Негізгі бет  /  мақалалар  /  ИМАН ҰЙЫҒАН ИРАН

ИМАН ҰЙЫҒАН ИРАН

Нұртөре ЖҮСІП
1815
ИМАН ҰЙЫҒАН ИРАН «Шіркін, бір көрсем» деп жүретін елдер болады. Солардың бірі және бірегейі – Иран еді.

 Бұл ел туралы жалпы тарихтан ғана хабарымыз бар: 1971 жылы өз мемлекеттілігінің 2500 жылдығын ресми тойлаған ел; бір кездері бүкіл Кавказдың жартысына жуығы, Орта Азияның біраз бөлігі, Ауғанстанның Герат, Фаррах, Қандағарды қоса алғанда елдің батыс жағы мен Белуджистанға дейінгі жалпақ қонысқа әмірі жүрген ел; негізінен мал және егін шаруашылығы өрістеген, әлемге мақта, зығыр, темекі өнімдерін жеткізетін, қолөнері мен кәсіпшілігі дамыған, кілем тоқу мен мата шығару жағынан алдына жан салмаған, әйгілі «парсы жібегі» мен «парсы кілемінің» Отаны саналған; бауырына әзірбайжан, күрд, белудж, лур, түркімен, қашқай жұртын түгел басқан іргелі мемлекет екенін білетінбіз. Әсіресе, сәулет өнерінде айтарлықтай із қалдырған, оның бір жарқын көрінісі өзіміздің Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мавзолейіндегі исфаһандық ұсталардың қолтаңбасынан анық байқалатын. Зергерлік өнері кең қанат жайған, фарфор, санфаянс, қыш бұйымдарының неше атасын шығарған ел екендігі де мәлім. 

Қазақтың парсы жұртымен таныстығы ауыз әдебиеті мұраларынан да көрініп тұратын. Тұрмағамбет Ізтілеуовтің ауда­руымен қалың елге кеңінен танылған Фердоусидің «Шахнамесінің» өзі неге тұрады!? Ілгері буынның бәрі дерлік жастайынан Фердоусидің ғаламат туын­дысынан ғұмырлық нәр алды; Рүстем-дастанды жатқа айтпаса да кішкентайы­нан құлағына құйып өскендердің қатары көп еді... Тіпті Қасым Аманжоловтың «Иран шахқа мұңың шақпа, Низами, біздің шақта – гүл құшақта, Низами» деп келе­тін өлең жолдары тіл ұшына үйіріле кететін. Қазақ тілінде парсыдан енген сөз көп. Аптадағы дүйсенбіден – жексенбіге дейінгі күн атауларынан бастап, ұлттық мерекеміз саналатын Наурызға дейінгі талай сөз – Құдай, дидар, дұрыс, назар секілді күнделікті қолданыста жүрген сөздердің талайы осы парсыдан. Қазақ­тың біртуар азаматы Нұртас Оңдасынов бір кезде араб пен парсыдан енген сөздердің арнайы сөздігін шығарған еді. Омар Хайям, Руми, Рудаки тәрізді жыр алыптарының Отаны қазақ жұртшы­лығына мәдени тұрғыда ықпал етпей қалған жоқ. Әлемге «Шығыс жұлдыздары» деген атпен әйгілі поэзия жауһарларының ішінде парсы жұртынан шыққан Мус­лихеддин Саағди, Шәмсәддин Хафиз, Әбдірахман Жәмидің ұлы ойшылымыз Абайдың дүниетанымына тигізген әсері аз емес-тін. «Мен Шираз­дың пәк сұлуын тәңіріме теңер ем, Бір меңіне Самарқанд пен Бұқараны берер ем» деп жырлаған молда Хафиздың жауһар жырларын оқып өскен қазақ көп еді. «Парсы поэзиясының атасы» атанған Әбілхасан Рудаки 40 жылдан астам уақыт Бұқарадағы саманид әмірлерінің сарайында бас ақын болып тұрғаны белгілі. Солардың бәрі өз өлеңдерін парсы тілінде жазған. Парсы тілі – поэзия тілі ретінде танылған. Тек Әлішер Науаи ғана өлеңдерін түрік тілінде жазды...

