Негізгі бет  /  мақалалар  /  «Киссенджер жобасы» кімнің мүддесін көздейді?

«Киссенджер жобасы» кімнің мүддесін көздейді?

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
816
«Киссенджер жобасы» кімнің мүддесін көздейді?  Барлығы да жылымық кезеңді күтіп отыр. Қазір Ресей мен АҚШ арасында салқындық бар. Орыстар Дональд Трамп билікке келгесін екі ел арасындағы жағдай жақсарады деп үміттенеді.

Бұл орайда жаңадан сайланған АҚШ президентінің әкімшілігі АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы, Нобель сыйлығының лауреаты  әлемдік саясатта салмақты орны бар Генри Киссинджерге үлкен үміт артып отырған сияқты. Өйткені Мәскеу мен Вашингтон арадағы қатынасты түземесе, халықаралық жағдай тіпті шиеленісе түседі.  Оның үстіне Ақ үйдің қауіптеніп отырған жайы бар. Ресеймен жағдайды реттемесе болмайды. Дональд Трамп бір сөзінде «АҚШ-тың №1 жауы –Қытай» деп ашықтан ашық айтқаны белгілі. Демек, Ресейді жау етіп, бүкіл әлемге көрсеткісі келген президент Барак Обаманың пікірі енді желге ұшуы мүмкін. Егер Ақ үй Қытай мен Ресейді басты жауы санаса, олар болашақта қос бүйірден қысуы ықтимал. Сондықтан одан құтылудың оңай жолы бар. Дұрысы Қытайға қарағанда, халықаралық саясатта әскери қимылға ашық бара алатын, өз мүддесін айқын, өктемдікпен білдіретін Ресеймен ымыраға келу тиімді. Америкалық басылымдар жиі жазып жатқан сараптамалардың шоғырына назар аударсақ, Ресей мен АҚШ ара қатынасының дұрыс жолға қойылуы алдағы уақытта халықаралық тұрақтылықты нығайтады. Бұл жөнінде АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы Генри Киссинджер өз ойын тура айтты.

Мұның айқын айғағы ретінде, жақында батыс еуропалық  барлау қызметі мынандай ақпарат таратты: Киссинджердің ұсынысына сәйкес, Трамптың жаңа командасы Ресеймен арадағы қатынасты жақсарту үшін санкцияны алып тастау мәселесін қарастыруы мүмкін.

Жалпы әлемде аузы дуалы саясаткерлер болады. Киссинджер де сондай. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының аяғында  КСРО-ны бөлшектеу туралы оның жобасы жариялағанда  кекесінмен қарап, күлгендер де табылған. Тіпті КСРО-ның сарапшылары «өмірі жүзеге аспайтын жоба» баға берген. Алайда арада он жыл өтпей жатып, 1986 жылдың атақты сәуір конференциясынан кейін КСРО-ны қайта құру туралы реформа басталды. Саяси, рухани  санада ғаламат сілкініс орын алды да, алып империя құрдымға кете бастады. Тіпті Кеңес Одағының басына Михаил Горбачевтің келуіне АҚШ-тың барлау қызметі мен Ақ үй қатты ықпал етті деген қауесет те бар. Бұл болжамды да жоққа шығаруға болмайды. Оның үстіне дамыған өндірістен гөрі, шикізатқа байланған Кеңес Одағын мұнайдың бағасын кұрт төмендетіп, құлату  арқылы тұқыртқан АҚШ бұл жобасын қазір Ресейге қатысты да пайдалануда. ЕуроОдақпен ауыз жаласып, әлем елдерін Ресейге қарсы қойды, Украинадағы тосын саяси жағдайды сылтау етіп, санкция салды. Бірақ бұл жоба орыстардың саяси әлеуметтік –экономикалық жағдайын ауырлатқанымен, бұл дағдарыс ұзаққа созылмайды. Тарихтан бір ғана мысал, АҚШ кезінде Иранға да санкция салған. Отыз жылдан аса экономикалық құрсауда болған Иран қайта бұл қыспақтың игілігін көрді. Экономикасы қайта сауықтырды. Ел ішінде отандық өнім дамыды. Осы тұрғыдан алғанда,  Ресейге  қатысты салынған санкция ұзаққа созылады деу артық.  Өйткені, бұл қыспақтан Еуропа құрлығының өзі зардап шегуде. Ресеймен қатынасты жақсарту туралы өтініштер қарт құрлықтың  мінберінен соңғы жылдары жиі естіліп жүр. Интеграциялық байланысы тығыз дамыған елдер біреудің айтағымен «бір-бірін жеп» ұзақ өмір сүре алмайды. Ресей де дұрыс қатынасты қалайды. Осы уақытқа дейін АҚШ-тың мүддесі мен айтағы арқылы өмір сүріп келген елдер әзірге ішкі және сыртқы саясаты 20 қаңтардағы ұлықтау рәсімінен кейін белгілі болатын Трамптың қадамын күтіп отырған сияқты. Өйткені АҚШ-тың жаңа президентінің бүгінгі ұстанып отырған позициясында халықаралық саясатқа жағымды өзгеріс әкелетін мәлімдемелер бар. Демек «Дональд Трамптың командасы қазіргі таңда халықаралық саясат үшін үлкен жоба жасап жатыр» деп тұжырым жасауға болады.

