Басты  /  мақалалар  /  Мешін жылы: Дүниені дүрліктірген саяси оқиғалар

Мешін жылы: Дүниені дүрліктірген саяси оқиғалар

Айқын-ақпарат
717
Мешін жылы: Дүниені дүрліктірген саяси оқиғалар Жаңа жылдың басталуына да санаулы күндер қалды.Тағы бір жыл тарих қойнауына сүңгіп, адамзат жаңа өмірге қадам басқалы тұр.

 Жүріп өткен жолымызға тиянақты, түйінді қорытынды жасап, елдің есінде қалған елеулі оқиғаларға талдау жасайтын уақыт та келді. Өтіп бара жатқан жыл әлем жұртын елең еткізген күтпеген жаңалықтарға толы болды. Назарларыңызға Baq.kz шолу жасаған төрткүл дүниені дүрліктірген басты саяси оқиғаларын ұсынамыз.

Қауіпті президент

АҚШ Президенті сайлауында Республикалық партия атынан кандидат болған Дональд Трамптың жеңіске жетуі әлемдік саясат сахнасындағы басты әрі күтпеген оқиға болды. Сөздің шыны керек, сайлау нәтижесі белгілі болған 9 қарашаға дейін жер шары тұрғындарының негізгі бөлігі, оның ішінде сарапшылар демократ Хиллари Клинтонның жеңісіне сенді. Болжамды әлеуметтік сауалнама да растаған еді. Бірақ іс жүзінде олай болмай шықты. Трамп 40-тан астам штатта 276 дауыс жинап, қарсыласынан жеңісті жұлып алды. Бұл жаңалық әлемнің түкпір-түкпіріне қас қағым сәтте тарап, дүйім жұртты дүрліктіріп жіберді. Өйткені саяси элитадан тыс адамның әлемдегі ең ықпалды алпауыт елдің тізгінін ұстауы расында да қауіпті екенін көкірегінде саңылауы бар жан жақсы түсінетін.

Bloomberg болжамдары жиі шындыққа айналып жататынын ескерсек, бұл сөзіміздің жаны бар секілді. Агенттік сауалнама жүргізген сарапшылар саясаттың иісі мұрнына бармайтын жылжымайтын мүлік магнатынан қауіптенетінін айтқан екен. Сонымен ол қандай қауіп?

АҚШ президентінің дипломатиялық тәжірибесінің жоқтығы мен халықаралық күн тәртібін жете түсінбеуі әлемдік саясатты түбегейлі өзгертіп жіберуі мүмкін. Айталық, мұның салдары Американы қуатты держава мәртебесінен айырып, Ресей мен Қытайдың халықаралық тәртіпті орнатудағы рөлін күшейтеді. Ал бұл жағдай онсыз да жер жүзін ойрандап болған лаңкестік топтарды "құтыртып" жібермек. Солтүстік Корея болса ірі ядролық қаруының әлеуетін паш етіп, ірі державаларға сес көрсетеді. Жапония мен Сауд Арабиясы да қарап жатпай, ядролық бағдарламаларға қызығушылық таныта бастайды.

Сарапшылар Трамп Барак Обаманың Кубамен жақындасу саясатын қолдай қоймайтынына сенімді. Айтуларынша, осының салдарынан Бостандық аралы Ресей және Қытаймен қарым-қатынасын қайта жандандырып, солтүстіктегі көршімізге Гаванада әскери базасын ашуға рұқсат береді. Бұл жағдайдан кейін АҚШ пен Ресейдің арақатынасы одан сайын нашарлап, Кариб дағдарысына қайта әкеп соқтыруы мүмкін.

Дегенмен кейбір қазақстандық саясаттанушылар Трамптың президент болуынан дүние бүлінбейді деп есептейді. Саясаттанушы Замир Қаражанов тіпті бизнесменнің билікке келуін құптайды екен. Оның пікірінше, Трамп оқшауланғанды жақсы көргендіктен АҚШ-тың Орталық Азиядағы ықпалы әлсіреуі мүмкін.

Ал саясаттанушы Уәлихан Төлешов Трампқа оның кеңесшілері, Ұлттық барлау орталығы, Ұлттық қауіпсіздік агенттігі, Конгресс, Жоғары сот және басқа да мемлекеттік органдар осыған дейін Обама ұстанған саясатты оңайшылықпен өзгертуге мұрша бермейді деген пікірде.

Қалай дегенде де, Америка әу бастан ішкі ісіне ешкімді араластырған емес. Бұл жолы да солай болып, өздері қалаған президентті сайлап алды. Ал сайлаушылардың үміті ақталған-ақталмағанын, сарапшылардың болжамы дәл келген-келмегенін уақыт көрсете жатар.

