Негізгі бет  /  мақалалар  /  Дүр дүние дүрліккен жыл

Дүр дүние дүрліккен жыл

Сейсен ӘМIРБЕКҰЛЫ
898
Дүр дүние дүрліккен жыл Желмаядай соқтыртып өтіп бара жатқан жыл, адамзаттың есінде несімен қалады?

Таразыға тартар болсақ, тілге тиек етер, әңгімеге тамызық болар біраз дүние бар сияқты. Дүр дүние мешін жылы дүрлікті. Бұл жылдың запыраны мен зәһары, қыжылы көп болды. Қасат-қасат жойқын оқиғалар,тас-талқан жарылыстардың көптігі сол, оны санауға он саусақ аздық етеді. Әлемнің «мынау» деген әбжіл күштік құрылымдары халыққа қорған-қамсау бола алмады. Кездейсоқ шиит болғандар мыңдап саналды. Талайдың көзін мұң қабыздады, жүрегін қайғы шабақтады. Бұлай деуіміздің себебі көп. Әсіресе, қос өзен елі мен Шам жерін һәм Каддафиден кейін қасіретке малтыққан Ливияда исламның атын жамылған, қанжарынан қан, мылтығының ұңғысынан оқ саулаған «Ислам мемлекеті» деген топтың қандыбалақ баскесерлері ойнақ салды. Көне өркениеттің ошағы болған Ирак пен Сирия қирап қалды. Кәрі құрлық қасіретті күндерді бастан кешірді. Латын Америкасының белді мемлекеттері Бразилияда президентке импичмент жарияланып, тақтан тайдырылды. Венесуэла толқудан көз ашпады. Бүкіл әлем көз тіккен АҚШ-та президент сайлауы өтті. Ұлыбритания Еуроодақтан басын ала қашты. Мұндай оқиғалардан Азия құрлығы да кенде емес. Енді өтіп бара жатқан Мешін жылының басты-басты оқиғаларын жіліктеп көрелік. 

Трампты не күтіп тұр?
Жер-жаһан назарын аударған АҚШ-тағы президент сайлауы өтті. Билік тізгінін бұған дейін саясат сахнасында көрінбеген, тек қаржы саласында талайдан аты озған миллиардер Дональд Трамп алды. Ешкім күтпеген, түсіне кірмеген жайт. Қарапайым сарапшыдан әлемдік деңгейдегі саясаткерге дейін сайлаудағы Трамптың қарсыласы, 90-жылдардан бері АҚШ саясатының отымен кіріп, суымен шығып жүрген Хиллари Клинтонның додада аты озады деп есептеген еді. Бірақ үкілі үміт ақталмады. Адами ұстамдылығынан гөрі ләуқилығы басым Дональд Трамп ойламаған жерден алып елдің тізгінін алды. Алдағы уақытта АҚШ саясатты қалай түзілмек? Трамп не деп жосымақ? Бір белгілі жайт, АҚШ ұстанымында біраз өзгерістер болатыны ақиқат. Әсіресе, Дүниежүзілік сауда ұйымының ойын өрнегінде. Бұлай дейтініміздің жауабы бар. Трамптың Ұлттық Сауда кеңесінің басшысы етіп өзге жұртқа қырын қарайтын Питер Наварроны тағайындауында да гәп жатыр. Демек, миллиардер АҚШ-тың сауда-саттық саласына өзгеше сипат беруге ұмтылуда деуге болады. Сонымен қатар Барак Обама екі мерзімдік отырысында қиыннан қиыстырып ТрансТынық мұхит әріптестігін және ТрансАтланттық сауда және инвестиция әріптестігін құруға, сүйтіп әлемдік экономиканы бір уысқа жинақтауға тырысқан еді. Тіпті ТрансТынық мұхит әріптестігіне кіретін оңтүстік Шығыс Азияда жатқан он екі мемлекет құжатқа қол қойып та үлгерді. Бірақ мұның бәріне Трамп қарсы. Ол әлемдік экономиканы бір жұдырыққа түйгеннен гөрі, АҚШ-тың экономикасын, өнеркәсібін дамытқанды жөн көреді. Сонымен қатар Трамп Таяу Шығыс мәселесіне соның ішінде Сирия жағдайын да өзгеше қарары хақ. Бір сөзбен айтқанда, 20 қаңтардан кейін Дональд Трамп қандай қадам жасайды дегенді бүкіл әлем күтіп отырғаны анық. Әйтеуір «АҚШ мүддесіне қарсы әрекет жасады» деп Джон Кеннеди секілді оққа ұша ма, әлде Ричард Никсон секілді мерзімі жетпей тақтан кете ме, оның бәрін уақыт көрсете жатар. 

