бойы ұлы даланың төсінде алып империялар құрған, ірі хандықтарды қалыптастырған жұрттың өз мемлекеттілігін қалпына келтіру үшін тепсініп, үзілгенді жалғап, үмітті жандырмақ болған қадамының жемісі.
Мемлекет болғанда да замана көшінен қалмайтын, демократиялы, зайырлы, экономикасы дамыған, білім мен білікке сүйенген, ХХ ғасырдың талаптарына сай келетін ел құрмаққа ұмтылған алаштықтар. Әйтпесе Кенесарыдан кейін де бұқараның өзін басқарар хан іздеген кездері болған-ды тарихта. Бірақ Алашорда көненің ізімен емес, жаңаның жолымен жүргісі келді. Сөйтіп пидагерлік жасады бәрі. Биыл сол Алаш үкіметінің 100 жылдығы.
Негізі, Тәуелсіздік қастерлі ұғым. Оған дауымыз жоқ. Бүгінгімізге шүкір етеміз біз. Дегенмен, ел болып ұйысудың қайнарын Тарғытай дәуіріндегі сақтардан бастасақ, Алашорда үкіметінің құрылуы үш мың жылдық мемлекеттілік тарихымыздағы екі ғасырға созылған алағай-бұлағай заманнан соң қайта түлеген кезіміз болса керек. Бәлкім содан да шығар кейде тәуелсіздік ұғымын қастерлей отырып, «мемлекеттің қалпына келтірілуі» дегенді айтқың келеді де тұрады. Өйткені, хан Кене де, Алашорда да, Шығыс Түркістанда арпалысқан Ер Оспан да хандықты, мемлекетті қалпына келтіруге ұмтылды. Азат өмір сүру үшін өз мемлекетіңнің болғаны, өз басшыңа бағынғаның керек екендігін түйсінді. Сол үшін құрбандық берді. Сол күндерді армандады. Алашорда үкіметінің басшысы Әлихан Бөкейханның: «Біздің іздегеніміз – Алаштың аты бәйгеден келгені. Тірі болсақ, алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар» дейтіні содан.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Алаш арыстары бізге мемлекеттілік идеясын ту етіп көтеруді табыстап кетті. 1991 жылы құрылған Қазақстан Республикасы атты мемлекет – сол арыстардың асыл арманының жүзеге асуы. Біз осы мемлекетті көздің қарашығындай сақтауымыз керек!» дегені бар. Президент Алаш қайраткерлерінің мақсат-мүддесін дөп басып айтты. Бүгінде жүзеге асып жатқан бірқатар шара алаштықтардың арманы болатын. Сол себепті Алаш үкіметінің ғасырлық мерейтойының мәні бөлек болмағы керек.
Әдетте, біз мерейтойларды өткенді еске алып, тарихтағы табыстарымыз бен мүлт кеткен сәттерімізге баға беру үшін атап өтеміз. Мақтанып алатын тұстарымыз да кездеседі. Кейде бұқара жұрттың көңіліндегі атаулы күндер мен ресми статус берілген мерейтойлардың сәйкеспей қалатын тұстары да болады. Халық өз тарихындағы кейбір оқиғаларға мемлекеттік деңгейде баға берілгенін қалайды, ал билік жаһандағы һәм аймақтағы, кейде ел ішіндегі саяси, әлеуметтік жағдайларға қарап өзгеше шешім қабылдайтыны бар. Алашорданың 100 жылдығын тойлау мәселесінде билік пен бұқара бірауызды болатын шығар деп үміттенеміз. Дегенмен, мерейтойдан бөлек Алаш идеясының санамызда жаңғырған тұстарын сөз етпек керек-ау.
