Негізгі бет  /  мақалалар  /  Түркістан – түркі дүниесінің мәдени астанасы

Түркістан – түркі дүниесінің мәдени астанасы

Айқын-ақпарат
1440
Түркістан – түркі дүниесінің  мәдени астанасы Әлемдік қауымдастықтың өзекті мәселелерін шешуде түр­кітілдес мемлекеттердің ала­тын орны ерекше маңызды.

 Өйткені адам саны 300 млн-ға жуықтайтын 40 шақты түркітілдес халықтар әлемнің геосаяси құрылымының аса маңызды бөлігі болып саналатын Еуразия кеңістігінде орналасқан. Қазіргі уақытта түркітілдес мемлекеттердің әлемдік үрдіске ықпал етудің айтарлықтай мүмкіндіктерін иемденуі және Халықаралық қауіпсіздік ұйымдарда тұрақты мүшелік орнын сақтауы, оның келешекте стратегиялық бола­шағының барлығын айғақтайды. Сонымен қатар Түркі қауымдас­тығының бүгінгі таңдағы геосаяси жағдайы мен болашағын, оның өткендегі тарихымен сабақтас­тыра отырып қарастырғанымыз орынды. Жалпы, түркі әлемін еуразиялық кеңістікте біріктіру идеясы мен практикасының ежелден ұзақ сонар тарихы бар. 
Тарихтың қай кезеңінде бол­масын түбі бір түркі қауым­дастығының ортақ мүдделері еуразиялық кеңістікте тоғысты. Өкінішке қарай, тарихты түсін­діруде біржақты көзқарас нәтижесінде түркілердің арғы тегі ғұндар екендігін, Түркі қағанаты мен Шыңғыс хан империясының сабақтастығын жоққа шығару орын алған-ды. Мұндай бағытқа жататын еуроцентристік көзқа­расты Л.Н.Гумилев этногенез теориясы арқылы жоққа шығар­ғаны мәлім. Б.з.д. екінші жүз­жылдықтан басталған прото­түріктер – ғұндардың еуразия­лық кеңістікті біріктіруі, одан кейін Түрік қағанаттарының осы кеңістікте билік етуі, одан кейін Шыңғыс хан құрған империя­ның үстемдігі түркі еуразияшыл­дығының түрлі дәрежедегі белгілі бір уақыт пен кеңістіктегі көріністері еді. Мысалы, қазірде Шыңғыс ханның дүниеге келуі әлем тарихының феномені деп танылуы кездейсоқ емес. Тарихта еуропалықтарды елшілердің қауіпсіздігін сақтауға үйрету, еуропалықтардың әдет-ғұрпына дипломатиялық дербес құқық­тығын енгізу дәстүріне Шыңғыс хан себеп болды. Л.Н.Гумилев: «Осы үшін де бүкіл әлемнің дипломаттары бірігіп, Шыңғыс ханға ескерткіш тұрғызуға тиісті еді. Шыңғыс ханға дейін елші­лердің өміріне ұдайы қауіп-қатер төніп тұрды…» деген еді.
«Рухани құндылық пен мә­дени тұғырлықсыз үлкен өрке­ниет­ті орнату мүмкін емес». Бұл сөзді Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіздік таңы атқан шақта,осыдан жиырма жыл бұрын айтқан еді. Осы күні сол өркениетіміз төрімізге озған, жерімізге қонған, рухымыз биік, иманымыз жанымызға серік ел болдық. Міне, соның арқасында Әзірбайжанның Шеки шаһа­рында өткен ТҮРКСОЙ Тұрақты кеңесінің 34-отырысының шешімімен 2017 жылы Түркістан – түркі мәдениеті дүниесінің бас қаласы атанып отыр. Тұрақты кеңестің 35-отырысы Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрлігінің үйлес­тіруімен 2017 жылдың соңына қарай Түркістанда өтетін болып белгіленді.
1500 жылдан астам тарихы бар, Қазақ хандығының астанасы болған, шартарапқа кеткен керуен жолдарының тоғысқан жері, Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласы – Оңтүстік Қазақстан облысында орналасқан. Шығы­сында тарихи қала Отырар, батысы Жаңақорған ауданымен, солтүстігінде Созақ, Кентау қаласы­мен шектесіп жатқан киелі жер. Қаланың тарихы IV ғасырдан бастау алады. Алғаш қала атауы Шауғар деген атпен араб жазбала­рындағы деректерде кездеседі. Ол – ежелден Орта Азия мен Тұран даласындағы ең көне қала.
Түркістан қаласы – Түркі әлемінің мәдени астанасы болу себебін соңғы жылдары әлеумет­тік-мәдени жағынан қарқынды дамып келе жатқандығымен бірге, атының өзі көп жайтты аңғар­тып тұрғандай, жалпы аталуы түбі бір түркінің бәріне бірдей ұғынықты болғандықтан, мұндағы рухани құндылықтан әркім де өзінің бастапқы тамы­рына ортақ тұстарды табарына кәміл сенемін. Түркі мәдениетінің орталығы саналатын шаһардың екінші бір қыры – жергілікті ха­лықтың ғана емес, түбі бір түркінің бәрі тәу етер Қожа Ахмет Яссауидің елі ретінде аса құрмет тұтатындығымен түсіндіруге болады. Түркістанды түркі жұрты­ның ортақ отаны десек, мұндағы «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайы күллі түркі әлемінің тарихи-мәдени орталығы атануға әбден лайық орын. Оның аймағы сыр тұнған тарихи орындар мен ескерткіштерге бай. Солардың ішінде түркілердің бәріне ортақ тарихи тұлға, кемеңгер ойшыл Қожа Ахмет Яссауи бабаның құрметіне қойылған кесененің бітімі бөлек, тағылымы зор дер едік. Мир-Салих Бекчуриннің «Адам қолымен сомдалған ғажайып дүние сол замандағы шеберлердің дарындылығын көрсетумен қатар қазіргі көр­кемдік дүниелерге де үлгі болар­лық деңгейде...» деген пікірінде үлкен шындық бар. 
Түркістанның дамығаны – Қазақстанның рухани-мәдени дамығаны. Ал Қазақстанның дамығаны – түркі әлемінің жаң­ғырғаны. Бұл ақиқатты бүгінде дос та, бауырлас та мойын­дап жатыр. 2017 жылы Түркістан қаласы – түркі әлемінің мәдени астанасы деп жарияланғаны көп жайтты аңғартты. Сондай-ақ бұл саяси маңызы терең, мәдени, рухани берері мол шешім тұтас түркі дүниесінің басын одан әрі біріктіруге өз үлесін қосады деп білеміз.
М.ИСАЕВ,
 «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің 
ғылыми қызметкері