Негізгі бет  /  мақалалар  /  Оңтүстікте жаңа концепция немесе Төлебиде тың жобалар жүзеге аспақ

Оңтүстікте жаңа концепция немесе Төлебиде тың жобалар жүзеге аспақ

Айқын-ақпарат
460
Оңтүстікте жаңа концепция немесе Төлебиде тың жобалар жүзеге аспақ Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облысқа келген азғана мерзім ішінде бірқатар тірліктерді атқарды.

Зиялы қауыммен, кәсіпкерлермен кездесті, облыстың қажеттілігімен танысты. Ауылға барды, тұрғындармен сөйлесті. Жағдайын білді, мұң-мұқтажын көрді. Кабинетінде бір күн де отырған жоқ, әлі де елдің ортасында жүр. Мұнысы облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын тереңірек білгісі келгеннен шығар деп ойладық. 

Рас, жаңа әкімнің жоспары көп екен. Оның бірнешеуін жүзеге асырып та келеді. Әр ауданға  барған сапарында әрбір аумақты жекелей  дамытудың  жаңа концепциясын дайындауды тапсырған-ды. Міне, жуырда алғашқы концепция облыс активінің алдында қорғалды. Ол табиғаты туризмге сұранып тұрған тамаша өлке, кіші Швейцария атанып кеткен  Төлеби ауданының болашағына құрылған жоспар еді. 
Шыны керек, ауданға әкім болып барғанына 4 айға жуықтаған Бұқарбай Пармановтың қазіргі тірлігіне ел сүйсініп жүр. Аудан орталығы Леңгір қаласында бірнеше жылдан бері жаңашылық байқалмаған еді. Енді қаланың қақпасын келген қонақ пен аудан тұрғындарының көңілін көтеретін ерекше стильде жайнатып қойды. Жол бойларына ескерткіштер орнатып жатыр. Әйтеуір,  Леңгір қаласында қазір қозғалыс бар.  Мұның барлығы да қосымша қаржысыз, бюджеттің мүмкіндігі мен демеушілер есебінен жүзеге асып жатыр екен. 
Ауданның  2017 жылға арналған әлеу­меттік-экономикалық даму концепциясында аудан әкімі Б.Парманов  барлық сала негізінен 3 бағытқа біріктіріліп, дамытылатынын атап өтті.
Облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы ау­данның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін толық іске асырып, халықтың әл-ауқатын арттыру негізінде жасалған даму тұ­жы­рымдамасы ауыл шаруашылығы, кәсіп­керлік  және өнеркәсіп пен туризм саласы сынды 3 бағыт бойынша іске асыры­латынын жеткізді.  
– Оңтүстік өңірі аграрлы аймақ болған соң концепцияның маңызды және үлкен бағытының бірі ауыл шаруашылығы саласын дамыту болып табылады. Бұл бағытта су шаруашылығын, өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын, үй шаруашылығын  және  сервистік қызмет көрсету қолға алынады, – деді әкім.
Ауыл шаруашылығының дамуына негізгі серпіліс беретін фактордың бірі жерлерді заманауи үнемдеу және жаңа технологияны қолдану арқылы суландыру. Өз кезінде бұл қарқынды технологияларды пайдалана отырып бау, жеміс-жидек, көкөніс өнімдерін өндіруге, өнімділігі жоғары мал азықтық дақылдарын дайындауға, елді мекендерді ағын сумен толық қамтуға мүмкіндік береді. 
Мәселен, аудандағы суармалы жерді толық сумен қамту үшін үш кезеңде жұмыс жүргізіледі. Бірінші 9 каналды су құбырына ауыстырып жерлерді тамшылатып суғару жүйесіне көшіру. Екінші кезеңде 23 каналға лоток салу немесе бетонмен қаптау  жұмыстары жүргізілсе,  үшіншіден, су деңгейінен биік орналасқан жерлерді су сор­ғыштар арқылы суландыру.  Нәти­жесінде, суармалы жер көлемі 16000 гектарға жетсе, жеміс-жидек 2200 гектардан 10 мың га дейін ұлғаяды. Ал өнім көлемі 12 мың тоннадан 60  мың тоннаға өседі деп күтілуде. 
Жиында өсімдік шаруашылығын, мал бордақылау, сүт фермаларын дамыту және сүт өнімдерін қайта өңдеу бойынша жоспарлар да айтылды. 
Тұжырымдаманың екінші бағыты кәсіпкерлік және өнеркәсіп салаларын дамыту мақсатында келер жылы 104  жоба іске асырылмақ. 
Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде 1 млрд 100 млн теңгеден асатын 3 жобаны енгізу жоспарланған. 
– Оңтүстіктің туристік индустриясын дамыту үшін концепцияның үшінші бағытында ауданда туристік демалыс аймақтарын дамыту көзделген.
Бұл бағытта ауданда эко-туризм, зиярат ету, сауықтыру, жоғары сервистік қызмет пен көпшілікке арналған демалыс орындар салынбақ. «Тау самалы» демалыс аймағында бой көтеріп жатқан этноауылдарда  салт-дәстүрге сәйкес киіз үйлер безендіріліп, ұлттық қолөнер бұйымдар жасалынып, ұлттық тағамдар дайындалмақ.  Бұл бағытта  тұрғындарды ұйымдастырып, несиелер алу жолдары қарастырылуда. Ауданда ең алдымен туристтік сервистік қызметтерді жақсарту қажет. Осы жұмыстар нәтижесінде, туристік демалыс аймақтар санын 48-ден 60-қа көбейтіп,  келуші туристер саны 26 мыңнан 55 мың адамға өсіру жоспарлануда, – деді аудан әкімі. 
Сондай-ақ концепцияда ауданның инфрақұрылымын дамыту мен  абаттан­дыруына баса көңіл бөлініпті.
 
Назгүл НАЗАРБЕКОВА, 
Оңтүстік Қазақстан облысы