Негізгі бет  /  мақалалар  /  Тауық және тарих

Тауық және тарих

Жолдасбек Дуанабай
2309
Тауық және тарих Тауық жылы төрге шыққалы тұр. Бұл жылдың адамзатқа не сыйлары әзірше белгісіз.

 Бірақ жыл атауының бірін иемденген тауықтың тарихта қалғаны қызық. Осылайша дүниені дүр сілкіндірген тауықтәрізділер отрядына жататын құстың бұл түрі әлемді аузына қаратып отыр. Біздің бүгінгі әңгімеміз де тауық төңірегінде болмақ.

•«Тауық бұрын пайда болды ма, әлде жұмыртқа бұрын ба?» деген сұрақ қарапайым жұртты ғана емес, «дүниенің кілтін» қолына ұстаған ғалымдардың да басын қатыруда. Бұл сұраққа ешкім жауап таппаған. Алайда осыдан бірнеше жыл бұрын қызық дерек жарияланды. Генетик-ғалымдар «бірінші жұмыртқа пайда болды» деген қорытынды жасаған. 
Ноттингем университетінің эволюциялық генетика маманы Джон Брукфилд: «Қазір біздің тауық деп жүрген құсымызға айналған ең алғашқы құс алдымен жұмыртқаның ішінде эмбрион түрінде болған. Өйткені жұмыртқа ішіндегі тірі ағзаның ДНК-сы сол жұмыртқаны жарып шыққан құстың ДНК-сымен бірдей құрылымда», деген пікір білдірген. 
Ғалым эволюциялық мағына бойынша «алдымен жұмыртқа пайда болды» деген шешімге келген. Осындай пікірмен Лондон колледжінің профессор-философы Дэвид Папино да келіскен. 
Өкінішке қарай, жұмыртқаның қалай пайда болғанын ешкім дөп басып айта алмайды.

•Қораздың таң қылаң бере жұртты оятатын «әдетін» мамандар олардың шыққан жерімен байланыстырады. Қаншама жылдар өтсе де осы әдетінен айнымаған қораздың қылықтары жұртты ойға қалдырып келеді.

•Тауық тұқымдары бұдан 5 мың жыл бұрын Үндістанда қолға үйретілген жабайы банкив тауығынан тарайды. Тауық еті мен жұмыртқасын, қауырсыны мен мамығын алу үшін өсіріледі. Саңғырығы тыңайтқыш ретінде қолданылады. 
Құстың бұл түрі фермаларда өнімділік бағытына қарай ет, ет-жұмыртқа, жұмыртқа бағытындағы тауықтар деп бөлінеді, сонымен қатар өндірістік мәні жоқ көркемдік және жауынгер тауықтар да өсіріледі.
Тауық өте өсімтал әрі қолда асырауға тиімді болғандықтан әр үй тауық өсіруге тырысады. Тауықтар жыныстық жағынан ерте жетіледі (5-6 айда). Жұмыртқалағыш тұқымы басқа тұқымдарына қарағанда тез өседі. Жұмыртқалағыш тауықтар жылына орта есеппен 220-250 дана, ал етті тұқымдылары 110-220 дана жұмыртқа береді екен. 
Қазіргі бағамен әр жұмыртқаны көбейтсеңіз, жылына қанша табыс табатыныңызды анықтай аласыз. Оған тауық етін, мамығын қосыңыз.

•Тауықтарды таңертең қорадан шығарғанда олар бірден жейтін бірдеңе іздейді екен. Тек олардан бөлек тұруға бейім қораздар болса, көз алдында көлбеңдеген тауықтарға қоқилана қарап, сырттай сүйсініп алған соң ғана жем іздеуге кіріседі. 
8-12 тауыққа 1 қораз ұсталады. Арнайы қора болмаса тауықтар жұмыртқалайтын жылы жерді өздері іздейді. 

•Әлемде жабайы тауықтар да баршылық. Айталық Бирма, Үндістан, Оңтүстік Қытай, Индонезия ормандарында (Ява, Суматра) қолға өсіруге көнбейтін тауықтар көп. Жалпы, құстарды Оңтүстік Шығыс Азия жұрты алты ғасыр бұрын қолға үйретті деген нақты деректер бар. 

•Көптеген елдердің фольклорында қораз бейнесі түрліше бейнеленеді. Мәселен, орыс фольклорында қораз батыр, әлсіздердің қамын ойлайтын ержүрек құс. Орыс мультфильм­дерінде тауықтар мен балапандарды түлкі мен қасқырдан қорғайтын оқиғаларды жиі көруге болады.

•Қораз – Францияда ұлттық символдардың бірі. Бұл таңдау біреулерге қызық та көрінуі мүмкін. Шынында да Галль қоразы Францияда алтын түстес төл таңбалардың бірі. Ол алғаш рет бірінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан француз сарбазының табытында бейнеленіпті. 
Қораздың бейнесі 1789 жылғы бірінші француз револю­циясынан кейін кеңінен тарай бастаған. Айталық қабырғалар мен монеталарда, бостандықтың революциялық символы саналатын бас киімдерде, Франция Республикасының бірінші консулының мөрінде, спорт киімдерінде қораз бейнеленген. Ол қырағылықтың белгісі саналады.

