Негізгі бет  /  мақалалар  /  Қазақтың 25 сұлтаны араб елін 130 жылдай басқарған

Қазақтың 25 сұлтаны араб елін 130 жылдай басқарған

Айқын-ақпарат
679
Қазақтың 25 сұлтаны араб елін 130 жылдай басқарған Тарих тамырына үңілсек, қазақ даласында кіндік қаны тамып, Мысырға құлдыққа сатылған қандастарымыз жетерлік. Бірақ олардың арасында құлдан қайраткерге дейін көтерілген тұлғалар болды. Иә, оған Сұлтан Бейбарыс айқын мысал.

Бірақ одан бөлек Мысыр даласын басқарған басқа да қыпшақ сұлтандары бар екенін білесіз бе? Сан ғасырдың сырын ішіне бүккен Мысырда көне жәдігерлер жетерлік. 8 ғасырлық тарихы бар мешіттер қаланың басты құндылығы болып есептеледі. Ал шаһарда мұндай мешіттердің саны жүзге жетіп жығылса, оның 10-нан астамы қыпшақ сұлтандырының тікелей бұйрығымен бой көтерген. Қыпшақ даласында кіндігі кесіліп, қысыл-таяң кезеңде құлдыққа сатылып, кейін Мысырды басқарған Сұлтан Бейбарысты білмейтін адам кем де кем. Бірақ Араб сахарасында әмірін жүргізген қыпшақтар Бейбарыспен шектелмейді. Одан кейін билікке Хасан, Қалауын, Қайтпай секілді сұлтандар келді.

Мәселен, 1348-1361 жылдары тақта отырған Сұлтан Хасанға арналып салынған мешіт, әрі медресе. Сәулеті таңдай қақтырады. Бүгінде Каирге келген қай қонақ болмасын мұнда бас сұқпай кетпейді.

Мұстафа Шәким, Сұлтан Хасан мешіт-медресесінің қызметкері:

- Сұлтан Хасан мешіт-медресесі тек Каирде емес, сонымен бірге Ислам әлеміндегі ең үлкен мешіттердің бірі. Ғимараттың ұзындығы - 150 метр. Ал биіктігі 36 метрге жетеді. Мешіт - Мәмлүк сәулет өнері жауһарларының бірі. О баста ол жобаланғанда Исламның төрт мазһабының жеке аумақтары болатындай етіп бөлінген.

Бейбарыстан соң Мысырды ұлдары Берке мен Саламыш басқарды. Одан кейін билікке қайсарлығымен көзге түскен Қалауын келді. Ол 1260 жылы триполи маңындағы крестшілердің қамалын алуда асқан ерлік көрсетіп, ел сеніміне кірген еді. Каирдің қақ ортасындағы Сұлтан Қалауын мешіті бүгінге дейін баяғы бәз қалпында сақталған. Саяхатшы Сапар Ысқақов Мысырдағы құлдан сұлтан болған қыпшақ бабаларымыздың ерлігі мен жүріп өткен жолын өскелең ұрпақ білуі тиіс дейді.

Сапар Ысқақов, саяхатшы:

- Мақтанышпен айтуға болады, біздің бабаларымыз, яғни қыпшақ мәмлүктері үлкен тарихта араб елінің әдебиеті мен мәдениетінде үлкен із қалдырды. Оны біздің жастар білу керек, қадірлеу керек. Мақтанышпен айтып жүру керек.

Тарихи дерекке сүйенсек, қыпшақтан шыққан 25 сұлтан араб елін 130 жылдай басқарған. Бейбарыстан бастап Тұманбайға дейінгі сұлтандар мысыр жерін қызғыштай қорыды. Бірақ ешқайсысы ата жұрты қазақ даласымен байланыс үзген емес. Өткен дәуірдің көзіне айналған Мысырдағы тарихи жерлердің сырына тереңірек үңілетін болсақ, қазаққа қатысты басқа да құнды мәліметтер шығып қалуы ғажап емес.

Хабар 24.kz. Baq.kz