Негізгі бет  /  мақалалар  /  Қираған үйде қаза тапқандармен қоштасты

Қираған үйде қаза тапқандармен қоштасты

Айқын-ақпарат
544
Қираған үйде қаза тапқандармен қоштасты  Қарағанды облысында бүгін Шахандағы тұрғын үйдің бір бөлігі қирағанда көз жұмған алты адамды жерлеу рәсімі өтті.

Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков жерлеу рәсіміне қатысып, қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты. «Бұл орны толмас қайғы. Сіздердің қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамыз», - деді өңір басшысы. Валерия Михайлова Абай ауданының Сарепті кентінде жерледі. 60 жастағы қария Шаханда отбасымен тұрып, жеке компанияда дәнекерлеуші болып жұмыс жасады. Артына жұбайы мен ересек екі ұлы қалды. «Әкем бөлек өмір сүрді. Қайғылы жағдай туралы келесі күні естідік. Осындай қайғыға тап боламыз деп ойламадық», - деді марқұмның ұлы. Шаханда Виталий, Ольга мен Евангелина Андроповтармен, Василий мен Артур Галышевтармен қоштасты. Жергілікті шіркеуде жоқтау рәсімі түннен бері өтуде. Шаханның барлық ересектері, кейбіреулер балаларымен қоштасуға келді. 35 жастағы Виталий Андропов «Тентек» шахтасында жұмыс жасады. Соңғы сапарға аттандыруға әріптестері келді.   28 жастағы Ольга Андропова бала күтімі демалысы кезінде қызына қараған. Кішкентай Евангелина небәрі 8 айлық болған. Андроповтар отбасының үйлері қирағанда 7 жасар қызы Полина аман қалды. Ол туыс ағасы екеуі жарылыс айналып өткен бөлмеде болған. Галышевтер отбасы 56 жасар Василий Иванович есімді отағасынан және алты жасар немересі Артурдан айырылды. Бүлдіршін мерекеге орай атасы мен әжесінің үйіне қыдырып келген. Қираған тұрғын үйдің астынан құтқарушылар 32 жастағы Александр Галышевты, қаза болған кісінің ұлын құтқарды. Ер адам 10 сағат бойы үйіндінің астында жатып, зақым алды және қол-аяғы үсік шалды. Оны ауруханаға жеткізді. Қазір ол  Макажанов атындағы клиникада ем қабылдауда.  Еске сала кетейік, 1 қаңтар күні 22:40-та Қарағанды облысы ТЖД құтқару бөліміне Шахтинск қаласы Шахан ауылындағы көпқабатты үйдің бір бөлігі опырылып түскені туралы қоңырау шалынған. Оқиға орнына шұғыл түрде ТЖД құтқарушылары жөнелтіліп, тұрғындар эвакуацияланды. Үйінділерді тазартуға 280 адам жұмылдырылған, олардың қатарында құтқарушылар, полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар, жедел медициналық жәрдем бригадасы, Ұлттық ұланның 52859 әскери бөлімінің ауыр техникасы және жеке кәсіпкерлер бар. Бұл көпқабатты үйде 118 тұрғын мекендеген, ал ТЖ орын алған кезде құлаған бөлікте шамамен 30 адам болған. Бұған дейін хабарланғандай, үйінді астынан 9 көз жұмған адамның денесі аршып алынды. Оның үшеуі ер адам, үшеуі әйел, үшеуі бала. Баланың біреуі 2016 жылғы, екіншісі 2010 жылғы.   Құлаған көпқабатты үйдің зардап шеккен және құрбан болған тұрғындарына облыс әкімдігі материалдық көмек көрсетеді. Мерт болған отбасының әрбір мүшесіне 1 миллион теңге материалдық көмек көрсетіледі. Ауруханада жатқан, зардап шеккендер үшін 500 мың теңгеден төленеді. Әкімдік қайтыс болғандарды жерлеу мен ас беру шығындарын өз мойындарына алады. Бұған қоса тиісті заңнамаға сәйкес, арнайы комиссия жұмысының шешімімен келтірілген шығын бюджеттен төленеді.


 inform.kz