Оның үстіне америкалық БАҚ Киссинджер туралы бекер әңгіме қозғап отырған жоқ. Қалай айтқанда да, АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы ресми Мәскеудің бұрынғы КСРО елдеріне ықпалы орасан зор болып отырғанын мойындайды. Осы тұрғыдан алғанда, америкалық БАҚ жазып отырған «Киссинджер жобасы» жүзеге асуы мүмкін. Халықаралық саяси жағдайдың өте шиеленісіп тұрғаны Ақ үйге де жақсы емес. Оның үстіне  қарапайым халықтық қағидаларымен президенттік сайлауда жеңіп шыққан кәсіпкер, «сары шашты» 45- президент Киссинджер ұсынып отырған жобаны  мақұлдауы мүмкін. Бұл жоба бойынша, негізгі идея мынаған саяды: «Украинаның шығысындағы мылтық даусы естіліп жатқан қос аймақта тыныштық орнап, оларға ерекше мәртебе беріледі. Оккупацияланған территория Украинаға қайтарылады. Ресей аталған аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кепілдік береді. Ал батыс елдері тарапынан «Қырым мәселесі» ешуақытта көтерілмейді». Бірақ  бұл түбек енді түбегейлі Ресей территориясы болып табылады деген сөз емес. Алайда бұл жобаға сенсек, Қырым екі ел арасындағы немесе халықаралық жағдайды реттеуге кедергі келтіретін проблемаға айналмауы керек.

Жоба ретінде жасалынып жатқан бұл мәселе әзірге ашық айтыла қойған жоқ. Десек те, Киссинджердің халықаралық саясаттағы мансаптық қызметі мен дипломатиялық тарихына көз салсақ,  ылғи да араағайындық пен әлемдегі жағдайды шешуге  қатысты  жұмыс істеп жүргенін байқаймыз. 1966 жылы президент Ричард Никсонның  сыртқы саясаттағы кеңесшісі қызметін атқарған ол 1973 жылы АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы болды. Осы кезеңдерде оның «саясатты бөлу» жобасы жүзеге асты. Киссинджер КСРО мен Қытайға қатысты екі түрлі саясат жүргізді.  Екі елдің арасын бір-біріне жақындатпау үшін әрі Мәскеумен тайталас үшін ресми Вашингтон Қытаймен қарым-қатынасты жақсартты. Латын Америкасы құрлығында коммунистік идеяларды таратпауға күш салды және оған қарсы жұмыс істеді. Генри Киссинджер 1973 жылы Вьетнамдағы соғыстың аяқталуына байланысты орасан зор дипломатиялық келіссөз жүргізіп, соғыстың аяқталуына ықпал еткені үшін Нобель сыйлығын алды.