Жапонның үміті ақталды
2016 жылы әлем көз тіккен бір мәселе ол, Ресей президенті Владимир Путин мен Жапон премьер-министрі Синдзо Абэнің кездесуі. Бұл кезекте жай кездесу емес, 1945 жылы КСРО, одан кейін оның мұрагері болып қалған Ресейге қарап кеткен Курил аралдары тізбегіне кіретін Итуруп, Кунашир, Шикотан және Хабомаи аралдарын кері қайтару мәселесі қаралатын кездесу-тұғын. Екі ел басшысының бұл кездесуінде Ресей тарапы аралдарды қайтарамыз демесе де, аралдарда ортақ сауда орындарын ашу, ондағы өндіріс орындарын бірлесе пайдалануға келісім жасалды. Жапон азаматтары визасыз-ақ аралдарға аяқ басуына жол ашылды. Мұның өзі Жапон премьерінің айтуы бойынша «үлкен жетістік алдындағы табалдырық». 

Түркиядағы дүбір
Шілде айының қақ ортасында Түркияда мемлекеттік төңкеріске қадам жасалды. Бірақ төңкерісшілердің ойы іске аспады. Ердоған билігі лезде қаулап келе жатқан отқа су құйды. Билік пен бүлікшілер арасындағы қақтығыста 294 адам қаза болып, 1 440 адам жарақаттанды. Ал осы төңкеріске қатысы бар деген ондаған мың адам жұмыстан қуылды, қамауға алынды. Нақтылай түсетін болсақ, 16 мың адам тұтқындалды, 16 телеарна, 23 радиостанса және 45 газет жабылды. 48 мың адам жұмыстан шығарылды, лауазымынан айырылды. Осылайша, Ердоған билігі гүленшілерден Түркияны бір «тазалап» алды. Бірақ бұл оқыс жағдай ел экономикасына салмақ салып кетті. Кейбір деректер 100 миллиард доллар көлемінде шығын әкелді деп жазады. Мүмкін. Кім не десе де, бұл төңкеріс Ердоғанның асығы алшысынан түсуге жол ашты. Ол осы аласапыран кезеңді сәтті пайдаланып, елдегі бүкіл билікті бір қолға жинауға ұмтылды. Сондай-ақ бұл жыл Түркиямен Ресей арасындағы араздықты ретке келтірген жылы болды. Қазір Ресей, Иран және Түркия Сирия мәселесінде жұмыла әрекет етуде. 

Кәрі құрлық 
қанға боялған жыл
Мешін жылы Еуропаға жақсылық әкелмеді. Солтүстік Африка мен Таяу Шығыста жүріп жатқан қақтығыстардан үдіре қашқан жұрт Еуропаға қарай шұбырды. Кәрі құрлықты босқындар басты. Осы босқындармен бірге Сирия мен Иракты қанға бояп жүрген «Ислам мемлекеті» тобының содырлары да Еуропаға өтіп кетті. Жай ғана босып келген жоқ, Франция, Бельгия және Германияда лаңкестік әрекеттер жасады. Мәселен, 22 наурызда Брюссельдегі әуежайда екі лаңкес өздерін жарып жіберді. 32 адам қаза тауып, 300 адам жараланды. Оқиғаны «Ислам мемлекеті» өзінің мойнына алды. 14 шілдеде Францияның Ницце шаһарында Бастилияның басып алуын тойлау кезінде тағы теракт жасалды. Жүк машинасын мінген лаңкес Мохамед Булель мерекеге жиналған адамдарды жаншып өтті. 86 адам қаза тауып, 400 жараланды. Дәл осындай жағдай желтоқсан айында Берлинде қайталанды. Онда 12 адам көз жұмып, жүзге тарта адам жарақаттанды. 