«Құдайдың берген сыйы»

Түркияда төңкеріс жасамақ болған әскерилердің әрекеті де әлем назарын өзіне аударды. Тарқатып айтар болсақ, шілденің 16-cына қараған түні әскерилер ел ішінде бүлік салып, төңкеріс жасамақ болды. Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған бүлікшілерге қарсы тұру үшін скайп әлеуметтік желісі арқылы халықты орталық алаңдарға шығуға үндеді. Президенттің бұл мәлімдемесінен кейін елдің ірі қалалары Ыстамбұл, Анкара мен Измирде халық түн ортасында көшеге шықты. Бүлікшілер ең әуелі мемлекеттік маңызды стратегиялық нысандарды бақылауға алуды көздеп, Анкарада Ұлттық барлау қызметінің ғимаратына қарулы шабуыл жасады. «TRT» арнасын, «Доған медиа тобын» басып алды. Дегенмен билік тез есін жинап, «әскери төңкерістің» алдын ала білді. Қарулы қақтығыс кезінде 294 адам ажал құшып, 1 440-ы жарақат алды. Елге 100 млрд доллар шығын келді. Қаншама жазықсыз жанның қаза болуына әкеп соққан «төңкерісті» әлем елдері сын садағына алып, демократиялық жолмен билік басына келген Үкіметке қолдау білдірді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та бұл оқиғаға алаңдаушылық танытып, бауырлас түрік халқын бірлікке және болған оқиғаға қатысты төзімділік танытуға шақырды.

Жүзеге аспай қалған «әскери төңкерістің» ертесіне-ақ тұтқындау шаралары басталып кетті. Іске қатысы бар деген 8 000-ға тарта адам қамауға алынды. Ердоған төңкерісті басты ұйымдастырушы ретінде АҚШ-та тұрып жатқан ислам уағызшысы Фетуллаһ Гүленді айыптап, оны Анкараға қайтаруға бар күшін салатынын айтты. Ал Гүленнің жақтастары оппозиционердің Түркиядағы бүлікке ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді, ал өзі көтерілісті қатаң айыптады. Сонымен қатар Гүлен бұл «қойылымды» Түркия президентінің өзі ұйымдастыруы мүмкін екенін айтты.

Ал бір ажалдан аман қалған Режеп Тайып Ердоған елдегі бүлікке түсініктеме беріп, «мұндай әрекет – Құдайдың сыйы» екенін жеткізді.

«Бұл – Құдайдың бізге берген сыйы, себебі осының арқасында біздің қарулы күштеріміз тазарып қалды. Жоғары әскери сот кінәлілерді қатаң жазалайды. Төңкеріске қатысқандар алда өздерін не күтіп тұрғанын жақсы білді, сонда да бұл қадамға барды», - деді ол.

Бұрынғы үзеңгілес достардың арасындағы дау-дамайдың бір шеті біздің елімізге де тиіп кетті. Оған «гүленшілердің» қазақ қоғамында ықпалды күшке ие болуы себеп. Ердоған Қазақстаннан Гүленнің идеологиялық ықпалында болған қазақ-түрік лицейлерін жабуды талап етті. Діни астары бар осы саяси текетірестің дүмпуі қазақ қоғамындағы белсенді топтардың арасындағы идеологиялық дау-дамайды ушықтырып жіберді. Елімізде діни ағымдардың жетегінде адасып жүргендер ғана емес, қазіргі Түркияның идеологиясын қос қолдап қолдайтындардың саны едеуір көп екені байқалып қалды. Дегенмен ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев еліміздегі барлық оқу орындары қатаң бақылауда екенін алға тарта келе, Қазақ-түрік лицейлері бұрынғысынша жұмыс істей беретінін мәлімдеп, мәселеге дер кезінде нүкте қойды.

Түйіндей келгенде, Түркияда кезекті әскери төңкеріс жасау әрекеті жүзеге аспай қалды. Жалпы, мұндай оқиғаларға ішкі және сыртқы факторлар әсер етіп жатады. Бұл жолғы әскери төңкеріске Түркия мен Сирия арасындағы текетірес, түрік жерінде соғыстан бас сауғалаған босқындардың тым көбейіп кетуі, «мәңгілік» күрд мәселесі, лаңкестердің ірі қалаларда теракт жасауы секілді мәселелер ықпал етті деуге толық негіз бар.

