Басты  /  мақалалар  /  ЖЫЛМЕН ҚОШТАСУ

ЖЫЛМЕН ҚОШТАСУ

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ
742
ЖЫЛМЕН ҚОШТАСУ Әкем мені Алматыда оқытқысы келді. «Төртіншіні бітірген соң Алматыға жіберемін. №4 мектеп-интернат жақсы дейді, сонда оқисың» деген. Қиял қудым да кеттім.

Алматы! О-о, қандай ғажап! Арман қала ғой біз үшін. Ауылымыз осы шаһардан 250 шақырымға жетер-жетпес жерде ғана. Сонда да төрт жасымызда шолақ шалбар киіп жазда бір барып, «Луна-паркте» тамызып балмұздақ жегеніміз болмаса, одан кейін жолымыз түспеген. Енді сол қалада оқимын!

Жоқ, тағдыр кілт бұрылды. Үшіншіні бітірген жазда әкем болар-болмас дерттен о дүниелік болды да кетті. Алматы жайына қалды. Біз ата-баба ауылына жақындап, анамызбен бірге ағайынға қосылдық. 
Содан қиял кешемін ғой. «Кейін баламның атын Руслан қоямын» деймін бе-ау... «Мүмкін, орыс қыз алатын шығармын» деймін бе-ау... «Отанымыздың жүрегі – Москва қаласы!» деп тақылдағанда, тілім таңдайыма тимейді. 
1990 жылы Артекке – Бүкілодақтық пионер лагеріне бардым. Озат оқушымын. Алматы облысынан аттанған 33 баланың ішінде орысшаға шорқағы, сірә, мен ғана. №10 отрядтың пионерімін. Белден басып орысша сөйлеймін. Бәрі күледі. Валера Буратынский деген Семейдің баласы қу, өз кезекшілігінде алдап-сулап бізге еден жуғызғысы келеді. «Мен сенің малайың емеспін» деп айтқым келеді. «Малай» сөзінің орысшасын білмеймін. «Малай что-ли!» деймін қоқиланып. Сонда көрдім ғой, бәріміз орысша сөйлесек қана жарасымды сияқты көрінетін. Минскден келген Виталик тіпті белорус тілін бар деп білмейді екен, «ондай тіл болған емес» деп шорт кесетін. Қырғыз Арманға мұсылманша амандасуды біз үйреттік сол жолы...
Ең бастысы, сол кезде 12-13 жас­та­ғы біздің санамызда КСРО деген – мыз­ғымайтын алып ел, Мәскеу – мәңгі жүрегі, 15 одақтас республика бақытты-барқадар тірлік кешіп жатқан жұрт болып көрінетін. Одан басқа тіршілік болуы мүмкін еместей сезілетін. Империяның балалары екенімізге шексіз мақтаныш бар еді кеудемізде... Қан қызыл галстугымыздың бір байламы – пионер, бір байламы – комсомол, артқы жағы – партия, бәрінің түйіскен жері – солардың мызғымас бірлігі... дейтінбіз. Қысқасы, қып-қызыл идеология өтіп кеткен балақайлар едік.
Арада тура бір жыл, бір ай өткенде КСРО-ның іргесі сөгілді. Жыл соңына дейін 15 ел де кеңестік жүйеден тәуелсіздік алды. Біз Қазақ мемлекеті болып құрылдық!
Түу, неткен бақытты ұрпақпыз біз! Сол тәуелсіздік таңын көзімізбен көрдік қой! Есімде, 20 тамыз күнгі «Социалистік Қазақстан» газетіне Г.Янаев бастаған «реформаторлардың» суреті тізіліп жарияланып, «уақытша үкімет» делінген. Артынша ешкім ешқандай үкіметке бағынған жоқ.
Есімде, ұмытпасам, «Тамаша» ойын-сауық кешінің 1991 жылғы қорытынды кешінде Құдайберген Сұлтанбаев пен Тоқсын Құлыбеков домбырамен елге жыр арнап, «қазақты әлемдік көшке тәуелсіз ел ғып қосқан жыл» деп термелей келіп, «Рақмет саған, тоқсан бір!» деп тұжырған. 
Рақмет саған, тоқсан бірінші жыл! Халқымның санасын сілкінткенің үшін, тарихи жадысын оралтқаның үшін, өз алдына ел қылғаның үшін, ел тізгінін ерлерге бергенің үшін!
Міне, содан бері ширек ғасыр өте шықты. Біз де азамат болдық. Тәуелсіздіктің бір-бір кетігіне кірпіш болып қаланып жатқандаймыз. Сөз естісек те, мақтау естісек те – өз ағамыздан. Марапатталсақ та, ескерту алсақ та – өз жағамыздан. Кино түсірсек те, тарихи роман жазсақ та, ардақтыларды аршысақ та, жата кеп айтысамыз, тарихты аршып, ақиқатын іздейміз. Мұрағаттар біздің сенімді досымызға айналды. Бұрын бұл тіпті мүмкін емес еді.
Балаларымыздың аты – кіл тарихи есімдер. Жарымыз – ибалы қазақ қызы. Жұмысымыз – елдің бір кетігі.
Бұдан артық бізге не керек? Иә, артық-кем табыстарға біреуден ілгері, біреуден кейін жетіп жатқан шығармыз, бәрібір – тәубе! Мемлекеті жоқ қаншама жұрт бар, солардың ішінде – айбарлымыз, айдындымыз.
Спорт журналистикасын қуалап жүріп, айтулы жарыстың бірқатарына жолымыз түсті. Сонда желбіреген көк туымызды көріп, асқақтаған әнұранымызды естіп, көзге тұнған мақтаныш жасын жасыра ұялатынымыз қандай!
Ширек ғасыр біздің іргені бекітті. Иә, жас мемлекетте болатын қателіктеріміз де жоқ емес, бірақ «көш жүре түзеледі». Жүрмесе, несін түзейді?
Жиырма алтыншы жылға кеттік. Рақмет саған, 2016!
Біз бармыз! Біз мәңгіміз!