Негізгі бет  /  мақалалар  /  Балуандар шеберлік сабағын өткізді

Балуандар шеберлік сабағын өткізді

Ғалым СҮЛЕЙМЕН
1001
Балуандар шеберлік сабағын өткізді Жуырда елімізге танымал балуандар Руслан Сейілханов пен Ержан Омарбаев жаңадан ғана ашылған Өскемен қаласындағы дзюдо мен самбо залында шеберлік сабағын өткізді. Бұл шараның өтуіне білікті бапкер Бақытбек Дуанов ұйытқы болды.

Есімдері жоғарыда аталған балуандарды жанкүйерлер жақсы біледі. Спорттық карьерасын самбошы ретінде бастаған Руслан Сейілханов әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, әлем кубогының иегері, Азия чемпионы деңгейіне дейін жетті. Одан кейін дзюдо күресіне ден қойып, елшілік жарыстарда жеті жылдан аса уақыт бойы 78 және 81 келі салмақ дәрежелері бойынша қарсылас шақ келтірген жоқ. 1995-2000 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының тумасы құрлық чемпионатында үш мәрте жеңіс тұғырына көтеріліп, Азия ойындарында қола медальді мойнына ілді. Қазақ күресінен өткен жарыстарда сан мәрте түйе балуан атанып, көпшіліктің зор ықыласына бөленді. Одан кейін ардагерлер арасында күш сынасып, екі рет әлем чемпионы атағына қол жеткізді.

Ержан Омарбаев та күрес өнерінде ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Ол самбодан жастар арасындағы әлем біріншілігінің екі дүркін жеңімпазы, ерлер арасында ел чемпионы. Дзюдо күресінен де талай дүбірлі додада өзінің мықтылығын мойындатқан сайыпқыран.

Міне, осы қос саңлақпен қатар Бауыржан Халелов пен Алмас Дуанов сынды жоғары санаттағы жаттықтырушылар мен төрешілер жас жеткіншектерге шеберлік сабағын өткізді. Ондағы мақсат – өскелең ұрпақты спортқа баулу және оларға балуандық өнердің құдіретін ұғындыру.