Негізгі бет  /  мақалалар  /  Шүкеновтың әнін тыңдаған мәскеулік қыз қазақ тілін үйреніп жатыр

Шүкеновтың әнін тыңдаған мәскеулік қыз қазақ тілін үйреніп жатыр

Айқын-ақпарат
1031
Шүкеновтың әнін тыңдаған мәскеулік қыз қазақ тілін үйреніп жатыр 18 жастағы мәскеулік, соқырларға арналған мектеп-интернаттың оқушысы Батырхан Шүкеновтың «Отан Ана» әнін тыңдағаннан кейін қазақ тілін үйренуді алдына мақсат етіп қойды, деп жазды "Эврика" газеті.

Өзін «толық соқырмын» деп есептейтін орыс қызы бірнеше жыл бұрын қазақстандық құрдастарымен әлеуметтік желі арқылы сөйлесіп, Қайрат Нұртастың кей әндерінің бірнеше сөйлемін жаттап алып, аударған екен.

«Ол кезде қазақ тіліне қатты қызыға қоймадым. Ал Батырхан Шүкеновтың «Отан Анасын» тыңдағаннан кейін жан дүнием астан-кестен болды, – дейді Вика. – Қандай сезімді бастан кешкенімді сөзбен жеткізе алмаймын. Мүмкін, бұл адамның о дүниелік болғанына жаным қайғырған шығар... Құдіретті ән. Батырхан бұл ән арқылы Отанына деген бар махаббатын жеткізе алды деп ойлаймын. Бұл сезімнің бір ұшқынын мен де сезіндім. Сондықтан қазақшаны шындап үйренуге кірістім».

Мәскеулік қыз қазақ тілін soyle.kz-те үйренуді бастапты, алайда сайт көп ұзамай зағип жандар үшін қолжетімсіз болып қалған. «Жаңа толқын» курсы да жанары суалған жандарға қолайсыз болып шығыпты. Содан Виктория әлеуметтік желі арқылы тіл үйрететін адам іздеп, оны Ақтөбеден тапқан екен.

Қазір оқушы қыз өзі жайлы қазақ тілінде айтып бере алады. Алайда ол еркін сөйлеп, әндерді аударып, фильмдерді тамашалауды армандайды.

«Ертегі кейіпкері Алдар көсені білемін, Қыз Жібек жайлы фильмді тамашаладым. Әміре Қашаубаев, Шәмші Қалдаяқовтың әндерін, қазіргі эстрада әншілерін тыңдадым. Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқыдым. Маған ұнады. Тіпті толық түсінбесем де. Ұлттың үні ұнайды. Шығыстың лебі еседі», - деп атап өтті Виктория Андреева.

Виктория қазақ тілінде ән шырқауды ұнататынын айтады.

«Әуелгіде жай тыңдап жүретінмін, кейін «өзім неге айтып көрмеймін?» деген ой келді. Әнді ұзақ таңдадым, қазір жаздырып қойдым. Мүмкін әнші болып кетермін», - деп армандайды ол.

Мәскеулік қыз Ақбота Керімбекова, Ерке Есмахан, Қарақат Әбілдина, Батырхан Шүкенов, "Melo Men", "Заман", "Жігіттер", "Арнау" топтары, Димаш Құдайберген және өзге де Қазақстанның эстрада әншілерін тыңдайды екен.

Виктория мүмкіндік болса Қазақстанға көшіп келіп, сүйікті тілінде сөйлесіп, ет асып жегісі келетінін де жасырмады.

Baq.kz