Негізгі бет  /  мақалалар  /  Ана мен бала – ел болашағы

Ана мен бала – ел болашағы

Айқын-ақпарат
963
«Қуантсаң баланы қуант» деп дана қазақ тегін айтпаған. «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы Жаңа жыл қарсаңында бүлдіршіндерді қуанышқа бөледі. Өскеменде орналасқан «Ана үйіне» барып, сәбилерге базарлық үлестірді.

Өскеменде тағдырдың тауқыметін тартып, шақалағын құшақтап далада қалған аналарға пана болған арнайы үй бар. Мұнда 15 жас ана сәбилерін тәрбиелеп жатыр. «Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы «Бақытты балалық шақ» жобасы аясында бүгін бүлдіршіндерге қамқорлық танытты. Жаңа жыл қарсаңында 15 бүлдіршінге қыстық киім-кешек пен қол арбалар табыс етілді. Базарлыққа ие болған аналардың қуанышында шек жоқ.
«Нұр Отан» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалында 8 партиялық жоба іске асуда. Солардың бірі бүлдіршіндерге қамқорлық танытуға арналған «Бақытты балалық шақ» жобасы. 
– Біз бүгін «Аналар үйіне» келіп базарлықтар таратып жатырмыз. Еліміздің келешегі өскелең ұрпақ, сәбилеріміз екенін Елбасымыз үнемі айтып отырады. Партияның басым бағыттарының бірі балалардың жағдайын жасап, ел келешегіне еңбек етер азамат тәрбиелеу, – дейді «Нұр Отан» партиясы ШҚОФ төрағасының орынбасары Александр Светаш.
– «Нұр Отан» партиясына алғысымыз шексіз. Бізді ұмытпай келіп, сыйлық беріп жатқандарыңыз қатты қуантты. Балаларымыз аман болсын. Келешекте «Нұр Отан» партиясы құрамында ел дамуына еңбек етсін деп тілеймін, – дейді «Аналар үйі» тұрғыны Шахзода Азанова.
Айта кетерлігі, «Нұр Отан» партиясы тек мерекеде емес, әр күн сайын халық игілігі үшін еңбек етуде. Шығыс Қазақстан облыстық филиалы биылғы жылы 8 мыңнан астам азаматты қабылдап, 90 пайызының арыз-өтініші оң шешімін тапқан. Өңірде «Нұрлы жол», «Ардагерлерді ардақтайық», «Мектепке жол» акциялары аясында атқарылған шаруа да қыруар.