Еуроодаққа сызат түсті
Жаңа өркениеттің ошағы саналатын Еуроодаққа биыл сына қағылды. Маусымның 23 күні Ұлыбританияда бүкілхалықтық референдум өтті. Онда көтерілген мәселе, Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуы еді. Қысқасы Еуроодақ-Brexit. Халықтың 52 пайызы елдің Еуроодақтан ат құйрығын кескені жөн деп шешті. Премьер-министр Дэвид Кэмерон отставкаға кетті. Оның орнын Тереза Мэй басты. Дегенмен осы елдің құрамында отырған Солтүстік Ирландия мен Шотландия одақтан кеткісі келмесе, ал Уэльс жұрты Лондонды қолдады. Жалпы, осының өзі-ақ әлемде экономикасы үшінші орында тұрған одақтың көбесі сөгілуіне жол ашты. Алда қайтпек? Италиядағы жағдай анау, Грекия мынау. Ал Франциядағы «Халықтық майдан» партиясының төрағасы Марин Ле Пен «алдағы жылдың көктемінде өтетін президенттік сайлауда жеңіске жетсем, Францияны Еуроодақтан бөліп алам» деп мәлімдеме жасап үлгерді. Еуроодаққа бір қатер төнді. Демек, биыл одақтың алдағы уақытта тарап кетуіне Ұлыбритания жол ашты деуге болатын секілді. 

Өзбек 
өзгере ме?
Жылдың тағы бір оқиғасы – ТМД кеңістігіндегі Өзбекстандағы президент сайлауы. 25 жыл ел басқарған Ислам Кәрімов кенеттен қайтыс болған соң, оның орнын осы елде 13 жыл премьер-министр болған Шавкат Мирзиёев басты. Кезектен тыс өткен президент сайлауында ол топ жарды. 88,61 пайыз дауысқа ие болды. Шавкат Мирзиёев қысқа уақыт ішінде мемлекет пен ел үшін біршама игі тірлік жасап үлгерді. Ең бастысы, Кәрімовтің біржақты саясатынан бас тартып, көршілермен жақсы болуға күш салды. Әсіресе, су мәселесіне байланысты Тәжікстан, Қырғызстанмен арадағы жанжалды реттеуге тырысты. Кәсіпкерлерге жеңілдік жасады. Халықтың өтінішін тыңдайтын қоғамдық орындар ашылды. Үкіметте де біраз өзгерістер орын алды. Кейбір саяси тұтқындар абақтыдан шықты. Шавкат Мирзиёев өзбектің алдағы жүрер жолын белгіледі. Кәрімовтің жолынан ауытқымайтынын мәлімдеді. Ешқандай әскери блокқа қосылмайтыны да белгілі болды.

Қасірет Ресейді де 
айналып өтпеді
Бұл жылдың тағы бір айтпай кетпейтін қанды оқиғасы Ресейге байланысты. Түркияда Ресей елшісі Андрей Карлов лаңкестің қолынан қаза тапты. Араға апта салмай Ресей қорғаныс министрлігіне тиесілі Ту-154 ұшағы Сочидегі «Адлер» әуежайынан көтеріле бере Қара теңізге құлады.
Ту-154 ұшағы Мәскеу түбіндегі әскери Чкаловский әуежайынан ұшып шыққан. Бағыт – Сириядағы «Хмеймим» әскери әуежайы. Ұшақ бортында 92 адам болған. Оның 64-і Александров атындағы ансамбльдің мүшелері. Олар жаңа жыл алдында сарбаздарға арнап концерт қоюы тиіс-тұғын. Сондай-ақ Сириядағы жағдайдан хабар беру үшін ресейлік 9 журналист аттанған еді. Қалғандары экипаж мүшелері. Ұшақ Сочидегі Адлер әуежайында жанар-жағармай құйып, ары қарай ұшуға тиіс болған. Алайда әуеге көтерілгеніне 2 минут болған кезде ұшақ бақылау радарынан жоғалып кеткен.Ұшқыштар ешқандай қауіп-қатер жөнінде хабар бермеген. Арада біраз уақыт өткен соң ұшақтың Қара теңізге құлағаны белгілі болды. Ұшақтың апатқа ұшырауына байланысты болжам көп. Бірақ әлі нақтыланған жоқ.