Иранның Fars News ақпараттық агенттігінің шақыруы және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министр­лігінің оң батасымен 3 желтоқсан күні таңғы 2.45-те «Махан эйр» ұшағының бортында аспанға көтерілгенде «Мың естігеннен – бір көрген артық» деген тәмсілге нық бекінген едік. Алып лайнер көк жүзіне қалықтай көтерілгенде Иран туралы бар білетініміз ми қыртысының қатпарларынан жылт ете қалған. Иран­дағы монархиялық биліктің басында тұрған Аббастан /1587-1629/ бастап, Сефевидтік Иран елінің астанасы болған Исфаһанға баратынымыз, ауғандарға әлек салып, түріктерге қарсы соғыс ашып, оларды басып алған жерлерінен түре қуған Нәдір шахтың /1729-1747/ тұсын ойша шолып өтіп, оның Үндістанға жорық жасап, Делиді табанға салғанын, 1736 жылы иран ақсүйектері мен дінба­сыларының құрыл­тайын шақырып, өзін «Иранның шахы» деп ресми жария­латқанын, соңыра Хора­санда бүлікшілер қолынан қаза тапқанын еске түсіріп, 1796 жылы билік басына келген Аға Мұхаммед ханның ел ордасын Теһранға көшірген кездерін де қиял парақтарынан өткізіп алған едік. Ең соңғы шах Пехлебидің пұшайман халі, Ирандағы революция, билікке Аятолла Хомейнидің келуі, санкциялар қыс­пағындағы елдің жағдайы, осының алдындағы президент Ахмеднижадтың биліктен кеткеннен кейінгі қой бағып жүрген қарапайым өмірі секілді Иранға қатысты деректер ой-санамыздан кино ленталарындай бір-бір сырғып өткен. Ел территориясы – 1.648.195 шаршы шақырым. Солтүстігін­де Каспий теңізі немесе Мазендеран аймағы, оңтүстігінде Парсы және Оман шығанағы. Батысында Иракпен, Түркиямен, солтүс­тігінде Әзірбайжанмен, Түркіменстанмен, шығысында Ауған­станмен, Пәкстанмен шектесіп жатыр. Иранның екі ұлы ел – Қытай мен Үндіс­тан аралығындағы ежелгі мәдениеттердің ортасында орналасуы, әлемдік аренада өз орнын табуға ұмтылуы қашан да бұл елдің шоқтығын биіктетеді. Иранның жағра­пиялық жағдайы өте қолайлы. Оның үстіне пайдалы қазбалар­дың көптігі тағы бар. Ежелден өзінің салт-дәстүрін, ұлттық ерекшелігін жоғалтпаған мызғымас беріктігі Иранның айналадағы елдерге ықпалын жоғарылатып отырды. Мемлекеттік тілі – парсы тілі. Ұлттық валютасы – риал. Иран Ислам Рес­пуб­ликасында парсы, күрд, әзірбай­жандық түріктер, араб тайпалары, белудждер, талыштар, лур сияқты ұлт пен ұлыс өкіл­дері өмір сүреді. 2005 жылғы мәліметтерге сүйенсек, Иран 30 останнан – біздің тілімізбен айтқанда, облысқа келеді, 282 кіші қаладан, 741 облыстық округтен, 716 қаладан, 2258 ауылдық кеңестерден, 68125-тен аса ауылдардан тұрады. Шығыс Әзірбайжан, Батыс Әзірбайжан, Ардебиль, Исфаһан, Елам, Бушахр, Теһран, Чахар­махал мен Бахтиари, Разави Хорасаны, Солтүстік және Оңтүстік Хорасан, Хузестан, Занжан, Семнан, Систан мен Белужестан, Фарс, Ғазвин, Құм, Күрдістан, Керман, Керманшах, Кахкилуи мен Беви­рахмад, Гүлістан, Гилан, Луристан, Мазен­даран, Маркази, Хырмызган, Хамадан, Йезд сияқты 30 остан бар болса, соның ішінде біздің жолымыз Теһран, Исфаһан, Қашан, Құм қалаларына түседі екен. 
Иран 1979 жылғы Ислам Революция­сынан кейін Иран Ислам Республикасы деген атаумен әлемге танымал. 1979 жылы халықтың саны 35 миллион болса, қазір мұндағы елдің саны 80 миллионға жеткен. Демек, 45 миллионға көбейген! 50 мил­лионға жуығы қала тұрғындары. 30 миллионы ауыл тұрғындары. Елдегі әйел адамдардың саны 40 миллионға жуық, ер адамдардың саны да 40 миллионға жақын. Ирандағы халықтың 60 пайызға жуығы – жасөспірімдер. Жастары мол елдің бірі. Конституция бойынша Иран Ислам Республикасы болып аталады, яғни ислам дінінің шарттары бұлжытпай орындалатын бірден-бір ел. Бір ғана Теһран қаласының өзінде ғана 17 миллионнан аса халық тұрады. Тұтас Қазақстан халқымен теңдес. Иран Ислам Республикасындағы діни билік діни рахбардың қолында болса, мемле­кеттік билік президенттің міндетіне жатады. 

 

Иран Ислам Республикасы былайғы жұртқа «жабық ел» санатында танылып келді. Оған себеп азуын айға білеген АҚШ-тың белгілеген санкциясы. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» дегендей, қырық жылдық санкция қыспағында отырса да ешкімге дес бермей келе жатқан Иран тегін ел емес. Өз тіршілігін жасап, өзімен-өзі дамып келеді. Ең басты көр­сеткіш – демогра­фиялық жағдайы. Саяси аренада Иран талай қату қабақ, қатқыл айылдың сойын көрген ел. «Сонша жыл дес бермей келе жатқанының себебі неде екен?» деген сауал көкейді кес-кестей берген. Барға­сын, көргесін, мұның да сырын ұққандай болдық. Негізгі экономи­касы мұнай есебінен қарқынды дамып отыр. Әйтсе де атадан балаға дейін мирас болған қолөнер, кәсіпшілік еш үзілмеген. Екі мың жарым жыл бұрынғы дағды мен дәстүр толайым сақталған. Иранды – Иран етіп отырған – иман! 


