Негізгі бет  /  мақалалар  /  Лаңкестің суреті жарияланды

Лаңкестің суреті жарияланды

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ
1342
Лаңкестің суреті жарияланды Ыстанбұл қаласы Ортакей ауданындағы Reina түнгі клубында лаңкестік шабуыл жасаған қылмыскердің суреті жарияланды.

Құзырлы орындардың хабарлауынша, полиция қызметкерлері маңайдағы барлық бейнебақылау жазбаларын тексеріп шыққан. Нәтижесінде күдіктінің бет бейнесі анықталып отыр. Алайда  www.ntv.com.tr сайтының мәліметінше, лаңкестің аты-жөні, қай елдің азаматы екені әлі белгісіз.
Түркия Премьер-министрі Бинәлі Йылдырым осыған дейін "лаңкестер Аяз ата киімінде болған" деген ақпаратты теріске шығарған болатын. Сондай-ақ қылмыскердің екі-үшеу емес, жалғыз болғанын ресми мәлімдеген еді. Қазіргі сәтте тиісті құрылымдар  барлық ақпаратты жіті тексеру үстінде, толық мәлімет кейінірек жарияланатын болады.
Түркия үкіметі әлеуметтік желіні қолданушыларға жалған ақпарат таратпауға, қылмыскерді жақтап пікір жазбауға және теріс діни ағымдағы ұйымдарға алданып қалмауға кеңес берді. Халықтың бірлігін ыдыратып, араздық тудыруға шақыратын барлық желілер мен хабарламаларды тексеру басталғанын да жеткізді.

Түркия вице-премьері  Нуман Куртулмуш өз кезегінде "лаңкестер 2017 жылдың алғашқы сағаттарында бой көрсетіп, биылғы жылы да қарап отырмайтынын жеткізді. Олар біздің еліміздің жетістіктерін мойындағысы келмейді, жарасымды ынтымағымызға селкеу түсіруді көздейді. Біз лаңкестермен түбегейлі күресе отырып, тізе бүктіреміз" деп атап өтті.
Естеріңізге сала кетсек, лаңкестік шабуыл салдарынан 39 адам қайтыс болып, 65 адам жарақат алды.