Негізгі бет  /  мақалалар  /  Шам жері шытынады ма?

Шам жері шытынады ма?

Айнұр Қазыкенова
574
Шам  жері  шытынады  ма? Ресей, Иран және Түркия Сирияны өздерінің ықпалы жүретін аймаққа бөліп алуы мүмкін деп жазады Reuters агенттігі.

Ал  ел президенті Башар Асад   келесі  сайлауға дейін   орнында  қала  бермек. Қазір Сириядағы жағдайға  байланысты  үш  елдің  жасап  жатқан  келісімі осы  мәселелерді күйттемек  көрінеді. Бұл  қаншалықты  шындық?  Бұған уақытша  болса да билігін сақтап қалу  үшін Башар Асад  келіскенімен, Шам  жерін  мекендеп отырған  өзге күштер келісе  ме?  Соның бірі  - күрдтер. Сирияның солтүстік  өңірінде   отырған  олар қалайда автономия  құруға тырысып жатқаны анық. Егер де Түркия, Иран және  Ресей  Сирия  жерін бөліске  салатын болса, онда күрдтер тәуелсіз  автономияны  ойламаса да  болады. Өйткені  бұған Түркия  қарсы. Иран, Ресей  және  Түркия  Сирия  мәселесін   алдағы жылдың  қаңтар айының ортасына  қарай  Астана қаласында шешпек. Бейбіт келіссөз алаңы ретінде үш ел Астананы  таңдағаны  белгілі. Астанада  өтетін  бейбіт келіссөзге  үш елдің президенттері қатыспақ. Бұған  БҰҰ, не  болмаса  кәрі  құрылықтан бірде - бір мемлекет  өкілі,  тіпті АҚШ-та шақырылып  отырған  жоқ. Неге? Себеп - біреу. Сирия  мәселесі  сол елдегі  жағдайға  тікелей  белсене аралысып  отырған  елдер  ғана  шешеді деген сөз. Рас,  соңғы уақытта  Иран, Ресей  және Түркия  бірлесе  отырып  Шам жерінде біраз жетістіктерге жетті. Түркия Сыртқы  істер министрі Мевлют Чавушоглудың мәлімдеуінше, Анкара мен Мәскеу Сириядағы қақтығысты тоқтату туралы келісім жобасын дайындаған. Министр террористік ұйымдар бейбіт процеске қатыстырылмайтынын ескертті. Бұған дейін Anadolu  агенттігі Сириядағы қақтығысты тоқтату туралы келісім жергілікті уақыт бойынша 29 желтоқсанға қараған түні күшіне енуі тиіс екенін хабарлаған. Агенттіктің мәліметінше, келісім жобасында Ресей мен Түркияның осы айда Алеппода орнатқан бітімін Сирияның барлық территориясында орнату жоспары бар. Бірақ жағдай  дәл Ресей  мен  Түркия  ойлағанындай  бола ма? Белгісіз. Өйткені  Сирияның  тынышталғанын қаламайтын кейбір мемлекеттер, ол жерде әрекет етіп жатқан түрлі топтар арасына  ши жүгіртіп  қақтығыстың өрши  беруіне түрткі  болуы  мүмкін. Қалай айтсақ  та, Сирияда  түбінде бір  соғыс  тоқтар,  бірақ көне мәдениеттің бесігі  болған  Шам  жері  тұтастығын  сақтап  қала   ала  ма?  Мәселе  сонда.