Сөздің ашығын айтар болсақ, Алаш идеясын, Алашорда үкіметінің қызметін, Алаш қайраткерлерінің ғұмырын зерттеу тәуелсіздік жылдарында жақсы жолға қойылды. Мемлекеттің бұл іске назар аударғанынан бөлек, қоғамдық негізде де талай жұмыс атқарылды. Алаш арыстарының аталы сөздерін жинап, олар туралы деректі фильмдер түсірген, еңбектерін кітап етіп басқан азаматтар бар арамызда. Жоғарыдан пәрмен күтпей-ақ ХХ ғасырдың басындағы қайраткерлерді ұлтқа танытумен айналысып жүрген зерттеушілер де аз емес. Бәріне «Бәрекелді!» дегің келеді. Әрі Қазақ қоғамында көрініс бере бастаған осы пидагерлік Алаш қайраткерлерінің тағы бір арманының орындалуға жақын қалғандығын, біздің буынның ішінде оларға ұқсаушылардың көбейіп келе жатқанын көрсетеді. Неге дейсіздер ме? Айтайық. Алаш үкіметін құрған, Алаш идеясының төңірегіне топтасқан қайраткерлер де пидагер еді. Ұлт ісі, халықтың қамы жолында қолындағысы мен бойындағысын пида етуден тайынбапты олар. Бас сауғалауға бәрінің мүмкіндігі бола тұра шетелге тек Мұстафа Шоқай кетті. Онда да ағаларының ақ батасымен аттанды. Әйтпесе Әлихан Бөкейхандармен қатар саяси сахнаға шыққан, өз ұлты үшін күрескен башқұрт халқының қайраткерлері Ахмет Заки Уалиди де, Фатхелкадир Сулейманов та, Галимьян Таған да, әзербайжан жұртының жетекшісі Мамед Эмин Расулзаде де, татар ағартушысы Садреддин Максудов та эмиграцияға кеткен. Бәрі саяси күресті шетелдерде жүріп жалғастырғысы келді. Бірақ Алаш қайраткерлері олай жасамады. Саяси күресте қарсыластары басым түскен соң, руханият мен оқу-ағарту салаларына өмірлерін арнады. Оқулық жазды, елдің жағдайын түзетуге атсалысты. Сөйтіп, ұлт үшін қызмет жасаудың айырықша үлгісін көрсетіп, пидагерлік танытты олар. Сөйткен пидагерлік болмысымыз, мәрттігіміз тәуелсіздік жылдарында бізге де қайта орала бастаған тәрізді. Алаш қайраткерлерінің еңбектерін насихаттау үшін, оларды таныту үшін тер төгіп жүргендер, ұлттың жоғын жоқтап, кем-кетігін түгендеуге ұмтылу, тіпті басына қиын іс түскен жандарға жұрт болып көмектесуге ұмтылатын сәттің көбейе бастауы пидагерліктің үлгісі болса керек. Көп азамат оны бейсаналы түрде жасап жүр. Уақыттарын, қаржыларын сарп етіп келеді. Демек, Алаш қайраткерлерін бір тудың астына жинаған рухани күштің біздің жадымызда жаңғыра бастағанын осыдан-ақ көруге болады. Жүз жылдық мерейтойға осындай мінезбен жеткенімізге де шүкір етеміз біз.
Жақында Шахан елді мекенінде апат болып, біраз азаматымыздан айырылдық. Жаңа жылдың алғашқы күнінде мемлекет зардап шеккендерге қолғабыс жасап жатыр. Сонымен бірге, әлеуметтік желілер арқылы бір-біріне хабарласып, керек-жарақ жинап, Шахан тұрғындарына жеткізіп берушілер де көп. Өткен жазда Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында селдің зардабын тартқан қазақтарға да атажұрттан осындай көпшіліктің көмегі барған. Одан бұрын Қарағанды облысында су тасқыны болғанда да қалың қазақ көмекке ұмтылған. Тура ХХ ғасырдың басында саяси көзқарастары үшін түрмеге қамалған Ахмет Байтұрсынұлын, Міржақып Дулатұлын және өзге де қайраткерлерді босатып алу үшін қаржы жинаған қазақтың тірлігі бұл. Әрі қазақтың байырғы болмысы, мінезі бұл. Демек, 90 жылдығы, 95 жылдығы бірқатарымыздың көңілінен шығатындай деңгейде тойланбағанмен Алаш орда үкіметінің қызметі, Алаш идеясы бұқараға кеңінен тарап келе жатыр деген сөз. Рас, біз оны тікелей Алаш идеясы дей алмаспыз. Бірақ Алаш қайраткерлерінің бойында болған, сол заманның қазағынан табылған мінез бізде жаңғырып жатыр. Маңыздысы осы. Болмысымызды өзгертіп, Алаш қайраткерлерінің бірілігі мен табандылығын қабылдай білсек, әлі де талай дүниені түрлендіреріміз анық. Сонда мемлекет те гүлдене түссе керек. Бұл біздің Алаш идеясын бүгінгі өмірімізден іздеген кезде ойға оралған орамдар. Айта берсек, Алаш қайраткерлері армандаған талай шаруа тәуелсіз елде жүзеге асып жатыр. Денсаулық сақтау, білім беру сияқты салаларда табыстарымыз тәуір. Өзге істе де жетістіктер бар. Оған да шүкір етеміз.
Айтпақшы, Алашорда үкіметіне, Алаш әскеріне сол заманның байлары көп көмектесіпті. «Қазақ» газетін қаржыландырғандардың бірі – Мұстафа Оразаев екен. Ондай дәулеттілер көп болыпты сол жылдары. Қазір де бақуатты азаматтарымыз аз емес. Бірақ олардың ХХ ғасырдың басындағы қазақ тәрізді пидагер болмағы керек болып тұр қазір. Сонда ешкімге жалтақтамай Алашорда үкіметінің 100 жылдық тойын тойлап, ұлттың рухын көтерер өзге шаруаларды да өзіміз атқара берер едік. Өзгенің босағасында жүргенде ұлт ісінен қашпаған қазақ буржуазиясының азат елде қалыптасқаны керек бізге. Күтіп жүрміз оларды.