Ежелгі Иран мен Тұран халықтарының арасында діни, тілдік, тұрмыстық, мәдени байланыстардың ықылым заманнан барынша қойындасып, біртұтас бірлікте болғанын аңғару қиын емес.
Осы бір көне жұрттың қазақ елімен аралас-құраластығы кейбір тарихи құжат­тарда сақталған. Әсіресе, парсы тілінде жазылған қазақ хандарының хаттарының көшірмелерін Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғалымдары Иран астанасы Теһрандағы «Меджилис» кітапханасынан тапқаны белгілі. Севе­фидтер әулетінің тарихна­масына кіретін «Ахсан ат-тауарих», «Тарих-и алам араий Аббаси», «Тарих-и алайм араий Сафави», «Тарих-и Шах Исмаил Сафави», «Михман-нама-ий Бухара», «Аббас-нама», «Тарих-и Сафавийа» атты еңбектер біз үшін өте құнды жәдігерлер. Осы аталған еңбек­тердің әрқайсысында ирандық тарих­шылар Дешті Қыпшақ хандарына қатысты мәліметтерді келтіреді. «Тарих-и Сафа­вийа» жылнамасында Қазақ ханды­ғына қатысты деректер мол. Қасым ханға қатыс­ты көбірек айтылады. Парсылар оны «Дешті Қыпшақтың ханы», «Дешті Қып­шақ­тың патшасы» деп атап көрсеткен екен.
Сапарға бірге шыққан танымал журналист, «Егемен Қазақстан» газетінің белді қызметкері Жанболат Аупбай ағамыз да Иран еліне қатысты біршама деректерді қарастырып, зерделеген екен. Ол бір кезде Сабыр Шәріповтің «Рузи Иран» атты очерк жазғанын, ақ гвардия­шылардың Иранға қалай ауғанын, Тұр­мағамбет Ізтілеуовтің «Шахнамені» аудару жолын­дағы ізденістерін жол бойы айтып отырды.
Сонымен, әуеде төрт сағаттан аса қалықтап отырып, имам Хомейни атын­дағы Иранның халықаралық әуежайына да табан тіредік. Теһранға таңғы төрттен өте түскенімізбен, баратын қонақүйімізге табандай үш жарым сағат жол жүрдік. Алматы мен Астанадағы жол кептелісіне жылап көріседі екенсіз. Теһрандағы көлік ағыны тәулік бойы толассыз десе де болады. 17 миллион тұрғыны бар тарихи шаһардың о шеті мен бұ шетіне жету деген үлкен мәселе екен. Fars news агенттігінің өкілдері біздерді қуана қарсы алды. Барған беттен көзге ұратын бір нәрсе – мұндағы жұрттың ешқайда жанұшыра асықпайты­ны, көлік ағы­нында да бір-бірін жанталаса басып озу дегеннің жоқтығы, қанша сапы­рылысып жатса да жол бойында бірде-бір жол-көлік апатының ұшы­распағаны, біз­дегідей үлкен де кіші де ұялы телефонға жармасып алып, сампылдап сөйлес­пейтіні, жалпы бір жанға жайлы тыныш­тықтың орныққаны болды. Әбден ертеңгі болатын тірлікті жоспарлап, кестеге салып белгілеп, мерзімінен ке­шіксек, жал­пақ дүниеден құр қалатындай жанта­ласатын тіршілікке бой үйретіп алған екенбіз. Ә дегенде сабырсыз­дыққа салы­нып, барлығын білгіміз келіп, дызақтай бастадық. «Ертең бір жерге барамыз» дейді. Қайда барамыз? Кімдермен кездесеміз? Барлығы дүдамал. Одан сайын дегбір­сіздене бастаймыз. Сөйтсек, бәрі де рет-ретімен, жөн-жоба­сымен жүре береді екен. Біз бай­ғұс – жатсақ та, тұрсақ та жоспарға үйренген, күнделікті өміріміз нақ бір тартылған тростай мүлдем шиыршық атып, барлық жұлын-жүйкеміз өмірі бір босамайтын, дамыл таппайтын, дызыл­даған, зырылдаған күйде екенбіз; мұндағы күн де бір орны­нан әзер жылжитын, уақыт өтпейтін, бәрі де баяу ырғақпен өріс ала­тын жағдайға тап болғанда аңырып қалыппыз. Аздан соң бұл жағдайға да бойымызды үйреттік. Тап бір еңбек демалысына шыққан адам ұқсап, алаңсыз демалып, асықпай қыбырлап, ақырын әрекетке көштік.
Біз Иран еліне 3 желтоқсан күні келдік. Бұл күн – бұл ел үшін тарихи күн. 1979 жылы Иран Ислам Революциясы жеңген соң, 3 желтоқсанда Иран Ислам Респуб­ликасының Конституциясы қабылданған. Иран Ислам Республи­касындағы ең жоғарғы лауазым мен билік діни рахбардың қолында. Президент мемлекет істерімен айналысады. Иран Ислам Республикасы аты айтып тұрған­дай шариғат заңдарымен жүреді. Негізгі заң, яғни Конституция да осы ислам заңдарының негізінде жасалған. Конституция негізінде заң жобалары қатаң түрде орындалады. 


