Негізгі бет  /  мақалалар  /  Майдангерді мерекемен құттықтады

Майдангерді мерекемен құттықтады

Айқын-ақпарат
1089
Майдангерді  мерекемен құттықтады «Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» демекші, арамызда әдемі қартайып, жасы келген шағында үрім-бұтағының ғана емес ауылының, жерлестерінің ықыласына бөленіп, ардақтысына айналған қарттар баршылық.

Солардың бірі – Панфилов ауданының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Али Азизов. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында «Нұр Отан» партиясы Панфилов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Досмаилов «Ардагерлерді ардақтайық!» партиялық жобасы аясында жасы жүзге таяған қарияны Жаңа жылымен құттықтап қайтты. Али Тохтахунұлы 99 жаста. Әлі де тың. Бала-шағасына майдан жылдарындағы естеліктерін айтып, адалдық пен еңбекқорлыққа баулып отырады.

Мерекеге орай партия ұйымы атынан мерекелік дастарқанға арналған сый-сияпат себетін табыс еткен филиал төрағасының бірінші орынбасары: – Бүгінгі жас – ертеңгі қарт. Осы заңды­лыққа бас иген қазақ қашаннан үлкеннің алдынан кесе-көлденең өтпеген. Хал­қымыздың «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» немесе «Ауылыңда қартың болса жазып қойған хатпен тең» деген секілді пәлсапалық мәні зор қанатты сөздері де ұлтымыздың қарияларға құрметін біл­дірсек керек. Аузы дуалы ақсақалы бар ел жастарының қашанда жөнсіздік пен жолсыздыққа бой ұрмасы анық, – дей келе, ел өміріне елеулі еңбегін сіңірген қарияға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тіледі.
Қазіргі кезде Жаркент өңірінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерінен көзі тірі жеті майдангер ғана қалған. Қалған 500-ге жуығы тыл еңбеккерлері. Аудандық партия ұйымы елі мен ертеңі үшін жанын да, қанын да аямаған, еселі еңбегімен басқаларға үлгі болған ардагерлерін әрдайым есте ұстап, «Ардагерлерді ар­дақ­тайық!» жобасы, «Есіктен-есікке дейін» акциясы аясында қарастырылған қайырымдылық және қолдау шараларын жүзеге асыруда. Жыл басынан бері аудандағы 40 жалғызілікті қарттың әлеуметтік картасын әзірлеп, оларға жыл бойы қол ұшын беріп келеді. Әлеуметтік және медициналық көмек көрсету, қайы­рымдылық акцияларын ұйымдастыру дәстүрге айналған. Жуырда дәрігерлер мен партия мүшелері қарттардың үйле­ріне барып, жағдайларын сұрап, меди­циналық тексеруден өткізді. Ақ желеңді абзал жандардан құрылған топ ардагер­лердің әрқайсысымен жеке пікірлесіп, денсаулығының қандай күйде екендігін біліп отырады. 
Болат АБАҒАН, 
Алматы облысы