Басты  /  мақалалар  /  ҚЫЗЫҚТЫ ЕМЕС, ҚАЖЕТТІ БАҒДАРЛАМАЛАР ДӘУІРІ КЕЛДІ

ҚЫЗЫҚТЫ ЕМЕС, ҚАЖЕТТІ БАҒДАРЛАМАЛАР ДӘУІРІ КЕЛДІ

Есей ЖЕҢІСҰЛЫ
1218
ҚЫЗЫҚТЫ ЕМЕС, ҚАЖЕТТІ БАҒДАРЛАМАЛАР ДӘУІРІ КЕЛДІ Ерлан ӘБДІРҰЛЫ, «Асыл арна» телерадиокомпаниясының Бас продюсері:

 

ҚЫЗЫҚТЫ ЕМЕС, ҚАЖЕТТІ БАҒДАРЛАМАЛАР ДӘУІРІ КЕЛДІ

 

– Ерлан, жақында әлемдегі ең ірі телеарналардың бірі – ВВС-де тә­жірибе алмасу бағдарламасы бойынша біліміңді жетілдіріп қайтқаныңнан хабардармыз. Бұл нендей бағдарлама, жалпы ұйымдастыруға кімдер мұрындық болды?

 

– Біздің тұрақты көрермендердің жадында болар, осыдан тура екі жыл бұрын да «Асыл арнаның» арнайы түсіру тобы біріккен корольдіктің ірі шаһарларын толықтай дерлік аралап шығып, «Мұнаралы Еуропа. Қос арал­дағы құлшылық» атты деректі фильм түсіріп, көрермен назарына ұсынған болатын. Бірақ ол сапарымызда, негізінен, Тұманды Альбиондағы мұсылмандар мен мешіттерді, ислами орталықтар мен білім-ғылым жолын­дағы қазақ студенттерін іздеп, британиялық Islam Channel теле­арнасымен тәжірибе алмасып, британ палатасының мүшесі лорд Ахмад Назирмен кеңінен сұхбаттасып, қысқаша айтқанда, қазақ көрермені үшін шетелдегі мұсылмандардың жай-күйін баяндайтын фильмге материал жинап қайтсақ, бұл жолы кәдімгі кәсіби тұрғыдан үйренуге бардық. 
Білесіздер, әсіресе, кейінгі онжылдықта әлемдегі ақпараттың тарау қарқыны күрт үдеп кетті. Интернеттің маңызы артты, әлеуметтік желілер күш алды, бұрын ақпарат тұтынушы боп келген миллиондаған адамдар смартфондары арқылы енді өздері ақпарат таратып, елге әсер ету құқын егеленді. ВВС-ліктердің бір ішкі ұраны бар екен – «Біз әрбір көрермен үшін күресеміз!». Ал теледидар, компьютер қазір әр үйде күндіз-түні қосулы тұр. Біз қаншалықты шетелдік ақпаратты сүзгімен тыңдап жүрміз, ақ-қарасын әлі толық айырмаған ұл-қызымызды қаншалықты жат әсерлерді жатырқайтындай етіп қалыптас­тырдық? Айтайын дегенім, мем­ле­кетіміз енді аяққа тұра бастаған мезгіл осындай ақпараттық тасқын кезеңіне тап келді. Бірақ «Құдай салды, біз көндік» деп отыра бермейсіз ғой. Дамыған елдердің озық тәжірибесін үйренуіміз керек, біліктілігімізді шыңдай түсуіміз керек. Сондықтан да ВВС World жүйесі ұйымдастырған семинар-тренингке Президент телерадиокешенінің басшысы Ерлан Бекхожин мырза бастаған делегация­ның құрамында «Асыл арна» теле­ар­насының Бас директоры Мұхамеджан Тазабек мырза екеуміз де сапар шектік. Тренингке біздерден бөлек, Қа­зақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі мен Ұлыбританиядағы Грузия елшілігі өкілдері де қатысты. 
Біз екібастан әр көрермен үшін күресетін замандамыз. Мұным кейбіреулер үшін тым асқақ сөз көрінуі мүмкін, бірақ тырыссақ, оған қол жеткізуге әбден болады. Қазір ай­наламыз толған анталап тұрған пай­дасыз ақпарат. Қаншалықты өз санамызды, айналамыздағы жақын­дарымызды қажетсіз дүниеден қорғап жүрміз? Шегені суырып тастасаңыз да орны қалады ғой, сол сияқты, ести берген жөнсіз жаңалықтардың да жүре келе әсері болмай қалмайды. 
– Болашақ журналистер үшін де, тіпті кәсіби мамандар үшін де қызық болар – нақты нендей дәрістер өткізілді, ағылшындардың жұмыс істеу жүйесінде не айырмашылық бар екен? 
– ВВС – ондаған телеарна мен радионың, интернет порталдар мен журналдардың басын біріктірген алып құрылым ғой. Дүние жүзінде 20 мыңнан астам қызметкері бар. ВВС жарнама қызметінің, BBC Storyworks және контент жөніндегі маркетинг тобының вице-президенті Ричард Паттисон, ВВС World News коммерциялық өкілдігінің директоры Сергей Становкин, ВВС «Русская службасының» жетекшісі Фамиль Исмаилов, ВВС Worldwide аймақтардағы өкілдіктерінің директо­ры Кейт Уоксман тәрізді ондаған білікті мамандардың БАҚ-тың бренд қа­лыптастырудағы рөлі, коммуни­кациядағы бәсекелестік, болған оқиға жайлы жылдам рекция шаралары, контент брендингі, әлемдегі өзгерістер үдерісіндегі әлеуметтік желі маңызы және т.б қызықты тақырыптар жөнінде тәжірибе алмасудың сәті түсті. ВВС бас кеңсесіндегі қызу процестерді де ішінен көріп, заманауи жабдықтар мен озық студиялардың жұмыс істеу барысын да бақылай алдық. 