Жалпы Генри Киссинджердің  Ресей тәуелсіздік алғаннан кейін  ресми Мәскеуге қатысты дұрыс саясат ұстанғанын байқауға болады. Ол 2000 жылдан бастап, Ресейге бірнеше рет келіп кетті. 2007 жылы «Ресей - АҚШ. Болашаққа көзқарас»  атты екі ел арасында құрылған жұмысшы тобының құрамында болды. 2012 жылы АҚШ-тың бұрынғы мемлекеттік хатшысы «Владимир Путин Еуропа елдеріне қатысты жаулық көзқараста отырған жоқ, ол  - Ресейдің париоты ғана» деп жауап берді. 2015 жылы АҚШ бастаған ел ЕуроОдақпен бірге Ресейге санкция салғанда, оған қарсы шыққан америкалық сарапшылардың бірі болды. «Ресейге санкция салудың қажеті жоқ, олармен келіссөз столында сөйлесу қажет. Сөйтіп қана мәселені жедел шешуге болады» деп жауап берді. 2016 жылы тағы да Ресейге келіп қайтқан оны Владимир Путин Ново-Огарево резиденциясында өзі қабылдап, оған Ұлттық ғылым академиясының академигі атағын берді. Демек, бұдан шығатын қорытынды, келер жылдың көктеміне қарай халықаралық саясаттағы шиеленіскен оқиғаларлы тұрақтандыру мақсатында «жылымық ауа райы» басталуы мүмкін.

Бұлай деп тұжырым жасауға тағы бір себеп бар сияқты. Жақында Конгрестің бұрынғы спикері, сайланған президент  Трамптың  әріптесі, Ақ үйдегі жетекші қызметтің бірін иеленбек болып отырған Ньют Гингрич тағы бір мәселенің шетін шығарды. Fox News телеарнасына берген сұхбатында ол  20 қаңтарда өтетін президент инаугурациядан кейін қазіргі мемлекет  басшысы Барак Обама қол қойып кеткен Жарлықтың 70-80 пайызы өзгертіледі деп мәлімдеме жасады.

«Менің ойымша, билікке келгеннен кейін екі-үш күннен соң Трамп демократтар жақтап, Обама қол қойған жарлықтың 70-80 пайызы өзгеретініне жұртшылық куә болады»,-  деді ол. 

Ньют Гингричтің пікірінше, президенттік сайыста Демократиялық партияның атынан сынға түскен Хиллари Клинтонның жеңілісіне ашуланған Барак Обама қазіргі кезде Трампқа қарсылық ретінде кейбір Жарлыққа әдейі қол қойып жатыр.

-«Қазір Барак Обама ішінде ауасы бар бос қуыршақтың ролін ойнап отыр. Оның бүлдіріп кеткенінің барлығы да түзетіледі», -  деді ол.

 «Трамп Путинді жау ретінде көре ме, жоқ әлде дос ретінде ме?» деген сауалға Ньют Гингрич «екеуі де бар» деп жауап берді. Бірақ бұл Трамптың түбегейлі көзқарасын білдірмейді.

Расында сайлау додасы басталғанда, 16 қарсыласын қапы қалдырып, ақырында Хиллари Клинтонның өзін жолда қалдырған Длнальд Трамп Twitter-де өзінің ұстанымын айқын әрі ашық жазып жатыр.

Қалай айтқанда да, «Сирия дағдарысын» реттеу үшін, Ресеймен арадағы жағдайды шиеленістермей, халықаралық саяси тұрақтылықты  сақтауға байланысты бір қадамның жасалары анық. Келер жылы «Украина мәселесі» де назардан қалыс қалмайды.

Ал жағдайды реттеуге байланысты саясат бетіне кенеттен қалқып шыққан «Киссенджер жобасы» да кезекті мәселе ретінде бірқатар келіссөздерден кейін қайта қаралуы мүмкін. 

 

P.S. Алдағы уақытта Трамптың командасы Мәскеумен арадағы жағдайды жақсарту үшін АҚШ-тың Ресейдегі елшісін қайта тағайындамақ ниетте екені белгілі болды. Әзірге екі кандидатура қаралуда. Оның бірі Генри Киссинджердің көмекшісі болған Томас Грэм болса, екіншісі  - конгрессмен Дейны Рорабэйкер. Сондай-ақ Қытай, Израиль мен БҰҰ-дағы АҚШ елшісі де өзгермек. 
Ұсынылып отырған екі кандидат та кезінде Ресейге санкция салуға ашық қарсы шыққан саясаткерлер. Томаса Грэм - Киссинджердің көмекшісі болса,  Дейн Рорабэйкер Трамптың досы. Соған қарағанда, Дональд Трамп Ресеймен қатынасты жақсартуға барынша ынталы болып отырғаны анық болды.