Конституцияның 6 бөліміне сәйкес, Иран Ислам Республикасының прези­денті, парламент депутаттары, облыстық, қалалық, ауылдық кеңестер мүшелері халықтық сайлаумен жүзеге асады. Елдің басшысы, ең жоғарғы лауазым иесі рахбар да сарапшылар кеңесімен сайланады. Иран Ислам Республикасы үш жүйелі билік көздерімен басқарылады: заң шығарушы, орындаушы, сот. Олардың бәрі ел басқарушының билігінің құзы­рында және Иран Ислам Респуб­лика­сы­ның Конституциясына бағынады. Заң шы­ғарушы биліктің мүшелері мен орын­дау­шы билік мүшелері тікелей ортақ ха­лық сайлауымен тағайындалады. Заң шы­ғару істерімен бір жүйелі парламент ай­налысады. Орындаушы билік құзыры – президент пен премьер-министрде.
Бақылау кеңесі он екі діндар мен құқықтанушыдан тұрады, алты діндарды рахбар тағайындаса, алты құқықтану­шыны жоғарғы сот парламенті сайлайды. Бақылау кеңесінің міндетіне ислам шарияты мен Иран Конституциясына қарсы қабылдан­ған заң жобаларын тексеру мен реттеу жатады. Барлық үкіметтік саясат Алланың үкімімен заңгер «Вали- е Факиһ»- пен іске асады. Ол Алла мен халық алдында өз міндеттерін орындайды. Жоғарғы заң шығарушы үкімет – бір палаталы парламент – «Мәж­лес-е шура-ие Ислами» 275 депутаттан тұрады, және оларды халық 4 жыл мерзім­ге сайлайды. Сонымен қатар Консти­туцияда ақсақалдар алқасының кеңесінің «Шура-ие Негаһбанан-е Ғанун-е Ассаси» билігі де айқындалған. Олар Ассамблея­ның резолюциясын қабылдауға және қабылдамауға құқылы.
«Мәжлес-е шура-ие Ислами» деп аталатын парламент ғимаратына кез келген адам кіре алады. Ғимарат ма­ңайында елдің түкпір-түкпірінен кел­ген азаматтар өз талап-тілектерін депутат­тарға ашық жеткізеді. Осы ғимаратта болдық. Келер жылдың бюджеті талқы­ланып жатыр екен. Әр остан депутаты сөз алу құқығына ие, айтар сөзін белгіленген регламентке сыйғыза алмағандарға алдын ала ескерту жасалады, сосын микрофонды өшіре салады...
Иран Ислам Республикасының бай­рағы – үш түсті: жоғарғы жағы жасыл түсті, ортасында ақ, төменгі тұсы қызыл. Жалау «Аллаһ ұлы» деген 22 рет жа зылған сөздермен көмкерілген. Жасыл түс – бейбітшілікті, ақ түс – бейбітшілікті, қы­зыл түс – иран ұлтының діни көзқа­рас­тарының қорғаушы күші болып есептеледі. 
Иран Ислам Республикасының ресми діні – ислам діні, шийт ағымы, сондай-ақ ханафи, шафи, малики, занбали, зейдит секілді ислам ағымдарына да тиісті құрмет көрсетіледі. Иран Ислам Республи­касындағы 98%-ға жуық халық осы мұ­сылмандар, олардың 91% шейт ағымы­ның өкілдері. Сонымен қатар ресми тіркелген христиан, зороастр, иудеи діндерінің өкілдері де бар.
Fars news агенттігі – Ирандағы тұңғыш тәуелсіз ақпарат агенттігі екен. Құрыл­ғанына 15 жыл болыпты. Иран Ислам Рес­публикасындағы және әлемдегі әлеумет­тік-саяси және экономикалық оқиғалардан тәулік бойы үздіксіз хабар тарататын қуатты агенттік. Негізінен пар­сы, ағыл­шын, түрік және араб тілдерінде хабар таратады. Fars news-тің сайты қол­да­нушылардың көптігі жағынан Иранда бірінші орын алады. Ирандағы басқа масс-медиа бұл агенттіктің хабар­ларына жиі сілтеме жасайды. Агенттіктің бас дирек­торы Сеид Незомоддин Мусави мырзамен кездестік. 