Саясаттың құрбаны

Қай қырсық шалғанын, биыл Түркияның басынан дау-дамай арылмай-ақ қойды. Лаңкестер үсті-үстіне жарылыстар жасап, елдің берекесін алып бітті. Ол ол ма, таяуда осы елде Ресей елшісі Андрей Карлов оққа ұшты. Шабуыл жасалған уақытта елші фотокөрменің ашылу салтанатына қатысып жатқан. Куәгерлердің айтуынша, ғимаратқа мұздай қаруланған адам кіріп келіп, дипломатты сұлатып салған. 62 жастағы дипломат мінберде сөз сөйлеп тұрған екен. Полицейлер шабуыл жасаған адамның көзін жойды.

Естеріңізде болса, былтыр Түркия Сирия шекарасында ресейлік Су-24 әскери ұшағын атып түсіріп, екі елдің қарым-қатынасына сызат түсіп еді. Ресей түрік миссиялары мен бизнесіне наразылық білдіру үшін Анкарадағы елшісін шақыртып алды. Бірақ Түркия басшысы Тайып Ердоған Путиннен кешірім сұрап жүріп, екі жақты достық қарым-қатынасты қайта орнатты. Енді мына жағдайдан кейін қос ел қандай саясат ұстанатыны әзірге белгісіз болып отыр. Белгілісі, екеуі де Сириядағы азаматтық соғысқа бас сұққан елдер. Ресей Сирияның автократ президенті Башар Асадтың саясатын қолдаса, Түркия түбегейлі қарсы. Сондықтан да Мәскеу мен Ыстамбұлдың арасын суытуға мүдделі күштердің болуы заңды.

Өзбекстандағы өзгеріс

Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың дүние салып, оның орнына премьер-министр Шавкат Мирзиеевтің сайлануы да биылғы жылы есте қалған оқиғалардың бірі болды. 78 жастағы Каримов 28 тамызда инсульт алып ауруханаға түскені хабарланған болатын. 2 қыркүйек күні президенттің жағдайы күрт нашарлап кетіп, өмірден озды. Өзбекстанды ширек ғасыр басқарған Ислам Каримов бір күннен кейін Самарқанда жер қойнына тапсырылды.

Мемлекет басшысының міндетін уақытша атқару премьер-министр Шавкат Мирзиеевке жүктелді. Заң бойынша уақытша президент міндетін атқаруы керек болған Сенат төрағасы Нығматулла Юлдашев бұл қызметтен өз еркімен бас тартты. Президент сайлауы 4 желтоқсанға белгіленді. Сайлауға төрт үміткер қатысты: олар - Өзбекстанның либеральдық-демократиялық партиясы атынан Шавкат Мирзиеев, Халық-демократиялық партиясынан Хатамжон Кетмонов, социал-демократтардан Нариман Омаров және демократиялық партиядан Сарвар Отамуратов. Саяси додада сайлаушылардың 88,61% дауысын жинаған президенттің міндетін атқарушы, премьер-министр Шавкат Мирзиев жеңіске жетті. Оған 15 млн 906 мың 724 адам дауыс берді.

Мирзияев таққа отыра салысымен Өзбекстанда үлкен өзгеріс болатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, таяу уақытта мемлекеттік құрылымда күрделі реформалар жүргізіліп, «артық» лауазымдар қысқартылады, міндетін атқармағандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту тетігі енгізіледі.

«Біз президент аппараты мен министрлер кабинеті аппаратының қызметін жетілдіруге, қабылданатын заңдар, қаулылар мен жарлықтардың тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге көп көңіл бөлеміз», - деп атап өтті Өзбекстанның жаңа басшысы.

Каримовтің қазасынан кейін «тыйым салынған» әртістер сахнаға қайта оралып, тұрғындарға азаматтықтан бас тартуға мүмкіндік берілді.

Шавкат Мирзиеев бір айға жетпей «тату көрші» саясатын ұстанатынын байқаттты. Елдің сыртқы саясатын да өзгертіп, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстанмен достықты нығайтатын қадамдар жасады. Соңғы жылдары Қырғызстан, Тәжістанмен қатынас мүлде дерлік үзіліп, құрлық шекаралары жабылған болатын.

