Негізгі бет  /  мақалалар  /  2017 жыл: әлемді не күтіп тұр?

2017 жыл: әлемді не күтіп тұр?

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
947
2017 жыл: әлемді не күтіп тұр? Табиғатында тыным таппайтын тұрақсыз тауық биылғы жылы тұрақтылықты қамтамасыз ете ала ма? Саясатпен бас ауыртатын кейбіреулердің көкейіндегі сауал осы.

Бірақ ақиқаты, 2017 жыл әлемдік саясатта бетбұрыс кезеңінің басы болатынын сарапшылар да қазірден айтып жатыр. Мұның себебі де бар. Өйткені әлемдік саясаткерлердің болжамын күл-талқан етіп, саяси сахнаға кенеттен шыққан Дональд Трампт 20 қаңтарда президенттік қызметке кіріседі. Демек, «қырғи қабақ» соғыстан шаршаған ғалам енді жылымық ауа райын күтіп отырғаны да белгілі нәрсе. Мұны бір десек, тауық жылы тағы да Еуропадағы дамыған бірқатар елдердің басында ауыс-түйіс болады. Біраз елдердің үкіметбасы мен президенттері ауысады. Франция жаңа президентін сайлайды. Германия бундестагында сайлау өтеді, оның қорытындысы бойынша канцлер сайланады. Италия мен Голландияда үкімет жасақталады. Сонымен қатар, Иран, Қытай, Оңтүстік Корея мен Қырғызстан халқы президентке дауыс береді. Австрия мен АҚШ-та  мемлекет басшылары жаңадан қызметіне кіріседі. 
Әңгімені алдымен Голландиядан бастасақ.  Бұл елде тартыс қазіргі үкімет басшысы Марк Рютте мен «Бостандық» партиясының басшысы Герт Вилдерс арасында өрбитіні қазірден бастап айқындала бастады. Мәселе мынада: қазіргі үкімет басшысы қайтадан орнына келуі де мүмкін. Бірақ сарапшылар Оңшыл партияның басшысы Герт Вилдерстің күтпеген жерден жеңіске жету ықтималдығын жоққа шығармайды. Өйткені америкалық президенттік сайлау талай елдің саясаттағы тұлғаларын атқа мінгізіп үлгерді. Герт Вилдерске де сарапшылар «голландиялық Трамп» деп ат қойып үлгерді. Мұны саясаткердің өзі де жоққа шығармайды, «АҚШ-тағы Трамп маған шабыт берді»,-  дейді ол. Әлем қазір ғаламдық жаһанданудың қатерін барынша айқын сезініп келеді, сондықтан ұрандатқан ұлтжандылықтың бәсі биік тұр. Дұрыс та шығар, жаһандануға ұлттық идеология арқылы ғана қарсы тұру қажеттігін еуропалықтардың өздері де мойындай бастады. «Голландық Трамп» та осыны айтып отыр. Оның тұғырнамасында «трамптық көзқарас» жатыр. «Ең бірінші ол Еуропаны мұсылмандандыруға қарсы. Сондай-ақ екінші нәрсе, Голландия референдум арқылы ЕуроОдақ ұйымынан шығуы керек. Елде Құран оқуға тыйым салынғаны дұрыс. Мешіттерді көп салудың қажеті шамалы. Орамал тағып, оранып жүрген мұсылмандар ел қазынасына салық төлегені жөн. Мигранттар елдің маңайынан жүрмеуі қажет».
Сыңаржақтау бұл ұран көпшілікке ұнамауы хақ. Бірақ жергілікті халық пен Нидерландының байырғы тұрғындарына мұндай позиция ұнайды. Саясаттың қалай аунап, құбылып түсетінін алдағы уақыт көрсетер, ең соңғы шешімді халық шешеді. Бірақ еуропалық ұйымға мүше елдерге жақпай отырған бір нәрсе бар: Ол «голландық Трамп» егер мемлекет басына келе қалса, көп уақыт өткізбей Нидерландының ЕуроОдақтан шығу мәселесін көтеретіндігі. Британияның бұл ұйымнан шығуы бірқатар елдерге ой тастағаны да жасырын емес. Сондықтан сарапшылардың Голландиядағы сайлауға ерекше назар аударып отырғанының сыры да осы. 
