Негізгі бет  /  мақалалар  /  «Қауіпті үйлерден» құтылатын бағдарлама қажет

«Қауіпті үйлерден» құтылатын бағдарлама қажет

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
404
«Қауіпті үйлерден» құтылатын бағдарлама қажет Кейінгі кезде жұртшылық баспана алып қуанғанымен, алаңдайтын жағдайлар аз болмай тұр. Өйткені жаңадан салынған үйлердің өзінен ши шығып жатыр. Бірақ оқиғадан сабақ алу заңдылық қой.

Ескі үйлерде тұрып жатқандардың есі шығып, жаңа баспана алғандардың берекесі кірмей тұруының себебі неде? Жаңа пәтер алғандардың өзі қазір үйдің салынуына күмәнмен қарайды. Соңғы төрт-бес жылды алып қарасақ, қисайған үйлер мен шатыры опырылып түскен баспана жыры әлі бітер емес. Жаңа жылдың алғашқы күні басталмай жатып Шахандағы үйдің шырқы бұзылды. Бұл бүгіннің жыры емес.

Берекесі кеткен «Бесоба»
2012 жылдың 6 сәуіріндегі оқыс­тан болған оқиғаны ел әлі ұмыта қойған жоқ. 
Қарағандының «Бесоба» ықшамауданында екі тұрғын үйдің құлағаны есімізде. «Қаза бол­ғандар мен зардап шеккендер жоқ» деп қоя салуға болар еді, алайда «үйге енді кіреміз» деп отырған бұқараның үміті көкке ұшты. Құлаған үй, көңілі құла­зыған халық алаңдаумен күй кешті. «Бесобада» салынған үй­лердің бәрі де апатты деп таныл­ды. Артынан қираған №7 үйдің тұрғындарына басқа пәтер бе­рілді. Ең алаңдайтын мәселе мынада: «Бесоба» ықшамауда­нының орнына салынатын «Ша­пағат» жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысына Үкіметтің резерв қорынан 1,5 млрд теңге бөлінді. Халықтың салығынан алынған ақша сөйтіп бұқараның игілігіне жұмсалды, «ел далада қалған жоқ» деп өзімізді жұбатуға болар. Бірақ бір салынған үйге мемле­кеттік қордан тағы қосымша ақша жұмсау қажет пе еді? Егер осының барлығы мемлекеттік стандарт бойынша салынып, комиссия қатаң бақылаудан өт­кізіп барып пайдалануға берсе, бұл олқылықтың бірі де орын алмас еді ғой.
Әрине, үйдің қирауына құры­лыс жүргізген компания кінәлі. Осыған қатысты «Бесоба» ық­шамауданында үйлерді қабыл­даған 4 экс-шенеунік сотталды. Артынан амнистияға ілікті. Қала әкімшілігінің қазынасына олар­дан 89,7 млн қаржы өндіру туралы шешім қабылдады. Іс орнына келді, халық кейіннен баспана­сына қоныстанды. Бірақ бізді ойландыратын мәселе мынау: «Бесоба» ықшамауданындағы үйдің құлау себебі – геодезиялық сараптаманың болжамды дерек­тері бойынша жердің жағдайын дұрыс анықтамау және сапасыз құрылыс-жөндеу жұмыстары. Онда неге арнайы геодезист мамандар үйді салатын жерді алдын ала терең зерттемеген? Ақырында бұдан халық зардап шекті, амалдың жоғынан қай­тадан Үкіметтің резервтік қорына қол салуға мәжбүр болдық. 

Алаңдатқан «Алғабас»
Мұндай жағдай биылғы жазда Алматыда да орын алды. Расында, Алматы қаласының тұрғындары «Алғабас-6» ықшамауданынан үй сатып алуға жүрексінеді. Өткен жылдың жазында орын алған оқыс оқиға талай жұртшылықты шошытқаны рас. Қазір бұл жерде 32 сантиметрге қисайған үйдің іргетасын бекіту, айналасын ны­ғайту жұмыстары жүргізіліп жа­тыр. Бұл ықшамаудандағы тұрғын үйлер «Қолжетімді баспана – 2020» мемлекеттік бағдарлама­сымен салынған. «Алғабастағы» үй 2014 жылы тұрғызылды.

