Негізгі бет  /  мақалалар  /  Ақ үйге абырой әкелмеген әрекеттер

Ақ үйге абырой әкелмеген әрекеттер

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
884
Ақ үйге абырой әкелмеген әрекеттер Жаңа жыл жақындаған сәтте Ақ үйден кетіп бара жатқан президент Барак Обама Ресейге қарсы сан түрлі жарлыққа қол қойып, бұрынғы шиеленіскен жағдайды одан ары тығырыққа тіреуде.

Кеше АҚШ президенті  Ресеймен арадағы шиеленісті тығырыққа әкеп тірейтін тағы бір жарлыққа қол қойды.  Жарлық бойынша  ресейлік 35 дипломат 72 сағаттың ішінде елді тастап шығуы тиіс. Жаңа жыл қарсаңында АҚШ-тан Мәскеуге қарай билет алудың өзі өте қиынға айналғанын ескерсек, қазіргі таңда 35 дипломатқа оңайға соқпай тұр.

Аталған қадамға байланысты Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «Кремль бұл жарлыққа қатаң түрде жауап беретін болады. Соңғы шешімді Ресей президенті Владимир Путин қабылдайды» деп мәлімдеді.

Путиннің баспасөз жетекшісі «бұл әрекет Вашингтонның әдейі жасап отырған агрессорлық сыртқы саясаты. Біздің ойымызша, өкілеттілігі аяқталып келе жатқан Барак Обама  осы қадамы арқылы Ресей - АҚШ қатынасын жақсартуға мүдделі емес екенін көрсетті. Бұл жаңа президент Трампқа   алдын ала берілген соққы болып табылады», - деді.

Ақ үй қожайынының болашақ көмекшісі Келлин Конуэй де «бұл Ақ үйдегі билікті демократиялық тұрғыда беру болып табылмайды. Ресейге қарсы жасалған бұл  санкция символикалық тұрғыда сипатталғанымен, АҚШ-тың одақтастары бұдан үлгі алмауы керек.  Бұл қадам Трампты тығырыққа тірейтін қадам болып табылады» , - деп атап көрсетті.

Шындығында соңғы айда Барак Обама сыртқы саясатта мемлекет мүддесіне қайшы келетін немесе жағдайды күрделендіретін кейбір жарлыққа қол қойып жатқаны рас. Өйткені демократтардың өздері де күтпеген жеңілісі оларды қарапайым халық пен саяси электораттың алдында абыройдан жұрдай қылды. Бір сөзінде Барак Обаманың өзі де «2016 жылы мен қайтадан президенттік сайлауға түскенде, сөзсіз жеңетін едім» деп мәлімдеме жасағаны белгілі. Демек, бұдан шығатын қорытынды, Барак Обама әлі де әңгімесі әрі-сәрі күй кешіретін, ойда-жоқта халықтық тұлғаға айналған Трамптың президенттік додадағы жеңісін мойындай алмай отыр. Ал ақиқаты, Ақ үй қожайынының болашақ көмекшісі Келлин Конуэй айтқандай, Обаманың бүгінгі қарама-қайшылыққа толы жарлықтарының барлығы келесі жылы қызметін бастайтын Трампты тұқыртуға арналған.

Бұлай деп тұжырым жасауымыз да бекер емес. Жақында Конгрестің бұрынғы спикері, сайланған президент  Трамптың  әріптесі, Ақ үйдегі жетекші қызметтің бірін иеленбек болып отырған Ньют Гингрич тағы бір мәселенің шетін шығарды. Fox News телеарнасына берген сұхбатында ол  20 қаңтарда өтетін президент инаугурациядан кейін қазіргі мемлекет  басшысы Барак Обама қол қойып кеткен Жарлықтың 70-80 пайызы өзгертіледі деп мәлімдеме жасады.

«Менің ойымша, билікке келгеннен кейін екі-үш күннен соң Трамп демократтар жақтап, Обама қол қойып кеткен Жарлықтың 70-80 пайызы өзгеретініне жұртшылық куә болады»,-  деді ол. 

Ньют Гингрич те Барак Обама қазіргі кезде Трампқа қарсылық ретінде кейбір Жарлыққа әдейі қол қойып жатқанын айтады.