Жарайды, Голландияны «саясатта салмағы жоқ ел» деп тұжырым жасауымыз да бек мүмкін. Бірақ Еуропа құрлығын Германиясыз елестете алу мүмкін емес. 2013 жылдан бері парламентті коалициялық одақ құрған үш саяси күш ұстап отыр. Олар: Христиандық-әлеуметтік одақ, Христиандық -Демократиялық одақ және Социалистік - демократиялық партия. Аталған үш партия бундестагтағы 630 орынның 504 - не ие. Қалған орындар «Солшылдар» мен «Одақ 90/Жасылдар» партиясының еншісінде. Сонымен қатар, кейінгі кезде елде «Германияға балама ұйым» партиясы ерекше күш алып келеді. Басқаларға қарағанда, олардың тұғырнамасы ерекше, олар «миграция саясатын қатаңдату керек» деп санайды, мектепте хиджаб киюге қарсы. Осыдан үш жыл бұрын олар бес пайыздық межеден өте алмаса, соңғы жылдары партияның рейтингі өсті. 2016 жылы бірқатар елдімекендегі жергілікті сайлауда 21 пайыз дауыс алды. 
Бірақ сарапшылар бундестагтағы басым дауысты алып отырған  үш партияның атынан сайлауға түсетін Ангела Меркельдің басқалардан бәсі жоғары деп санайды. Өз кезегінде Меркель миграция мәселесінің көп ұзамай шешілетініне уәде берді. Бірақ елде Ангела Меркельді сынайтындар да жеткілікті. «Ол Германияның бүкіл сыртқы саясатын Ресейге қарсы бағыттап қойды. Мұны жан-жақты қарау керек. Ресми Бонн АҚШ-қа тәуелді, онсыз саясатын жүргізе алмайды». Алайда бұл саяси сын қарсыластарына қаншалықты ұпай әпереді, оны уақыт көрсетеді. Бірақ анығы, Германияда қазіргі уақытта Ангела Меркельге тайталаса алатын лайықты қарсылас табылмай тұр. 
Германияда сайлау тамыз айында өтетіндігін ескерсек, ал «Бесінші Республика» аталып кеткен Франция осымен президентін 11-рет сайлайын деп отыр. 23 сәуір мен 7 мамыр аралығында өтетін сайлауға қазіргі президент Франсуа Олланд қатыспайтынын мәлімдеді. Сайлау додасы бүгінгі премьер-министр мен Фийон Франсуа мен «Ұлттық майдан» оңшыл партиясының лидері Марин Ле Пен арасында өтпек. Сарапшылар «қазіргі премьердің рейтингі жоғары, сондықтан президенттік сайлауда ол 50 пайыздан жоғары дауыс алады» дегенді айтуда. Дегенмен, Марин Ле Пеннің сайлауалды ұраны бөлектеу болып тұр. «Франция НАТО ұйымынан шығуы керек. Еуропа Кремльдің саясатынан қорқуының қажеті жоқ. Ресеймен «қырғи қабақ» болудың керегі шамалы. Мәскеумен келіссөз столына отырып, еркін сөйлескен жөн, сонда ғана ынтымақтастық дамиды» дейді ол. Марин Ле Пен Ресейге қарсы санкцияны алып тастау керек, бұл біздің көпғасырлық тарихы бар дәстүрімізді бұзады» деп санайды. Дәл қазір Ле Пеннің ұстанып отырғаны саясаты көптеген еуропалық елдің басшыларына ұнамағанымен, бұл көзқарасты көптеген француздар қолдайды. Бірқатар француздық саясаткерлер «егер билік басына Марин Ле Пен келсе, елдің ішкі және сыртқы саясатында күрт өзгерістер орын алады және Еуропаның бірқатар елдерінде түбегейлі бетбұрыс болады» деген пікірде. Ресеймен ынтымақтастықты қалайтын саясаткер әйел шындығында да қазіргі уақытта саясаттағы «француздың Тэтчері» іспетті тұлға болып отыр. 
Болашақта Германия мен Франция мемлекетінде билік басына кім келеді, сыртқы саясат та соған байланысты құбылатыны ақиқат. 