– Құрылған күннен бастап біздің агенттіктің басты ұстанымы – ашық та анық ақпарат тарату болды, – дейді Сеид Мусави мырза. – Иран Ислам Республи­касында болып жатқан оқиғалар мен жаңалықтарды елімізге, сондай-ақ шетелдерге барынша кеңінен, нақты деректер мен дәлелдер негізінде таратуға ұмтылыс жасаймыз. Ливан, Сирия, Ирак, Египет, Катар, Бахрейн, Сауд Арабиясы, Тунис, Ливия, Судан, Үндістан, Пәкстан, Латын Америкасы елдерінде өкілдік­теріміз бар. Сондай-ақ Орталық Азия елдеріне, Орта Шығыс, Кавказ, Африка, Еуропа, Океания мен Үнді құрлығындағы елдерге айрықша назар аударып отырмыз. 2010 жылы Мешхед қаласында өзіміздің өкілдігімізді аштық. Бастапқыда еліміздің шығыс және солтүстік шығыс бөлігінде болып жатқан оқиғаларды жазып көрсетіп отырдық. Келе-келе редакция­мыздың бұл бөлігінің жұмысы кеңейді. Соның базасында Орталық Азия елдері, Ауғанстан және Үнді құрлығы бойынша арнайы бөлім ашылды. Қазіргі таңда біздің өкілдіктеріміз Душанбе, Ашхабад, Кабул және Исламабад қалаларында тұрақты жұмыс істеуде. Сол сияқты Ташкент пен Бішкек қалаларында да өз өкілдігіміз бар. Ендігі таңда мұндай өкілдікті Қазақстанда да ашсақ деген ойымыз бар, – деді ол.
Fars news агенттігі бас директорының зерттеу және ағартушылық мәселелер жөніндегі орынбасары Сайид Ясир Джебраили мырза үстіміздегі жылдың 17-18 мамырында Бішкек қаласында болып, төрт қырғыз ақпараттық редакциясында кездесулер өткізіпті. «Эркин Тоо», «Кыргыз Туусу», Қырғыз ұлттық «Кабар» ақпарат агенттігінде және «ЭлТР» мемлекеттік телерадиокомпаниясында болғанда Иран елінің ақпараттық салада жасап жатқан жұмыстарын кеңінен баяндап беріпті. Келешекте Орталық Азия елдерімен және Таяу Шығыс мемлекеттерінің ақпарат кеңістігінде біртұтас ақпараттық жүйе құру туралы сөз байласыпты. Иран елімен ақпа­раттық салада тығыз байланыстың басталғанын бізбен сапарлас болған бірнеше қырғыз журналисінің сөздері де қуаттайды. Тек қана мәдени байланыстар ғана емес, сонымен бірге түрлі саладағы кәсіпкерлік қызметті де жандандыру бағытында бірқатар жобалар қолға алы­ныпты. Джебраили мырза қырғыз тележур­на­листерін Иран елінде тәжі­рибеден өткізуге, сондай-ақ Қырғызстан­ның мем­лекеттік телеарнасына ирандық кине­матографтардың түсірген фильмо­текасын жеткізіп беруге уәде берген екен.
Сеийд Ясир Джебраили мырза жас та болса сұңғыла жігіт көрінді. Әлемде болып жатқан түрлі саяси оқиғаларға сараптама жасай келіп, ол ақпараттың анық, бұрмалаусыз болуы маңызды екендігіне тоқталды. – Қазіргі жаһандану жағдайында бірқатар батыс және аме­рикалық ақпарат құралдары тарапынан Иран Ислам Республикасын құбыжық етіп көрсетуге ұмтылыс бар. Өтірікке, жалаға, жалған айыптауларға қалайша қарсы тұруға болады? Ақиқат біржақты болмауы керек. Ақпаратты балама тұрғыда беру қажет. Осы тұрғыдан алғанда біздің агенттік Иранның ақпарат кеңіс­тігінде өз орнын ойып алып отыр. Біз кейде тіпті Сыртқы істер ми­нистр­лігінің тұжырымдарымен келіспей қаламыз. Сондай кезде жоғары лауазымды тұлға­ларды сынаудан да тартынбаймыз. Өйткені ел мүддесі бәрімізге ортақ, – дей келіп, ол өз агенттігінің атқарып жатқан жұмыстарын баяндап берді.
Агенттік редакциясында 150 адам жұмыс істейді. Тәулік бойына тыным жоқ. Толассыз ақпарат легі ағылып жатыр. Тілшілердің қалай жұмыс істеп жатқанын көзбен көрдік. Біздің елдегідей сенбі, жексенбіде демалу деген жоқ. Нағыз ақпарат агенттігі! Өз өнімдерін ұсынып отыр. Уақыт ағымынан бір қалыспайды.


