Негізгі бет  /  мақалалар  /  Шаңғы акробатикасының шырайын келтірген қыз

Шаңғы акробатикасының шырайын келтірген қыз

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
1224
Шаңғы акробатикасының шырайын келтірген қыз

Қысқы Универсиада-2017 ойындарында шаңғы акробатикасы бойынша ел намысын қорғайтын Қазақстанның фристайлдан құрамасының көшбасшысы  Жанбота Алдабергенова өз сұхбатында алда келе жатқан ойын қарсаңында толқыныс сезімінде жүргені жөнінде және басты қарсыластары жайында әңгімелеп берді.

- Дайындығымыз қызу жүріп жатыр, Шымкентте жаттықтық. Қазір Алматы арқылы Америкаға ұшып кетеміз. Онда Әлем кубогының кезеңдеріне қатысамыз. Жарыс аяқталған соң АҚШ-да бір аптадай жиында боламыз, кейін Универсиадаға қатысу үшін Қазақстанға ораламыз, - деді Жанбота Алдабергенова.

- Алдағы Универсиададан не күтіп отырсыз?

- Қатты толқып жүрмін, өйткені өз елімде өнер көрсететіндіктен, жауапкершілік те көбірек. Оған қоса, Қазақстанда осындай ауқымды ойындарға, қалың жұртшылық алдында тұңғыш рет ойын көрсетпекпін. 2011 жылғы Қысқы Азия ойындарында менде ондай тәжірибе болған жоқ, өйткені шаңғы акробатикасына Азиададан кейін келдім.

-Маусым басталып кетті. Дайындығыңызды қалай бағалайсыз?

- Маусым басталғанда бізде белгілі бір қиындықтар туындады, Финляндиядағы оқу-жаттығу жиындарында толыққанды дайындықтан өте алмадық. Финляндияда жүргенімізде, ауа-райы бір жылып, бір суып, бұрқасын көтерілді, сол себептен кейбір жаттығулар өткізілген жоқ. Сондықтан әлі өзімді сенімді сезініп жүрген жоқпын, алайда Америкадағы Әлем кубогы кезеңдерінде мұны міндетті түрде еңсеремін.

- Универсиадағы басты қарсыластарыңыз кім?

- Қатысушылардың есімдерін әлі білмеймін, дегенмен, басты қарсыласымыз бұрынғысынша Қытай, Ресей және Беларусь атлеттері ғой.

- Универсиада алдында жаңа элементтерді қосасыз ба?

- Мен кейбір жаңа элементтерді жаттығып жүрмін, алайда Универсиада кезінде оларды орындаймын ба, білмеймін. Құлап қалғаннан гөрі, күрделі емес секірістерді таза орындап шыққан дұрысырақ. Сондықтан тексерілген, әбден жаттыққан секірістерге артықшылық беріледі, бірақ Америкадағы Әлем кубогынан кейін ғана оны нақты шешетін боламыз.

- Қалай ойлайсыз, Қазақстанда Қысқы универсиаданың өтуі шаңғы акробатикасы танымалдылығының  артуына әсер ете ме?

- Универсиадан кейін біздің спорт түрі туралы көбірек адам біле бастайды деп үміттенемін. Өйткені «фристайлмен шұғылданамын» дегенде, адамдар «бұл, не, би ме?» деп сұрайды. Сосын түсіндіруге тура келеді. Фристайл бойынша секцияларға келетін балалар саны артса, мысалы, қытайлықтарда секілді жоғары бәсеке болса деймін. Шаңғы акробатикасы фристайл ішіндегі ең қауіптісі саналады. Сондықтан жанкүйерлердің барлығын өз көзімен көруге шақырамын.

«АЙҚЫННЫҢ АНЫҚТАМАСЫ:21 жасар спортшы қыз Жанбота Алдабергенова Әлем кубогы кезеңдерінің фристайлдан жүлдегері, Еуропа кубогының иегері, халықаралық жарыстардың жеңімпазы. 2014 жылы Сочиде өткен қысқы Олимпиадада Жанбота алтыншы орынды иеленген.