Негізгі бет  /  мақалалар  /  Трамптың мәлімдемесі тығырыққа тірей ме?

Трамптың мәлімдемесі тығырыққа тірей ме?

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
878
Трамптың мәлімдемесі  тығырыққа тірей ме? Келер аптада жаңадан сайланған АҚШ президенті көптен бері Америка баспасөзі мен интернет сайттарында жиі сөз болып келе жатқан «ресейлік кибершабуылға» қатысты мәлімдеме жасайтынын айтты.

Өйткені, «кибершабуылға қатысты басқаларға белгісіз мәселелерді ол өте жақсы біледі». 
«Мен хакерлердің іс-әрекеті  туралы толыққанды хабардармын. Демократтардың кибершабуылға қатысты Ресей тарапын кінәлауының ақ-қарасын уақыт көрсетер, бірақ бұл жерде әрекет басқа жақтан шығып отырған сияқты», - деді Дональд Трамп. 
Hill басылымының хабарлауына қарағанда, Трамп кибершабуылға қатысты мәлімдемені келер аптада жасамақ. Осыған байланысты Американың арнайы қызмет органдарының өкілдерімен кездеспек. 
Кибершабуылға қатысты пікірін ең алдымен Трамп Twitter-де жарияламақ. Жаңа президенттің бұл әрекетіне қатысты америкалық қоғамда пікір де екіге жарылып отыр. Біреулер «саяси мәлімдемелерді әлеуметтік желіде жариялаудың қажеті шамалы» десе, екіншілері мұны «халықпен тікелей тілдесу» деп жақтап отыр. Бұған қатысты Трамптың жаңадан тағайындалған  баспасөз хатшысы Шон Спайсер «президент инаугурациядан кейін де саяси пікірлерін әлеуметтік желі арқылы жария ететін болады» деп ашығын айтты. 
Спайсердің айтуынша, «қазіргі уақытта Трамптың Twitter-дегі пікірлерінің нәтижесі үлкен. Ол үшін баспасөзді пайдалану керек емес. Бұл халықпен тікелей тілдесу болып табылады. Сондықтан одан шошынудың қажеті жоқ. Сонымен қатар, Трамп алдағы уақытта Ақ үй үшін тұрақты болып табылатын брифинг өткізуді де жоққа шығармайды. Бірқатар мәлімдемелер Twitter арқылы да жасалына береді».
Қазіргі уақытта жаңа президенттің аккаутында 45 миллион оқырман бар. Бұл үлкен көрсеткіш.
Шон Спайсер сонымен қатар, Ресейге қатысты ұстанып отырған америкалық саясатты өзгерту керек деп санайды. 
-Ресейдің 35 дипломатын 72 сағаттың ішінде еліне қайтару түсініксіз саясат және бұл қолдан жасалынып отыр. Ал 2015 жылы Қытай хакерлері АҚШ әкімшілігінің жоспарлау-әкімшілік басқармасының жүйесіне шабуыл жасап, америкалық 4 мың адамның құжатын қолды қылғанда, Ақ үй оларға қарсы қандай да бір шара қолданған жоқ. Сондықтан АҚШ-тың қазіргі президенті ұстанып отырған саясатты біз қолдамаймыз, - деді Шон Спайсер. 
Алайда Трамптың жаңадан сайланған баспасөз хатшысының бұл пікіріне конгресмендердің  біразы қарсы. Мысалы, конгрестегі Демократиялық партияның бірқатар өкілдері «Ресейге қарсы санкцияны әлі де қатаңдату керек. Егер алдағы уақытта Трамп  санкцияны алып тастайтындай  әрекетке барса, біз оған қарсы шаралар қолданамыз» деп отыр. Тіпті сенатор, конгрестегі Республикалық партияның өкілі Джон Маккейннің өзі Трамптың бірқатар мәлімдемелерін қолдамайды. 
Соған қарағанда, 20 қаңтарда өтетін ұлықтау рәсімінен кейін жаңадан сайланған Дональд Трамптың саясаты  біраз кедергілерге кездесетіні анық.