Парламент портфелінде не бар?

Қаңтар айынан бастап көші-қон мәселесіне қатысты азаматтардың тұрғылықты жерінде уақытша тіркелуін міндеттейтін талап іске қосылды. Мұны құзырлы орган өкілдері Алматы мен Ақтөбеде болған терактілерге қарсы қолданылған шара деп түсіндіруде.
Естеріңізде болса, өткен жылдың 22 желтоқсанында «Экстремизм мен терроризмге қарсы тұру мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының бірқатар заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу» жөніндегі заңға қол қойылды. Заңға сәйкес, тұрғын үй иелері немесе үйді жалға беруге өкілетті азаматтар онда тұрып жатқан барлық азаматтарды тіркеуге міндетті. Ішкі істер министрлігінде бұл жаңашылдықты жұртқа түсіндірумен қатар, үкіметте бекітілуі тиіс заңға тәуелді актілерді дайындау жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Сондықтан заң ақпан айынан бастап жүзеге асып, тиісті талапты орындамаған пәтерді жалға берушілер 10 айлық есептік көрсеткіш, ал жалға алушылар 7 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. 2017 жылдың қаңтар айынан бастап 1 АЕК 2269 теңгеге дейін өскенін еске саламыз.
Бүгінгі таңда бұл талап әлеуметтік желілерде қызу талқылануда. Бұл бастаманы сынаушылар көп. Кейбір жалға берушілер бөтен азаматтарды тіркеу арқылы үй-мүлкімізден айырылып қаламыз ба деп те қауіптенеді. Өз кезегінде ІІМ-нің өкілдерінің түсіндіруі бойынша, «Белгілі бір келісімдерге келген кезде, мәселен, жалға беру келісімшартына қол қойылғанда, үй иелері уақытша тіркелушіге мүлікті иелену мен оны пайдалану құқығын береді. Бірақ мұндай құқықтар жалға алушыға мүлікті иемдену құқын бермейді, егер де жалға алу келісімі жылжымайтын мүліктің оған өтуін көздемеген болса».
Жаңа бастамаға байланысты саясаттаншуы Ерлан Қарин де әлеуметтік желіде өз пікірін білдіріп, көпшіліктің қолдауына ие болған еді. Өз жазбасында Стратегиялық зерттеулер институтының директоры: «Бұл жаңашылдық терроризмге қарсы күреске ешқандай да оңтайлы әсер ете алмайды. Себебі, бүгінде бәрін де бірдей бақылау мүмкін емес. 2011-2012 жж, 2016 жылдардағы оқиғалар көрсеткендей, көптеген топтар өз әрекеттерін аз уақыт ішінде жүзеге асырған, сондықтан бұл норма радикалдардың әрекеттерін дер кезінде әшкерелеуге әсер ете алмайды. Азаматтардың тіркелуі мен жүріп-тұруына байланысты жаңа нормалардың орнына, жылжымайтын мүлікті жалдауға байланысты қалыптасқан көлеңкелі нарықты реттеуге назарды көбірек аударумен қатар, учаскелік полиция қызметін жандандыру, ПИК-тің (Пәтер иелері кооперативтері) жұмысын қайта қарау, т.б. қажет. Ең бастысы, бұл нормаларды қарастыру кезінде еңбек миграциясына қатысты кең көлемді мәселелерді де ескеру керек. Себебі, бір жағынан Үкімет еңбек күшінің артып, еңбек ресурстарының бір аймақтан екінші аймаққа ағылуын айтады да, кейін бұл мәлімдемелерге қарсы келетін басымдығы жоғарырақ басқа нормаларды қабылдайды» дейді. Сондай-ақ Ерлан Қарин қоғамда үлкен пікірталас туғызып отырған жағдайға шенеуніктер мен депутаттардың, қоғам белсенділері мен сарапшылардың жауапты екенін алға тартады. Англияда білім алып жатқан журналист Руслан Желдібай өз жазбасында: «Бұл саланың маманы емеспін, бірақ шетелде бір жарым жылға жуық уақыт тұрып жатқаныма байланысты мұндағы тәжірибені жазғым келеді. Әуелі Британияда «прописка жүйесі» мүлде жоқ. Қайда тұрып жатқаныңызды дәлелдеу үшін жалға алу келісімшартын, тіпті коммуналдық қызметтің төлемін көрсетсеңіз де жеткілікті. Кім қайда тұрамын десе өз еркінде» дейді. Жалпы, сарапшылар жаңа норманың тым асығыс-үсігіс қабылданғанына өкініш білдіреді.
Есесіне 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандықтар мен шетел азаматтарына виза беру мәселелеріне байланысты жаңа ережелер жүзеге аса бастады. Осылайша, әлемнің 45 елінен келген азаматтар, атап айтсақ, Монако, Сингапур, Малайзия, БАӘ, т.б. елдердің өкілдері Қазақстан территориясына аяқ басқан күннен бастап елімізде 30 күнге дейін визасыз жүруге мүмкіндік алады. Бұл елдерден бөлек тағы 19 мемлекеттің азаматтары екіжақты келісімдердің арқасында Қазақстан аумағында визасыз жүріп-тұру мүмкіндігіне ие болмақ.
Заңгерлердің айтуынша, биылғы жылдың ең жағымды жаңалығы – сотталғаны немесе сотталмағаны туралы анықтаманың қайта беріле бастауы болмақ. Мамандардың сөзінше, 2014 жылдың 10 шілдесінен бастап бұл құжаттың орнына түрмеде жазасын өтеп шыққан азаматтарға жасалған қылмыстары туралы анықтама беріле бастаған. Өз кезегінде бұл жайт олардың жұмысқа қабылданбауына немесе жұмыстан қуылуына әкеліп соққан. Бас прокуратура азаматтардың шағымдарын ескере отырып, бұған дейін елімізде болған ескі анықтамаларды қайта іске қосты. Биылғы жылдың сәуір айынан бастап азаматтарға сотталғаны немесе сотталмағаны туралы анықтамалар қайтадан беріле бастайды деп күтілуде.
Жалпы, бүгінгі таңда алтыншы шақырылым депутаттары дайындаған 51 заң жобасы Сенат қарауында болса, 32 заң жобасына Президент қол қойып үлгерген. Парламенттің ресми сайтында берілген мәліметтерге сенсек, бүгінде Мәжіліс 28 заң жобасын қарастырып жатыр. Сондай-ақ депутаттар 13 қаңтарға дейін аймақтарда болып, сайлаушылармен кездесуі тиіс. Халыққа мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу барысымен қатар, жаңа заңнамалық талаптар түсіндірілуі тиіс.