2015 жылдың қазанында мемлекеттік бағ­дарлама бойынша пәтер алатын азаматтар оған көшіп барды. 2016 жылдың жазында үй қисайды. Салтанатты жағдайда тапсырылған 72 пәтер қазір бос. Өйткені қауіп-қатерді сейілтуге байланысты онда жедел жұмыстар жүргізілуде. Құрылысты салған «Астана-Құрылыс» компа­ниясы бар жауапкершілікті өз мойнына алды. Мамандар үйдің қисаюын зерттеп, тексеру барысында 12 метр тереңдікте жерасты суы пайда болғанын анықтады. Бұдан шығатын тұжырым не? Қарапайым үй салатын адамның өзі баспана тұрғызарда сол жерді тегістеп, үстемелетіп топырақ үйіп, су сеуіп, ылғалды әбден жерге жіберіп сіңдіріп, оны бірнеше күн нығыздамаушы ма еді! Ал білдей бір ғылыми-зерттеу институтының мамандары «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасын жүзеге асырарда «қолжетімді жер» тапқанына қуанған болар. Негізгі мәселе үй салушыда ғана емес. Мұндай жағдайда сол орынға баспана салуға сенімді түрде кепілдік берген ғылыми-зерттеу-жобалау институтын да жазаға тарту керек қой. Әрине, қай жерге ғимарат тұрғызуға болады, қай орын­ға үй салуға болмайды, олар бәрін зерттеп ба­рып жобасын негіздейді емес пе? Ендеше, са­лынған ғимараттың «отырып қалуына» жоба­лау­шы орган да кінәлі болуы тиіс. Ал біздің жағдайда көбінесе, құрылысты салушылар мен әкімдіктегі қадағалаушы өкіл ғана кінәлі болып шығады. 

Шырайы бұзылған «Шахан»
1 қаңтарда Шахтинск қаласындағы Шахан ауылында кешкі уақытта тұрғын үйдің бір бөлігі опырылып, 9 адам қаза тапқаны белгілі. Олар­дың үшеуі – ер адам, үшеуі – әйел, тағы үшеуі – балалар. Үй-жаны түгел кеткен отбасылар бар. Жараланғандар да аз емес. Жертөледе ор­наласқан дербес жылу қазандығы қысымға шыдамай жарылған. Соның салдарынан көпқабатты үйдің бір бөлігі жермен-жексен болды.
Үйдің құлауынан қаза тапқандардың отбасына миллион теңгеден қаржы бөлінді. Ауруханада жатқан зардап шеккендерге 500 мың теңге берілді. Сонымен қатар әкімдік қаза болғандарды жерлеу рәсімін өз мойнына алды. Бірақ алаңдататыны, біз тосын оқиға орын алған кезде ғана жан-жағымызды тексеріп, ба­қылауға алатынымыз бар. Бұл жолы да сөйттік. Шахан ауылында дербес қазандықтан жылы­тылатын, апатты жағдайда тұрған 18 үй бар екен. 

«Ескі үйлерді сүру» жобасы керек
Жалпы, бізде Президент тапсырмасымен жасалған жақсы бағдарламалар бар. «Мо­ноқалаларды дамытудың 2012-2020 жыл­дарға арналған бағдарламасында» «Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын халықтың оңтайлы санына сәйкес дамыту» туралы арнайы бағыт бар. Бірақ бағдарламаның жасалуы бар да, оны орындау, жүзеге асыру екінші мәселе. Ал оның қалай орындалатыны ең алдымен жергілікті әкімшілікке байланысты. Демек, Шахандағы оқиға жауапсыздық пен бақы­лаудың жоқтығынан орын алып отыр. Басқа ештеңе емес. Бұл – бір. Екіншіден, Қазақстанда қанша қауіпті үйде халық өмір сүріп жатыр? Ол үйде қай уақытқа дейін тұруға болады немесе тұруға болмайды? Ондай статистика жоқ. Осы жерде айта кететін бір жайт, Білім және ғылым министрлігі кезінде жергілікті аймақтық, облыстық әкімшілікпен бірлесе отырып, үш ауысымда жұмыс істейтін, апатты жағдайдағы мектеп пен ауруханалардың тізімін анықтаған. Сол тізімге сәйкес, республика бойынша салы­натын «100 мектеп, 100 аурухана» бағдар­ламасы дүниеге келген. Демек, осыдан шығатын сауал, Қазақстан бойынша апатты жағдайда тұрған үйлердің тізімі бар ма? Олардың саны қанша? Жоқ. Бірақ бұл орайда басқа өңір Алматы қаласынан үлгі алуы тиіс. Алматыда «Ескі үйлерді сүру» атты бағдарлама бар. Қазір қалада сонау Хрущевтың кезінде қамыстан соғылып, «хрущевка» аталып кеткен үйлерді бұзып, орнына жаңадан 5-10 қабатты баспана салу кеңінен өріс алды. Алматы қаласы әкімшілігінің баспасөз қызметінен алған дерекке сенсек, шаһардың шырайын бұзып тұрған, салын­ғанына 50-60 жылдан асқан қамыстан тұрғы­зылған ескі 1047 тұрғын үй бар екен. Қазір қалада екі қабатты ескі үйлердің орнына жаңа­дан зәулім үйлер бой көтеруде. Демек, қай аймақ, өңірге болсын, қауіпті үйлерден құты­латын бағдарлама керек. Сонда ғана апатты жағдайлар аз болады. 