Халық қаласа, хан түйесін сояды

Биыл Ұлыбритания астанасынан тараған жаңалық әлем елдерін әрі-сәрі күйге түсіріп, абдыратып қойды. Елде 23 маусым күні бүкілхалықтық референдум өткізіліп, тұрғындардың 52 пайызы Еуроодақ құрамынан шығуды қолдап дауыс берді. Сөйтіп, Лондон Еуроодақтан шығатынын ресми түрде әлемге жария етті. Шотландия мен Солтүстік Ирландия Брюссельдегі басшылық қарамағында қалуды таңдаса, Уэльс халқы Еуроаймақтан шығуды қолдады. Расын айтқанда, Еуропа, қала берді дүниежүзі одақтың сенімді бір тірегі саналатын елден мұндай қадам күткен жоқ еді. Англияның премьер-министрі Дэвид Кэмерон референдумға дейінгі уәдесін орындап, бірден қызметінен кетті. Ол өзі одақты жақтаушылардың қатарында болғандықтан, «Корольдікті Еуроодақтан шығару жөніндегі келіссөздермен жаңа премьер-министр айналысуы тиіс» деген пікірді ұстанды. Бір айта кетерлігі, Ұлыбритания Еуроодақтан шыққан күннің өзінде, одақта тағы екі жыл болуы мүмкін. Себебі ЕО-ның конституциясына сәйкес, Корольдік шығуға ниетті екені туралы Брюссельге алдын ала ескерту қажет. Ескерткеннен кейін одақ арасындағы келіссөздер процесі екі жылға созылады деп болжанып отыр.

Осы арада Ұлыбритания әлемдегі ең іргелі одақтан неге бас тартты деген сұрақ туындайды. Саясаттанушы Әзімбай Ғалидың айтуынша, Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуына олардың бірқатар мәселелермен келіспеуі себеп болды. ЕО елдің егемендігін жаншып жатыр деп есептеді халық. Саяси коньюнктура соған сай келген.

Дос Көшімнің пікірінше, бұған осыдан екі жыл бұрын басталған Грекиядағы, Португалиядағы экономикалық дағдарыс және Африка мен Таяу Шығыстан босқындардың келуі себеп болуы мүмкін. Бұл мәселелерге Ұлыбритания ерекше алаңдаушылық білдірген.

«Сондықтан да халық «өзіміздің жеке шығуымыз дұрыс» деп шешсе керек. Өйткені Ұлыбритания экономикалық жағынан өзін-өзі толық қамтамасыз ете алады», - деп түсіндірді саясаттанушы.

Босқындар әлек салды

Босқындар мәселесі Еуропаны биыл да әуе-cарсаңға салды. Халықаралық көші-қон ұйымының мәліметінше, биыл Жерорта теңізімен Еуропаға жеткен мигранттар саны 335 мыңнан асты. Тағы 4 мыңнан астамы жолда қаза тапқан. Олардың басым бөлігін Грекия мен Италия қабылдап алды. Нақты айтсақ, Грекияға 169,901 мың, Апеннин түбегіне 159,496 мың адам келген. Бірақ өткен жылмен салыстырғанда апатты аймақтардан бас сауғалаған адамдардың саны әлдеқайда азайды. Мәселен, өткен жылы Еуропаға 728,926 мың мигрант келген.

Босқындарға қатысты мәселе күн өткен сайын ушығып жатыр. Еуропаға бейбіт өмір іздеп келгендер түрлі жолдармен бүлік шығарып, өз «құқығын» қорғауға кіріскен. Айталық қазан айында Грекияның Лесбос аралындағы босқындар саяси баспана беруге жауапты Еуропалық агенттік кеңсесіне шабуыл жасады. Олар алдымен ғимаратқа тас жаудырып, артынша жанғыш қоспасы бар бөтелкелер лақтырған. Оның соңы өртке ұласты. Бүлік шығарғандардың дені Пәкістан мен Бангладеш азаматтары. Олар саяси баспана беру туралы өтініштің ұзақ қаралуына қарсы бас көтерді. Айтуларынша, араларында құжатты бірнеше айлап күткендері көп. Дәл осындай жағдай Италия мен Австрия шекарасында қайталанды. Австрияның ORF радио тарату корпорациясының хабарлауынша, Еуропа елдерінің шекарасын жабуға наразы мыңға жуық босқын шекара бекетіне жиналған. Олар бүлік шығарып, полицейлермен қақтығысып қалған. Салдарынан екі сақшы жарақат алды.

Келімсектерге ерекше қамқорлық танытатын Германия да көресісін осы босқындардан көріп отыр. Бір үзім нанға зар болып, елін тастап қашқандар бүгінде тойынғаны соншалық, жергілікті тұрғындарға маза бермейтін жағдайға жеткен. Таяуда Берлин метрополитенінде ауғанстандық мигранттың еш себепсіз 26 жастағы неміс қызының арқасынан теуіп, баспалдақтан құлатуы осы сөзіміздің дәлелі. Бұл жағдай әлеуметтік желілер мен БАҚ-та ерекше наразылық туғызды.

Жақсылық НҰРМАНОВ