•Тауықтың қатысуымен бал ашу дәстүрі де бар. Ол «алектрио­мантия» деп аталады. Қағазға түрлі тілектер жазып, үстіне дән қоясың. Қолдан босаған тауық қай дәнді шоқыса, соның астындағы қағаздағы тілекті оқуға болады. Ол өміріңізге соншалықты қатысты болмаса да тауықтың таңдауымен жылы сөз естудің өзі зор бақыт. 

•Жұрт жадында жүрген қызықтың бірі қораздар қақтығысы. Бір­­қатар елдерде қораз төбелестіру дәстүрге айналған. Ол тіпті ша­ғын мереке деуге де болады. Кавказ елдері мен Өзбекстанда, елі­міз­дің оңтүстік облыстарында тауық төбелесі жасырын ұйым­дас­тырылады. Өйткені оны ұйымдастырушылар заң алдында жауап береді.

•Шығыс славяндар мен христиандардың мифологиясында қораздың басты міндеті «хабар беруші» ретінде қызмет ету. Оның «өлең айтуы» түнгі жын-шайтанды қууды, жаңа уақыттың басталуын білдіреді. Қораздың шақыруы шайтанды келесі түнге дейін аулаққа қуып тастайды деген наным бар. 

•Славяндар жаңа үйдің іргетасын қаларда қара тауықты құрбандыққа шалады. 
Қытай дәстүрінде қораз алтын қауырсынын қомдап, күніне үш рет шақыруы тиіс (Таң атарда, түс әлетінде және күн батарда). 

•Ежелгі мәдениетте қораз киелі жануарлар қатарына жатқызылған. Түрлі діни сенімдер мен табыну барысында оған бас ию әдеттері пайда болған. Бір кездері Иранда да қораздың киелі болғаны тарихта айтылады.

•Қытайда қораз жұлдыздар жүйесіндегі 12 белгіде оныншы болып тұр. 

•Әлемде тауықтың тұқымы өте көп. Бүгінде Еуропалық стандарт бойынша тауық фермаларында оның 180 түрі өсіріледі. 

•Үйде өсірілген тауықтар оншақты дыбыс шығара алады. Оның ішінде өздеріне қауіп төнгенде өздеріне ғана тән ащы дыбыс шығарады. Ит-құс шапқанда тауықтар жаппай қыт-қыттап, бірін-бірі құтқаруға тырысады. 
Осы жерде айта кететін бір жағдай, үй жағдайында малды ұрыдан қорғаудың оңтайлы тәсілі тауықтарды мал қорада ұстау. Мысалы, ұрылар сиырдың бұйдасын шешіп жатқанда мөңі­ремейді. Ал оның жанында тұрған тауықтың «ойбайлағанын» сіз естімей қалуыңыз мүмкін емес. 

•Тауықтар арасындағы ең әдемі дауыс – балапандардың дауысы. Сары үрпек балапанға қызықпайтын адам жоқ. Олардың шиқылын, жаңа басқан қадамдарын кез келген жастағы адам қызықтайды. Тіпті олар жұмыртқаны жарып шығардан бастап шиқылдай бастайды екен.

•Тауықтың жемейтін нәрсесі жоқ. Тек арнайы өсірілетін құс фермаларында ғана оларды семіртетін, жұмыртқа туу қабілетін жақсартатын азық беріледі. Ал үй жағдайында тауықтың теріп жегенін санап тауыса алмайсыз. 

•2003 жылғы санақ бойынша жер шарында 24 млрд бас тауық болған. Бүгінде тауықты саудаға шығаруда АҚШ (3,026 млн тонна) пен Бразилия (3,00 млн тонна) алдына жан салмай келеді.
Одан кейінгі орындарда Ресей – 1,22 млн, Қытай – 
0,87 млн, Сауд Арабиясы − 0,43 млн, Мексика – 0,37 млн, Жапония – 0,35 млн тонна ет өндіреді. 

•Таңғы асқа тауық жұмыртқасын жеу Еуропа елдерінде сәнге айналған. Күніне миллиондаған жұмыртқа желінеді, шикі жұмыртқа тамақ жасау, косметикалық мақсатта да пайда­ланылады.

•Тауықты мәдениетте жиі пайдаланатын елдердің бірі – Ресей. Орыстардың фольклорында, халық ертегілерінде, әдеби шығармаларында («Курочка Ряба», «Петушок – золотой гребешок», «Кочеток и Курочка», «Сказка о золотом петушке» А. С. Пушкин және басқалар) кейіпкер ретінде өріп жүр. Тіпті «Балапанды күзде санайды», «Балапан тауықты үйретпейді» деген секілді мақалдар мен халық әндерінде де тауықты кездестіруге болады. 