Иран астанасы Теһран қаласы – тарихқа тұнып тұр: мұнда «Табиғат» деп аталатын ғажайып көпір бар, биіктігі жағынан әлемде алтыншы орын алатын телемұнара да көкке мойнын созып тұр; оның шырқау биігіне шыққанда адамның басы айналады, 17 миллион тұрғыны бар елордасы алақанға салғандай көрінеді; ал 45 метрлік Азаттық мұнарасы тіпті ерекше, аппақ ақ мәрмардан қаланған мұнара түнде түрлі-түсті жарықпен жүз құбылады; Иран мемлекеттілігінің 2500 жылдығы құрметіне тұрғызылған мұнараның түбінен адам арылмайды, «Азаттық алаңы» деп аталатын осы жерге күндіз-түні келушілер легі бір толас­тамайды.
Ирандықтар «Пайғамбар» деген кино түсіргені белгілі. Парсы агенттігінің студиясында осы киноның қалай түсі­рілгендігі туралы деректі фильм көрдік. Қазір әлемдік кинопрокатқа шығып, бірталай елде көрсетіліп жатқан бұл киноның көрсетіліміне Сауд Ара­биясы бастаған бірқатар мұсылман елдері қарсы. Сүйікті Пайғамбарымыздың жастық шағы бейнеленген туындыда расулдың дидары анық көрсетілмейді, алайда дү­ниеге шыр етіп келген сәті, ту сыртынан, немесе бір қырынан көрсе­тілгені суннит ағымының өкілдерінің наразылығын туғызған...
Иранда жыл сайын 60-тан аса кино­фильм түсіріледі екен. Кино индустриясы үлкен қарқынмен дамып келеді. Иран фильмдері әлемдік кинофестивальдарда жүлделі орындарға ие болып та жүр. Елде 284-тен аса кинотеатр жұмыс істейді. Fars news агенттігінің өкілдері елдің озық фильмдерінің Орталық Азия елдерінде таралуына қатысты пікірлерін айтты. Әсіресе, телевидение саласында иманды­лыққа шақыратын тәрбиелі фильмдерін ұсынуға әзірліктерін білдірді.
Теһранда негізінен шахтардың жазғы резиденциясы болған, аумағы бірнеше гектарды алып жатқан сарайларды аралап көрдік. Мұнда мектеп оқушылары көп келеді екен. Пехлебидің салтанатты сара­йын тамашаладық. Көңілге түйген ой көп. Шахтар келеді, кетеді. Халық жасай береді. 
Әйгілі «Теһран конференциясы» өткен жерді өз көзімізбен көргіміз келген. Әлемнің бірнеше елінде Абай ескерт­кіштері барын білеміз: Ресей астанасы Мәскеудің «Чистые пруды» бульварында, Венгрия астанасы Будапешттегі Астана көшесінде, Қытай астанасы Пекиннің орталығындағы «Чаоян» саябағында, Ташкенттегі Қазақстан елшілігінің жаңа ғимаратының алдында, сондай-ақ Иран астанасы Теһрандағы ұлттық кітапхана аллеясында ұлы Абай ескерткіші ор­натылғанынан хабардар едік. Сапар кестесіне кірмегендіктен «көрсек-ау» деген біраз орынды көре алмай қалған жайымыз бар. Бұл үнемі ізденісте жүретін Жанболат Әлиханұлына қатты батты, «осылар қызық, қайда баратынымызды айтпайды, барғымыз келген жерге апар­майды» деп шамалы қынжылып жүрді.
Исфаһан шаһары Теһраннан 350 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Автобуспен жол тартып келеміз. Иран­ның автожолдары да ғажап. Иран жолдарындағы тасымалдау «Елдің тасымалдау ұйымы» деп аталатын, 3300 тасымалдау ұйымдарын біріктірген жүйе арқылы жүзеге асады. Негізінен, барлығы жекеменшікте десек те болады. Иран жолдары әлемдік стандарт­тарға толық сәйкес. Жол бойындағы қызмет көрсету өте жақсы ұйымдасты­рылған. Күре жол бойынан 200-300 метр қашықтықта ірі сервистік-кешендер орналасқан. Туристер үшін барлық жағдай жасалған: тамақтану, тынығу, сауда орталықтары, автокөлік жөндеу орындары, май құю стансалары бәрі бір кешенге біріктірілген. Үлкен жолдың бойында қалай болса, солай салынған нысандар байқалмайды. Жол бойында туристердің назарына осындай сервистік кешендердің қай жерде, қандай қашықтықта орналас­қандығы жөніндегі сілтемелер кездеседі. 
