Басты  /  мақалалар  /  Отандық өнімді қолдауға да субсидия беріледі

Отандық өнімді қолдауға да субсидия беріледі

Айқын-ақпарат
517
Отандық өнімді қолдауға да субсидия беріледі Астаналық жеке кәсіпкер Жангүл Телбаеваның цехында жасалатын ерлер мен әйелдердің аяқ киімдеріне отандық шикізаттар пайдаланылады. Сұраныс жоғары өнімдерге қажетті былғары Алматыдан, жүн Көкшетаудан жеткізіледі.

Таяуда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту Қоры» АҚ-ның Астана қаласы бойынша аймақтық филиалы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары аясында қолдауға қол жеткізген осындай кәсіпорындарға пресс-тур ұйымдастырды.

Жангүл Телбаева бұған дейін Түркиядан аяқ киім тасып, сатумен айналысқан. Мемлекетіміз кәсіпкерлерді қолдап, отандық тауарларды өндіруге барлық жағдайды жасап жатқанда Жангүл аяқ киім шығаратын өз кәсіпорнын ашуды жоспарлапты.

Жеке кәсіпкер өндірісіне қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу үшін «Даму» қорынан кеңес алып, мемелекеттік бағдарламаға қатысуға өтінішін білдірген. Сосын оның осы мақсатта «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасымен «Сбербанктен» алған несиесінің жылдық пайыздық мөлшерлемесі 4%-ға дейін төмендетілген. Ол үшін несие алу барысында «Даму» қоры банкке кепілдік еткен. Нәтижесінде Жангүл Телбаеваға 430 мың теңге субсидия беріліпті.

Бүгінде Ж.Телбаева ерлер мен әйелдерге арналған аяқ киімдер шығарумен айналысып келеді. Цех өнімдеріне қолданылып жатқан шикізат та отандық өнім – былғарыны Алматы қаласынан, жүнді Көкшетаудан алдыруда.  Ол енді Begim-Sulu Fashion Shoes аяқ киім брендін тіркеуді жоспарлап жүр.

Ал, «Ювелирная компания Kazyna Gold» ЖШС әшекей бұйымдарын шығару цехы 1994 жылдан жұмыс істеп келеді. Әкеден балаға мұра болған әулеттік кәсіпорынның зергерлік заттарына сұраныс жоғары. Мұнда классикалық үлгідегі әшекей өнімдері зергерліктің қатаң қағидаларымен жасалады. 2014 жылдың сәуір айынан бастап, «KAZYNA GOLD» бренді бойынша жаңашылдықпен отбасылық дәстүрді сақтай отырып, заманауи этно-стильді бұйымдар шығаруда. Кәсіпорын өндірісте тек отандық шикізатты қолданып отыр.

Кәсіпорын «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, «Цеснабанктен»  алған несиесінің жылдық пайыздық мөлшерлемесін төмендетіге қол жеткізді. Өндіріске қажетті материалдарын сатып алды. «Даму» қорының араласуымен аталған жобаға 698 мың теңге субсидия берілді.

2010 жылдан бастап «Даму» қоры «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының қаржы агенттігі ретінде, бағдарламаны белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Алты жылда 7 мыңнан астам қазақстандық кәсіпкер субсидия алып, кепілдік ретінде мемлекеттік көмекке қол жеткізді. Оларға төленген субсидия мөлшері – 138 967 млн. теңге. Астана қаласында аталған мемлекеттік көмекті 500-ден астам кәсіпорын алып отыр.    

Жыл басынан бері Астана қаласында несиенің барлық сомасы 20 200 млн.теңгені құрайтын 71 субсидия келісімшартына қол қойылды. Кепілдік бойынша 62 жоба мақұлданды. Қол қойылған кепілдік келісімшарттарының құны 866 млн.теңгені құрайды. Кәсіпкерге 2 640 млн теңге субсидия төленді.

 

Асыл ДОС