•1945 жылы 10 қыркүйекте америкалық фермер Майк есімді тауықты тамаққа пайдалану үшін басын кесіп алады. Алайда тауықтың өлмегенін көрген фермер оны қолдан арнайы тамақтандырады. Тіпті оны Солт-Лейк-Ситидегі Ют университетіне апарып, ғалымдарға көрсетеді. Құстың қалайша тірі қалғанын мамандар да түсіндіріп бере алмаған. 
Қызықтың көкесі басы жоқ тауықтың ұлттық тур ұйымдастыруға қатысуы болды. Нью-Йорк, Атлантик-Сити, Лос-Анджелес және Сан-Диего қалаларында Майкті көру үшін 25 цент төлеген жұрт кезекке тұрған. 10 мың долларға сақтан­дырылған тауық ақыры Гиннестің рекордтар кітабына енді. 
Фруита қаласында әлі күнге басы жоқ тауықтың құрметіне фестиваль өтіп тұрады. 

•Тауық жылдары ұмытылмас талай тарихи оқиғалар болған. Мәселен, 1789 жылы Ұлы француз революциясы, 1825 жылы декабристер көтерілісі, 1861 жылы Морозов қақтығысы, 1993 жылы Мәскеудегі төңкеріс тіркелген. 

•Бұл жылы әлем естіген есті оқиғалар да болған: 1837 жылы Ресейде алғаш рет темір жол пайдалануға берілді. 1861 жылы неміс өнертапқышы Филипп Рейс бірінші рет телефонды көрсетті, Америкада киноаппарат патенттелді. 1933 жылы АҚШ-та алғаш рет кір жуу ұнтағы шықты. 1945 жылы шарикті қаламсап жасалып, 1957 жылы Байқоңырдан алғаш рет жасанды жер серігі ұшырылды. 
1933 жылы Германия канцлері болып Адольф Гитлер тағайындалды, Италияда Муссолин басқаратын фашистік партия құрылды. АҚШ-тың көрнекті президенттері Вашингтон, Джефферсон, Линкольн, Франклин Рузвельт, Трумэн, Никсон, Рейган, Клинтон Тауық жылы дүниеге келген. 1969 жылы Ливия үкіметін полковник Каддафи басып алса, Палестинаны азат ету ұйымын Ясир Арафат басқаруды қолға алды. Осы жылы қайғылы жағдайлар да қайталанған: 1801 жылы орыс императоры Павл бірінші, 1945 жылы Гитлер көз жұмды.1981 жылы Каирдегі Египет президенті Анвар Садат оққа ұшты. 1813 жылы орыс армиясы Парижге басып кірді, 1921 жылы Ресейдегі аза­маттық соғыс аяқталды. 1945 жылы Ұлы Отан соғысы жеңіс­пен аяқталды. АҚШ-та 1933 жылы экономикада оң өзгерістер болды. 

•Ресейде Петухов деген фамилиялар өте танымал. 

•Тауық еті ең жеңіл тамақ. Одан сорпа жасаса да, қуырса де ең жеңіл ас, керемет дәмі тіл үйіріп тұрады. Айталық суық тиіп ауырғандар терлеу үшін тауық сорпасын ішеді. Түрлі дерттерге қарсы диета ұстайтындарға да дәрігерлер суға піскен тауық етін жеуге кеңес береді. 
Қазіргі кезде дүкендерде тауық бульондары кез келген астың дәмін кіргізеді. Бұл аз болса тауық еті қосылған дайын кеспелер де көп. 

•Тауық сорпасы буын ауруларына бірден-бір ем. Балапан еті ақыл-ойды жетілдірсе, тауық миы мұрыннан қан кетуді тоқтатады. Сонымен қатар асқазан дертіне ем, тыныс алу жолдарында болатын асқынуларға да пайдалы.
Стокгольм орталығында Қоразға арналған ескерткіш қойылған. Оның сұлбасынан қоразға ғана тән өршілдікті, батылдықты байқайсыз. Кеудесін тік, басын жоғары ұстап алысқа көз тіккен қораз кәдімгі маршалдардан аумай қалған.

•Ертеден бері желдің бағытын айқындаушы құрал ретінде қораз пайдаланылған. Ол – Флюгер деп аталады. Метеороло­гиялық құрал теңізде де, құрғақта да желдің бағытын тура көрсеткен. Бүгінде оның орнын басқа жетілдірілген құралдар басты. Ал елді мекендерде үй шатырларынан сәндік үшін қойылған флюгерлерді әлі күнге көруге болады. 
 
•Қазақ халқы тауыққа соншалықты мән бермеген секілді. Бірақ Қоразбай деген есімді ел арасынан кездестіріп қаласыз. Шамасы олар Тауық жылы дүниеге келген кісілер болуы мүмкін. Мысалы, Алтынбек Қоразбаев танымал тұлғаның бірі. Ол кісі фамилиясымен ғана емес, тамаша әндерімен жұрттың ықыласына бөленген.