Жалпы жеңілістің дәмі ащы. Американың демократиясы да қызық, оны түсіну де қиын. Демократяылқ партия мен Республикалық партия арасында үнемі итжығыс түсіп жататын  сайлауда президенттер де алмасып отырады. Ішкі текетірес өте мықты. Барак Обаманың Трампты бағалай алмауының сыры да осында жатыр. Осындай қадаммен наразылық ретінде бір-бірін жоққа шығаратын президент жарлықтары да көп. Бірақ Америка тарихында билік басында болып, АҚШ-тың абыройын асырған да, абыройын түсірген де президенттер жетерлік.

Бір ғана мысал, кезінде «Америка Құрама Штаттарын басқарған мемлекет басшыларының қайсысы елдің абыройына көбірек нұқсан келтірді?» деген президенттердің қызмет атқарған кездегі әрекеттерін бағалайтын әлеуметтік сауалнама да жүргізілген. Нәтижесінде әр сарапшы өз пікірін айтса да, ақыры қорытындылай келгенде алғашқы үштікті әр жылдары Американы басқарған Джеймс Бьюкенен, Эндрю Джонсон,  Линдон Джонсон «жеңіп алған».  Бұл жерде экс-президенттердің мемлекетке қаншалықты зиян келтіргендері есепке алынған. Олардың ішінде ең үлкен қате жіберген 1857-1861 жылдары Ақ үйдің қожайыны болған Джеймс Бьюкенен екен. АҚШ-тың 15-  президенті  Бьюкенен елдегі Азаматтық соғысты болдырмауға еш тосқауыл жасай алмаған. Ал екінші орынды «иемденген» Эндрю Джонсон оңтүстік  пен солтүстік арасындағы Азаматтық соғысты тоқтатқанымен,  қара нәсілділерді құлдықта ұстау принципін сақтап қалды. Ал қызметінің соңғы жылдарында ғана  өзіне саяси ұпай алу үшін «құлдардың» жағына шыққан.

Ал Линдон Джонсонның мемлекетке нұқсан келтірген әрекеті ретінде сарапшылар оның АҚШ пен Вьетнам арасындағы соғысты тоқтатуға құлық танытпағанын айтады.  Линдон өз әрекетін «Вьетнам билігінің қанауында тұрып жатқан халықты құтқару» деп атағанымен, шын мәнінде қырқыстың салдарынан мыңдаған бейкүнә  адамдар қаза тапты, елдің миллиардтаған доллар қаржысы желге ұшты. Ал сарапшылар мен тарихшылар қазір оны «реформатор» ретінде емес, «қанды соғысты ұйымдастырушы» ретінде бағалайды.

АҚШ-тың имиджіне нұқсан келтірген төртінші президент - Вудро Вильсон. Оның Бірінші соғыстан кейін Версаль келісімшартынан қол қоюдан бас тартуы ақырында Германияның талан-таражға түсуіне себепші болды, бұл әрекет фашизмнің тууына алып келді.   Ричард Никсон Уотергетск жанжалынан бас тартқаны үшін «бесінші орынды», Джеймс Мэдисон 1812 жылы Ұлыбританиямен соғысты тоқтатқысы келмегені үшін алтыншы орынды иемденген. 

Тарихшылар «қасиетті жетінші санды» Томас Джефферсонға 1807 жылы Наполеонмен соғыс жүріп жатқан кезде Еуропамен арадағы саудаға эмбарго жариялағанына байланысты берген. Онан кейінгі сатыда   Кариб теңізіндегі дағдарысты тудырғанына байланысты Джон Кеннедидің есімі аталады. Мұнан кейінгі орынды Иранға берілген қаржыны керісінше Никарагуадағы коммунистерге қарсы мақсатта пайдаланғаны үшін Рональд Рейган   алған.  Ал соңғы орын Моника Левинскиймен арадағы махаббаты үшін Билл Клинтонға тиген. Алайда сарапшылардың бағалауы бойынша, «бұл махаббат хикаясы» АҚШ қоғамын  емес, бәрінен бұрын президенттің өзін қатты мазасыздандырған оқиға ретінде аталып өтіледі. 

Ал АҚШ-тың имиджіне нұқсан келтірген он бірінші әрекет ретінде АҚШ-тың абыройын төккен,  Ақ үйдің қожайыны болған Джордж Буштың Иракқа соғыс ашуын айтар едік.

Біз өз кезегімізде Сирияны сансыратып,  Ливияға шабуыл жасап,  Каддафидің айуандықпен өлтірілуі мен Таяу Шығыс елдерінде орын алған «араб көктемі» де Барак Обамаға абырой әкелмеген үлкен қателік болды деп  айтар едік.