Кәсібімізге қатысты сұрақтардан бөлек, осы зор механизмнің синхронды қозғалуы да қатты қызықтырды. Сұрақ қоя келе түсінгенім – ортақ жүйе, ортақ мүдде бар. Ал ол ортақ жүйе же­келеген адамдарға ұнамауы да мүмкін. Бірақ жұмыс алға жылжуы үшін өзін соған көндірген. Яғни, арна мүм­кіндіктерін өз тұлғасының жарнама­сына емес, керісінше, кәсіби қабілетін өндірістің ілгерілеуіне салады. Тоp Gear- ды талай жыл жүргізген Джереми Кларксонмен ВВС-дің жолы екіге айырылу себебі де сол, оны да сұрадық қой. Талантсың ба – өз-өзіңе сүйсініп, ортақ өгізден оңаша бұзау артыққа салынба, яғни, білгеніңді көпшілік игілігіне сал. 
Тағы бір таңғалдырғаны – қатаң тәртіп. Мысалы, бізге бөлінген конференц-залға уақтылы кірмесек, бір минуттан соң есіктер автоматты түрде құлыптанып, зал келесі бір топтың қолдануына беріледі. «Әрбір көрермен үшін күресеміз» дегеннен шығады – ғимарат ішіндегі әр лифтіде ВВС-ге қарасты әртүрлі радио қосылып тұр. Осы-ақ бұл медиақұрылымның өнімі аса мол, құшағы кең екенін айғақтап тұр. Кабинеттер қабырғасының бәрі шыныдан – бізде ашықтық, еркіндік дегенді аңғартқандары. Дәліздеріне көше секілді атау беріп қойған – ірілігін ұқтырғысы келгендей. 
Айта берсеңіз, естіген, тіпті конспектілеген әңгімеміз көп. Өзіңіз сұрап отырғандай, журналистика факультетінің студенттерімен, осы салаға маманданып жүрген жастардан ұсыныстар түсті. Алдағы уақытта түйгенімізді жас ізденушілермен толығырақ бөлісуге мүмкіндік болатын шығар. Қоса кететін бір нәрсе – ВВС мен «Асыл арна» арасындағы ын­тымақтастық, тәжірибе алмасу бағдарламасы алдағы жылы да жалғасын таппақ.
– «Асыл арна» кейінгі уақыттары отбасылық контентке көбірек ойыс­қаны жайлы айтылып жүр. Ар­наларыңыз алдағы жылы көрер­мендерге қандай жаңа жобалар ұсынбақ?
– «Асыл арна» көрермені – тал­ғампаз көрермен дер едім. Өйткені біздің арнада шоу-бағдарлама, эстрада жаңалықтары, сенсациялық жаңа­лықтар сериясы жоқ, голливудтық боевиктерді де, үнді мен корейдің телехикаяларын да біздің арнадан таппайсыз. Қазіргі түсінікке, заң­дылыққа салсақ, біздің арна қазіргі көрерменді қызықтырмауы керек еді. Бірақ Gallup Media рейтингіндегі көрсеткіштеріміз өте жақсы. Ендеше, біздің көрерменді не қызықтырады? Біздіңше болғанда, ұрпақ жалғастығы, салт-санамыз, дәстүрмен қатар өрілген ата дініміздегі тәрбие мәселелері, руханият – қазіргі қазақстандықтар үшін аса маңызды тақырыптар. Сондықтан да олар біздің арнаны іздейді. Бұдан шығатын қорытынды – қазақ телевизиясы көрерменге қызықты бағдарламаларды емес, керек бағдарламаларды көптеп эфирге шығаруы қажет. Өйткені сұраныс, халық қажеттілігі солай. Сосын көрермендеріміздің бізге деген сенімі өте жоғары. Ол сенім қайдан пайда болады? Телеарнамызды көріп отырып, көкейіндегі сұрақтарға жауап табады. Ал ақпарат тарату қызметінде сенім өте маңызды. 
Ал сұрағыңызға келер болсақ, рас, «Асыл арна» сенім, иман тақырып­тарынан жалпыотбасылық арна ретінде қалыптасуға трансформациясын бастап кетті. Телемамандар жақсы біледі, бұл – бес-алты айда аяқтала салмайды, бірнеше жылға созылатын процесс. 
Шүкір, биылғы жыл біз үшін жалпы жемісті болды. Қазіргі жүздеген бағдарламалардан, тікелей эфирлер сериясынан бөлек, «Үлкен үй», «Бір келіншек» атты екі телехикая түсіріп, эфирге ұсындық. «Шатқал» қыс­қаметражды көркем фильмі кино­театрдан көрсетіліп, көрермен ықыласына ие болды. «Сергелдең» атты толықметражды картинамыз да даяр. Жақында оны да назарларыңызға ұсынатын боламыз. 

Сұхбаттасқан 
Есей ЖЕҢІСҰЛЫ