Негізгі бет  /  мақалалар  /  Балаларға жаңажылдық кеш ұйымдастырды

Балаларға жаңажылдық кеш ұйымдастырды

Айқын-ақпарат
805
Әрбір бала өзінің жас айырмашылығына қарамастан, жаңажылдық мереке қарсаңында Аяз ата мен Ақшақарды асыға күтетіні, әдемі сыйлықтар мен түрлі тәттілерді аңсайтыны шындық.

 Бала қиялына шектеу жоқ екенін ескерген үлкендер бұл жолы Алматыдағы №1 жетім балалар үйінің тәрбиеленушілері мен көмекке мұқтаж жетім балалар үшін нағыз мерекелік кеш ұйымдастырды.

«Нұр Отан» партиясының Алматы қа­лалық мәслихатындағы депутаттық фракция мүшелерінің қатысуымен ALMATY TОWERS ойын-сауық орталы­ғында өткен «Бақытты балалық шақ» партиялық жобасы аясындағы жаңа­жылдық ойын-сауық шарасы балаларды үлкен әсерге бөледі. Олардың нұрлы жүзіндегі шуақты күлкісі мен шаттыққа толы ән-жырлары шын мәнісінде, бала­лардың ең бір бақытты сәттерінің көрі­нісін сездіретіндей еді. Кинозалда «Моана» мультфильмін көріп, жүгері жеп, тәтті сусындар ішкен ұл-қыздар өз ризашылықтарын осылайша білдірді.
«Еліміздің Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев барлық балалардың әлеуметтік жағдайын ерек­ше назарда ұстайды және жағдайы тө­мен отбасылардағы бүлдіршіндерге тұрақты қамқорлық жасайды. Біз Ел­ба­сының тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында, әрі «Бақытты бала­лық шақ» партиялық жобасы аясында ALMATY TОWERS ойын-сауық орта­лығында өздеріңе арнап, үлкен мере­келік кеш ұйымдастырып отырмыз. Оқуды жақсы оқыңдар, еліміздің білімді, білікті азаматы болып өсіңдер! Болашақ сендердің қолдарыңда, баршаңды Жаңа жылмен құттықтаймыз!» деді өз сөзінде қалалық Мәслихатттағы партиялық фракция мүшесі Қанат Төсекбаев. Мерекелік көңіл күй кешкен балалар өздерінің өнерлерін де ортаға салды. Мұн­дай ауқымды жаңажылдық іс-ша­ралар партияның Алатау, Медеу, Жетісу, Түрксіб аудандық филиалдары­ның ұйымдастыруымен де арнайы безендіріл­ген ғимараттарда өтіп, оған 330 жетім бала қатысты. Қалалық Мәс­ли­хаттағы нұротандықтар Ерлан Стам­беков, Фа­рида Мерхамитқызы, Ержан Еркінбаев, «Алтын алма агро» ЖШС директоры Ижан Масанов, партия Бостандық аудандық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Қалима Жанатова және басқа да белсенділердің қолдауы­мен балалардың барлығына жаңажыл­дық сый-сияпаттар үлестірілді.
«Менің партиялас әріптестерім өздерінің ізгілікті іс-әрекеттері арқылы өсіп келе жатқан жас ұрпаққа өнегелі тәрбие көрсетті. Ең бастысы, бұл жақ­сылықтар ешқандай даңғазасыз, шын жүректен жасалғаны қуантады» дейді Фарида Мерхамитқызы.