Негізгі бет  /  мақалалар  /  Жаңа жыл күнгі жағымсыз жаңалықтар

Жаңа жыл күнгі жағымсыз жаңалықтар

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
5113
Жаңа жыл күнгі жағымсыз жаңалықтар 2017 жылға аяқ басқан Жаңа жыл жұртшылыққа жақсылығымен қатар, жамандығын да ала келгенін жасыра алмаймыз.

Айдың алғашқы күні басталмай жатып, Түркияда жарылыс болды. Reina түнгі клубында Жаңа жыл түні Аяз атаның киімін киген белгісіз біреу 700-800 адам жиналған клубта мейрамды тойлап жатқан жандарға оқ атты. Соның салдарынан 39 адам қайтыс болып, 70-ке жуық адам жараланды. 
Anadolu агенттігінің хабарына қарағанда, қайтыс болғандар мен жараланғандардың арасында Сауд Аравия, Ливан, Морокко, Ливия мен Бельгияның азаматтары бар. Оқыстан оққа ұшқандардың жартысына жуығы шетелдіктер болып шықты. 

* * *
Сондай-ақ Жаңа жыл түні Ыстамбұл мешітіне еркін енген белгісіз бір адам оқ атып, соның салдарынан екі адам жарақат алды. Полиция қазіргі таңда қылмыскерді ұстау үшін барлық амал – шараларды жүзеге асыру үстінде. 

* * *
Бразилияның оңтүстік шығысындағы Кампинас қаласында Жаңа жылды тойлау кезінде бір ер кісі үйге баса көктеп кіріп, оқ атқан. Бұрынғы әйелі мен оның туысқандары мейрамды атап өтіп жатқан сәтте «күйеу баланың» оқыстан атқан оғынан отбасының ондаған мүшесі қайтыс болған. Associated Press басылымының жазуына қарағанда, қылмыскер артынан өз-өзін атып, ол да о дүниелік болған.  

* * *
31 желтоқсан күні түнгі сағат 12-ге жақандаған сәтте княз Дмитрий Романов қайтыс болды. Өткен ғасырдың басында Ресейде патша тақтан құлатылып, қудалау мен қысым көрсету басталған шақта оның ата-бабасы эмиграцияға кеткен. Дмитрий Романов император Николая I-дің шөбересі болып табылады. 
Өмірінің соңғы жылдарында  Данияда тұрған ол Романов атындағы арнайы қор құрып,  Ресейдегі ауруханалар мен балалар үйіне қайырымдылық жасаумен айналысқан. 

* * *
Лондон қаласында Жаңа жыл күнгі кеште елдің қауіпсіздік  және құқық қорғау органы өкілдері мен полиция қызметкерлері үлкен қауіптің алдын алды. 
Ұлыбританияның қауіпсіздік қызметінің хабарлауынша, «Ислам мемлекеті» ұйымының содырлары жұртшылық шоғырланған жерлерде химиялық шабуыл жасамақ болған.

* * *
Жаңа жыл жақандаған сәтте Индонезияның жағалауында кетіп бара жатқан кемедан өрт шықты. Төтенше оқиғаның салдарынан 10 адам жарақат алып, 23 адам қайтыс болған. Қазіргі таңда оқыс оқиғаның себеп-салдыры анықталуда. 

* * *
Оңтүстік Кореяның Lockheed P-3CK әскери ұшағы ұшып бара жатып, теңіз үстінен аяқ астынан  снаряд тастауға мәжбүр болған. Төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма мұның себебін кейін түсіндірген. Ұшқыштар қателесіп,  басқару жүйесіндегі бір нүктені байқаусызда саусағымен басып қалған көрінеді. Бірақ жарылған снарядтан зардап шекен ешкім жоқ. 

* * *
Жаңа жыл күні таңертең өз қызметін тапсырып, үйіне қайтып келе жатқан сәтте Бурундидің Қоршаған ортаны қорғау министрі кісі қолынан қаза тапты. Қазір оған қарсы оқ атқан әйел адам іздестірілуде. 

* * *
Баварияның Бад-Грёненбах қаласында  ірі жол-көлік оқиғасы орын алып, алты адам қайтыс болды. 
Жаңа жылдың түнінде болған жол апатының себебі қалың тұманның салдарынан орын алған. Ондаған  автокөліктің соқтығысынан алты адам қайтыс болып, 17 адам жарақат алған 
* * *
Қытайдың  Шэньси қаласындағы қоғамдық әжетханада жарылыс болып, 1 адам қайтыс болды. Газ құбырының жарылуынан сондай-ақ 7 адам зардап шекті.