Исфаһан қаласында 1 миллион 800 мыңдай адам тұрады. Қалаға жылына 7-8 миллион турист келеді. Қалада 11-19 ғасырлардағы Ислам архитектурасының ескерткіштері орналасқан. Көне шаһарда көретін орын мол, соның ең бастысы – «Имам» алаңы. Бұл көлемі жөнінен дүниежүзінде екінші орында. Алаң 16 ға­сырда Сефевиттер әулетінің билігі тұсында салынған. Осы алаңда қаланың ең көне «Имам» мешіті орналасқан. Мешітке қарама қарсы Дали – Капу немесе «Империя сарайы» келген жандар­дың назарын бірден өзіне тартады. Бұл жерде шығыстағы ең үлкен базар бар. Тарихи ескерткіштер толық мемлекет қамқор­лығына алынған. Тарихи ескерт­кіштерге қарау жергілікті биліктің құзырында. Осыдан мың сан жыл бұрын зергер ұсталардың қолынан шыққан дүниелердің қалай жасалатынын көремін десеңіз, базарды араласаңыз сол баяғы шеберлердің ұрпақтары бабалар ісін сол күйі, мұрты бұзылмастан жалғастырып отырғанын аңдайсыз.
Ештеңе өзгермеген: қолөнер туын­дылары жасалып жатыр, тек ұрпақ алмасқан, болды. Баяғыда қазақтың да әр ауылында ұсталар болушы еді, күмпіл­детіп көрік басып, неше түрлі бұйымдар жасайтын.., кеңестік билік соның түбіне жетіп тынды. Ал бұлар бәрін сақтап қал­ған. 300 жылдан аса тарихы бар ғимарат саналатын «Аббаси» сарайына бас сұқ­саңыз, ортағасырлық сәулеттік кел­бетін сол күйі сақтап қалғанын көресіз.
Біз болған Қашан және Құм қалала­рында да осы көрініс. Шөлейт жерде орналасқан Құм қаласында Иран патша­ларының жазғы демалыс қонысы бар. «Иранбақ» дегенді талай естігенбіз. Сол «Иранбақ» – осы. Сусыз шөл далада жылт етіп көрінген бұлақ суынан неше түрлі хауыз жасалып, патшалар тыны­ғатын зәулім сарай салынған; ешқандай насос­сыз-ақ су бұрқақтары атқылап тұр; көне ғимараттағы безендіру және әрлеу әдістері, тіпті керемет; бұл күнде қабық­тары қурай бастаған шынар ағаштарының арасында «Мәжнүн тал», немесе «Ләйлі-Мәжнүн» деген – қатар өсіп, ұшар басы бір-бірімен байланыса өрілген ағаш та осында...Бір ғажайып ертегілер әлеміне еніп кеткендей әсер аласыз.
Теһрандағы «Баян» ақпараттық даму жүйесінің жетекшісімен біраз сұхбат құрдық. 36 елдің 200-ден астам теле­радиокомпанияларымен тығыз байла­ныс орнатқан бұл ұйымның құрылғанына 10 жыл болған. – Ислам әлемінде қазір не болып жатқанын жақсы білесіздер. Қанша жылғы қыспақта отырса да Иран өз даму жолынан жаңылған жоқ. «40 жылдай уақыт қалай шыдас беріп келесіздер?» деген сұрақты әркім қояды. 2010-2014 жылдар біздің елге өте ауыр тиді. Ислам – ақырғы және ақиқи дін, еліміз шариғат заңын ұстанады. Адам баласын сыйлау, бейбіт өмір сүру – біздің басты өлшемдеріміз. Біздің еліміз нанотехнология саласында сұрапыл серпіліс жасады. Нанотехно­логияны енгізуде әлемде жетінші орын аламыз. Ислам елдерінің теле және радио кешендерін біріктіру арқылы әлемдік гегомонизмге қарсы тұруды мақсат етіп отырмыз. Әлсіз бен қорғансыздың мұңын кім мұңдайды? Әзірет Әлі заманынан біздің еліміз бейбіт өмір сүруді, жер бетіндегі жанашыры жоқ бейбақтарға қорған болуды мақсат-мүдде тұтып келеді. Палестина халқының зарына кім құлақ асады? Американдық гегомонизм білгенін жасай беруі керек пе? Қазір Сирияда не болып жатыр? 25 коррес­пондент шейіт болды. Сириядағы содыр­лар ертең қайда барады? Олардың арасында Орталық Азия мен Кавказ жұртының өкілдері де бар. Олар өз елдеріне барып лаң салмайды деп кім айта алады? Біз барлық ақиқатты ашып көрсетуіміз керек. Дұрыс ақпараттық саясат жүргізу арқылы ғана жағдайды реттеуге болады. Ит ырқылжың жағдайда бейбіт адамдар жазықсыз құрбан болып жатыр. Біздің орталықта өз өндірісіміз бар, ақпараттық қызмет атқарылып жатыр. Жаңа буынды тәрбиелеуге көп көңіл бөлеміз. «Юниос» деп аталатын ақпараттық агенттігіміз күн сайын 50 видеорепортаж жасайды. Мәдениет – мемлекеттердің даму өзегі. Адам тәрбиесіне айрықша көңіл бөлу керек. Отбасы құндылықтарын дәріптеуіміз қажет. Шығыс мәдениеті – ерекше мәдениет. Қазіргі таңда ел мен елді алыстату үдерісі байқалады. Иран – ежелгі ел. Өз дәстүрі, өз құндылықтары бар. Бұл құнды­лықтар адамзат баласының құндылықтарымен үндеседі. Американың Орталық барлау агенттігі 2020-2040 жылдарға дейінгі жоспар жасап қойған. Алдағы уақытта Қытай, Үндістан, Ресей және Иран елдеріне көп нәрсе байла­нысты. Сондықтан келешекте осы төрт елде «бірдеңе» болатын болса, таңғалуға болмайды. АҚШ бұл аймақтарда «тұрақ­сыздық белбеуін» орнатуды көздейді. Біз бұған жол бермейміз.