Сарапшы пікірі:

Жұмағұл НУГУЖИНОВ, Қазақстандық көпсалалы жаңарту мен дамыту институтының директоры, техника ғылымдарының докторы, ҚР өңірлік дамыту министрлігінің құрылыс, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық комитетінің ғылыми-үйлестіру орталығының төрағасы, ҚР құрметті құрылысшысы:
– Институт 17 жыл бойы Қазақстан аумағындағы ғимараттар мен құрылыстардың қауіпсіздігіне сараптама-жобалау және зерттеу жұмыстарын жүргізумен айналысады. Жаңадан салынып, бірнеше жылдан кейін құлап қалған үйлердің біразына сараптама жүргіздік. «Бесоба» тұрғын үй кешенін салу кезінде геодезиялық-техникалық жобалау жұмыстары дұрыс жүргізілмеген. ҚР «Құрылыс нормативі» деген құжат бар. Кез келген құрылыс нысаны сол нормативке сүйеніп салынуы тиіс. Ал «Бесоба», т.б. жаңадан бой көтерген үйлердің мерзімінен бұрын сыр беруі – техникалық-жобалау жұмыстарында үй орналасатын жердің геологиялық жағдайының есепке алынбауынан, жұмсалатын шығын мен қолданылатын құрылыс заттарына нақты өлшем жасалмауынан. Әрине, біліктілігі төмен құрылысшыларды да естен шығармау қажет. ҚазКЖДИ мамандарының сараптамасы нәтижесінде республикадағы 1500-ден астам ғимарат пен кәсіпорындарға техникалық сараптама жасап, қайта құрастыру, салу, қалпына келтіру бойынша қорытынды берді. Олардың ішінде «АрселорМитталСтил Теміртау», «Қазақмыс», «ҚазМұнайГаз», «Соколов-Сарыбай кен байыту-өндірістік бірлестігі», «Қостанайасбест», «Астанаэнергосервис», «Павлодарэнергопроект», «Астана-Энергия», «Аксес-Комир» секілді ірі өндірістік және өнеркәсіптік кешендер бар.
ҚазКЖДИ мамандары Астана қаласындағы «Астана-Бәйтерек», «Тәуелсіздік сарайы», «Қазақ елі» монументі, «Қазақстан» орталық концерт залы, «Хан шатыр» СО, «Бейбітшілік және келісім сарайы», «Москва» бизнес орталығы, «Алау» мұз сарайы, «Астана-Арена» жабық стадионы, «Шабыт» шығармашылық орталығы, «Қазмедиа орталығы» телерадиокешенінің құрылысына ғылыми-техникалық сараптама жасап, техникалық жағдайына сараптама жасаған. Институт қызметкерлері республиканың әр түкпірінде болған апаттар мен оның салдарын анықтау мақсатында құрылған комиссияға шақырылып, мемлекеттік нормативті-техникалық сараптама жасап, апаттың шығу себептерін анықтайды.
«Алғабас» тұрғын үй кешені мен Қарағанды қаласындағы «Бесоба» тұрғын үй кешендерін салу кезінде жобалау-сметалық, техникалық құжаттардың сапасыз жасалуы адам өмірін құрбандыққа салып, мемлекет қаржысын қайта шығындауға алып келді. Бұл тенденцияға айнала бастады. Ол үшін мемлекеттік қадағалауды күшейту қажет.

Атамұрат ШАМЕНОВ, экономика ғылымының докторы, профессор: 
– Кейінгі кезде болсын, салынған үйлердің қисайып немесе опырылып құлауында бір-бірімен сабақтасып жатқан үш мәселе бар. Ол – жемқорлық, жауапсыздық және жергілікті әкімшіліктегі мемлекеттік қызметкерлердің бақылауының жоқтығы. Кез келген қаржы талан-таражға түспей, қойылған талап бойынша тиісті жеріне дейін жұмсалуы тиіс. Көп жағдайда комиссия кез келген үйді немесе ғимаратты қатаң бақылаусыз қол қойып, қабылдай салады. Құрылыс салушымен ымыралас болудың керегі жоқ. Жалпы, бақылайтын адамға бақылау қою керек. Жоғарыдан қойылған талапқа сәйкес, қазір бізде бизнесті тексеру азайды. Бірақ бұл талап көп жағдайда бақылаусыздыққа ұласып жатыр. Ақырында одан қарапайым халықтың зардап шегіп жатқаны да ақиқат. Сондықтан жемқорлық, жауапсыздық пен бақылаудың жоқтығының салдарынан осындай оқыс оқиғалар болып жатыр.

Бүгін «Бесоба» мен «Алғабастағы», шырқы бұзылған Шахандағы оқыс оқиғаны қайыра еске алуымыздың сыры осы.