Негізгі бет  /  мақалалар  /  Әлем елдері жаңа жылды қалай қарсы алды?

Әлем елдері жаңа жылды қалай қарсы алды?

Айқын-ақпарат
731
Әлем елдері жаңа жылды қалай қарсы алды? Әлем елдері жаңа 2017 жылды сән-салтанатымен қарсы алды. Барлық шаралар әдеттегідей мерекелік иллюминация мен отшашуға толы болды. Сондай-ақ қауіпсіздік қамы да пысықталған.

Австралия жаңа жылды бар сән-салтанатымен қарсы алды. Сидней айлағындағы дәстүрлі пиротехникалық шоуды тамашалау үшін бір жарым миллионға жуық адам жиналған. Бұл жолы 2016 жылы дүниеден озған атақты әнші Принсті еске алу құрметіне орай қызылкүрең түсті отшашу атылды.

Франциядағы Елисей алаңында жарық эффектілері мол музыкалық пиротехникалық шоу көпшілікті таңдай қақтырды. Өткен жылы Париждегі шабуылдардан кейін билік мұндай сауық түрінен уақытша бас тартқан еді. Бұл жолы мерекекелік шаралар негізінен қоршаған ортаны қорғау спорт тақырыптарына арналды. Осы ретте шоу кезінде былтыр Францияда футболдан өткен Еуропа чемпионатына қатысты бейнедеректер көрсетілген.

Ал Мысырдағы басты жаңа жылдық шаралар Гиза пирамидалары төңірегінде ұйымдастырылған. Мұнда көне жәдігерлер жанында түрлі-түсті отшашу атылды.

Ең ірі мерекелік шара әрине жылдағыдай Нью-Йорктің Таймс-Сквер алаңында өтті. Оны тамашалау үшін миллионға жуық адам жиылған. Көпшілік алдында америкалық Мэрайя Кэри мен Латын Американың әншісі Глория Эстефан өз өнерлерін көрсетті. Мерекелік шаралар кезінде қалада тәртіпті 7 мыңға жуық полицей қамтамасыз етті. Қауіпсіздікті сондай-ақ жақын маңдағы ғимарат шатырларынан мергендер қадағалап отырса, көктен тікұшақтар бақылаған.

 

24.kz