 

Діни мерекелері:
Ейд-е фетр – ораза айының біту салтанаты;
Ейд-е құрбан – құрбан айт;
Ейд-е маб’ас – Мұхаммедтің үмбетінің келуі
Ейд-е Қадир – Әлидің Мұхаммедтің орнын басуы
Мұхаммед пайғамбардың туған күні
Әзірет Әлидің туған күні

Ұлттық мерекелері:
Ислам Революциясының жеңген күні
Ноуруз – жаңа жыл мерекесі
Сиздаһ бе дар – наурыздың 13- і күні
Чахаршанбе Сури – Наурыздың алдындағы сәрсенбі
Саде – ежелгі иран мерекесі
Меһрган – ежелгі иран мерекесі, қырман той

 


 

 Палау, челу кәуап, абгушт, арнайы әдіспен пісірілген күріш. Сонымен қатар жеміс-жидектер, көкөністер, айран, шай, сусындар, тәттілер. Соның ішінде гәз, пахлава, пәшмәк кеңінен танымал.
 Иранда атастыру рәсімі кеңінен жайылған. Үйлену рәсімі ерлер үшін қол жетпес бақыт болып саналады, себебі иран қыздары өте қымбат, яғни жар алу үшін үлкен қаражат керек. Шариғат бойынша ерлер 4 әйелге дейін алуға болады, бірақ бұл әйелдердің рұқсатымен іске асады. 
 Иранда жыл 365 күнге созылады. Жылдың басы 21-наурыздан басталып,келесі жылдың 20-наурызымен аяқталады. Алдыңғы алты ай 31 күннен, бес ай 30 күннен және соңғы ай 29 күннен тұрады. Иран жыл санауы 622-жылдан бастап есептелді, Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с) Меккеден Мәдинеге келген күні. 
 1971 жылы Иран елі парсы мемлекеттілігінің 2500 жылдығын тойлады. Олар өз мемлекеттілігінің бастауын Ахемен əулетінің патшасы Кирден бастайды. Осы мерекеге орай елде 2500 мектеп салынған, көптеген қалаларда абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Мерейтойдан хабар тарату үшін əлемнің ірі БАҚ-тары мен ақпараттық агенттіктерінен 600-ден астам журналист келген. Мерекеге 52 мемлекет және үкімет басшылары қатысқан. 


 

Эмилбек МАМУНОВ, 
Fars news агенттігінің Бішкектегі өкілі:

– Иранда кәдімгі қол сүртетін қағаздан бастап, автомобильге дейін өндіріс қарқынды дамыған. Сонымен қатар Иранда пайдалы қазбалар көздері, азық- түлік, жеміс-жидек, мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы, қолөнер бұйымдары ел экономикасының дамуына өлшеусіз үлес қосып отыр. Ирандықтар спорттан да құр алақан емес. Иран футбол командасы екі мәрте Азия біріншілігін жеңіп алды. Күреске келетін болсақ, әлем біріншіліктері мен Олимпиада ойындарында спорттың бұл түрінен де ирандықтар алдыңғы орындарға ие болды. Иран әйелдер арасындағы алғашқы Олимпиаданы ұйымдастырушы ел. Біз қазіргі таңда Қырғызстан мен Қазақстанда болып жатқан оқиғаларды дер кезінде Иран жұртшылығына жеткізуді мақсат тұтып отырмыз.


Эгамберды КАБУЛОВ, 
«Ритм Евразии» ақпараттық-аналитикалық порталының шолушысы: 

– «Иранда еркектерге қарағанда әйелдердің еркіндігі мүлдем шектелген» деген ақпарат бар. Осының шылғи өтірік екендігіне көзім жетті. Орталық Азия мен Ресей журналистері «Fars News» агенттігінде болдық. Иранда әйелдер ерлермен тең қатарлы жұмыс істейді. Олардың арасында журналист мамандығын алғандар да жеткілікті. Сегіз қабаттан тұратын агенттік ғимаратында экономика, саясат, спорт тағы сол сияқты толып жатқан бөлімдер бар. Соның бәрінде әйелдердің қарасы көп. Әсіресе, әлеуметтік сала бойынша маманданған әйел журналистер баршылық. Үстеріне жамылғы жамылғаны болмаса, еркектерден еш қалыспай жұмыс істеп жатыр. Олармен тілдескенде жылы шырайлы, әңгімеге ашық, адамдарға үйірсек келетінін бірден байқауға болады. Тіпті бізбен суретке түсуден де тартынған жоқ. «Ислам фундаментализмі» деген сарынды еш жерден кездестіре алмадық. Еуропа әйелдерінен өзгеше киінгені болмаса, бәрі де өз орнында.

 


 

ТҮЙІН:

Халқымызда «жеті жұрттың тілін біл» деген дана сөз бар. Ежелден аралас-құралас болған Иран елімен қарым-қатынас жақсарып келеді. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Иранға жасаған сапары, Иран президентінің таяудағы Қазақстанға келуі бұл қарым-қатынастарға жаңа серпін беруде. Қазір Иранға белгіленген санкция «жұмсарды», яғни Біріккен Ұлттар Ұйымының санкциясы алынып тасталды. АҚШ-тың санкциясы ұзартылды... Парсы елінің жетекші агенттігі Қазақстан және Орталық Азия мемлекеттеріне айрықша назар аударып, өз өкілдігін ашуды мақсат тұтып отыр. Осы тұрғыдан алғанда еліміздегі Шығыстану факультеттерінде парсы тілін меңгеріп жатқан жастарды Иран Ислам Республикасын терең зерттеуге бағдарлау қажеттігі білінеді. Әлемдік саяси аренада өзіндік орны бар Иран елімен дұрыс қарым-қатынаста болу өте маңызды мәселе.
Иран Ислам Республикасында әйелдердің орны ерекше. Барлық игілік әйелдерге бағытталған. Ананы, қызды, әйелді құрметтеу ісін осы елден үйренсе болады. Қыздарға жігіттердің қылжақтап тиісуі, бойжеткендердің жөнсіз ырбаңдауы деген атымен жоқ. Имам Хомейни «Иранда әйелдер ең көп зардап шеккен қауым, сондықтан барлық жағдайды әйелге жасау керек» деген тұжырым жасаған екен. Қай жерге барсаңыз да, осынау қағиданың өмірлік маңыз алғанын көруге болады. Бұл біздің дана Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе, бесігіңді түзеу үшін әйелдің халін түзе» деген ойымен орайлас. Біз құр сөзбен ғана қалдық. Ал Иран елінің артықшылығы осы мәселені іс жүзіне асырғанында!