Сондай-ақ кез келген мәселеге өз ұстанымы бар Иранды да сыртқы саясаттан тысқары қалдыруға болмайды. Үстіміздегі жылдың мамыр айында Иранда президенттік сайлау өтпек. Басты кандидат ретінде қазіргі президент Хасан Роуханидің есімі аталады. 2013 жылғы сайлауда күтпеген жерден  халықтың 18 миллион дауысын алған кандидат бұл сайлауда да жеңіп шығатынына сенімді. Оның үстіне қазіргі уақытта Ресей, Түркиямен бірге Сирия дағдарысын шешуде Иран негізгі ойыншыға айналып отыр. 
Сонымен қатар, биылғы жылы Қырғыстан мен Италияда да президенттік сайлау өтпек. Халықаралық саясатта соншалықты орны бола қоймаса да, Италиядағы сайлауға мән беріп жатқандар баршылық. Өйткені Италиядағы сайлауға өз кандидатын ұсынып жатқан оңшылдар «елдің ЕуроОдақтан шыққаны дұрыс, Ресейге қатысты санкцияны алып тастау керек» деген бастама көтеруде. 
Ал Қырғызстандағы президенттік сайлау елге орасан зор өзгеріс әкеледі дегенге сену қиын. Сарапшылар президенттікке  басты кандидат ретінде 2011-2012 жылдары премьер-министр болған кәсіпкер «Республика» фракциясының басшысы Өмірбек Бабановтың есімін атайды. Оған тайталаса алатын тұлға бар ма? Бұл ретте 2005 жылдары елде «түрлі-түсті төңкерісті» ұйымдастырушылардың бірі болған, «Ата-Мекен» партиясының лидері, билікке оппозицияда жүрген Өмірбек Текебаев бар. Оның үстіне 2015 жылы ол елдің мемлекеттік құрылымын өзгерту туралы парламентте ұсыныс тастаған. Бұл бастама өтпей қалса да, оның «президенттік басқару мерзімі 5 жылдан аспау керек» деген бастамасы халықтың көкейінен шықты. Соңғы он жылда бірнеше рет мемлекеттік төңкерісті бастан кешкен Қырғызстан бұл жолы президентін бейбіт жағдайда сайлайды деген үміт бар. 
Ал Оңтүстік Кореядағы президенттік сайлау ең алдымен кәріс халқы үшін маңызды болып отыр. Өйткені бірнеше айдан бері Сеул алаңдарында халық наразылығы күшейді.  Оңтүстік Кореяның Ұлттық ассамблеясы қазіргі президент Пак Кын Хе ханымға импичмент жариялады.  Жағдайды тұрақтандыру үшін БҰҰ-ның Бас хатшасы Пан Ги Мун елге оралатынын мәлім етті. Демек ол президенттік сайлауға түседі деген сөз. 
Украина үшін де 2017 жылдың мәні бөлек болуы тиіс. Кейбір деректерге қарағанда, қазір Петр Порошенко 20 қаңтардан кейін президенттік қызметіне кірісетін Дональд Трамппен ақпан айында АҚШ-та кездесудің жолын қарастырып жатқанға ұқсайды. Ресеймен қарым-қатынасты барынша жақсартуға ниеттеніп отырған ресми Вашингтон бұл орайда Украинаның позициясын қалай қуаттайды? Ресей мен Украинаның арасындағы жағдайды қалай реттейді? Бұл да көптің күтіп отырған өзекті мәселесі. 
Ал 2017 - тауық жылындағы ғаламдық саясаттың ең үлкен тұрақтылық нүктесі ресми Астана болайын деп тұр. Алдағы айларда бастама  жүзеге асып жатса, әлем назары Астанаға ауады. Қазір  қазақ елі Сирия дағдарысын шешуге қызу дайындалып жатыр. Геосаяси кеңістікте салмақты және конвекторлы саясат ұстанатын Қазақстан Астана төріндегі диалог алаңында сан қырлы геосаяси мүдде арпалысып, астасып жатқан Сириядағы соғысты тоқтата ала ма? 
...Тауық жылы саясаттағы тұрақтылық жылы болғай!