Негізгі бет  /  мақалалар  /  2016 жылы 16 мыңнан аса жол апаты болған

2016 жылы 16 мыңнан аса жол апаты болған

Айқын-ақпарат
1014
2016 жылы 16 мыңнан аса  жол апаты болған Биыл қазақ елі өз тәуелсіздігінің 25 жылдығын салтанатты түрде атап өтті. Осы уақыт аралығында еліміз түрлі салада толағай табыстарға қол жеткізді.

Алайда тарих қойнауына еніп бара жатқан мешін жылы қазақстандықтар үшін қауіп қатері де аз болмады. Осы орайда Baq.kz тілшісі биыл елімізде болған төтенше оқиғаларды тағы бір еске салып өтпек.

Қара жолдың – қасіреті

2016 жылы Қазақстан жолдарында барлығы 16 332 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Апат салдарынан 23 384 адам зардап шеккен. Ал 2015 жылы 18 мыңнан астам ЖКО орын алған. Қаза болған азаматтардың саны 2 453, ал 24 055 азамат жарақат алған. Алайда елімізді бірнеше жыл қатарынан жол апатынан қаза болған қазақстандықтардың саны азар емес. Тек мұндай қайғылы оқиға салдарынан биыл 2 167 адам ажал құшқан екен.


Жол-көлік оқиғасы ең көп тіркелетін аймақтардың қатарына Оңтүстік Қазақстан мен Алматы өңірі кіріп отыр.
Мысалы, ОҚО-да бір тәулікте 7 ЖКО тіркелкен. Қайғылы оқиға салдарынан 11 азамат жарақат алып, 6 азамат көз жұмған.


Нақтырақ айтсақ, 25 мамырда Созақ ауданына қарасты Екпінді - Бірліктас жолында Toyota Lexus и Audi көліктері соқтығысқан. Ал 1977, 1984, 1999 жылдары туылған 3 азамат оқиға орнында алған ауыр жарақатынан қайтыс болды. Қалған 4 азамат жедел түрде ауруханаға жеткізілді.


Сол күні Бәйдібек ауданына қарасты Көксаяқ – Шаян – Мыңбұлақ трассасында тағы бір жол апаты тіркелді. 1973 жылы туылған Шымкент тұрғыны Daewoo Nexia көлігімен Мыңбұлақ ауылына бара жатқан. Алайда жүргізуші көлік тізгініне ие бола алмай, апатқа ұшыраған. Салдарынан көлікте отырған 1978 жылғы Түркістан қаласының тұрғыны көз жұмды. Ал көлік иесі ауруханаға жеткізілді.


Сондақ-ақ, тағы бір ірі жол апаты 19 қыркүйек күні Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауылына жақын маңда ірі жол көлік оқиғасы тіркелді. Қайғылы оқиға кешкі сағат 18:00 шамасында болған. Ташкент тас жолының бойында «Ford» шағын автобусы мен «Toyota» жеңіл көлігі бетпе-бет келіп соқтығысқан. Салдарынан «Ford» шағын автобусының 56 жастағы жүргізушісі және шағын автобуста отырған 51, 46 және 45 жастағы жолаушылар, «Toyota» көлігінің 29 жастағы жүргізушісі оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Оқиға орнында ажал құшқан 5 адамның төртеуі ер адам, ал біреуі – әйел. Бұған қоса 16 жолаушы түрлі дене жарақаттарымен Шымкенттегі ауруханаға жеткізілген. Олардың төртеуі кішкентай бала. Жараланғандардың үшеуі ауыр халде жансақтау бөлімінде жатқызылды. Жол апатынан 3 жастағы қыз бала есін жимаған күйі қайтыс болды.


Ал 21 қыркүйек күні «Шымкент-Ташкент» тасжолындағы Қазығұрт асуына жақын жерде Фольксваген «Джетта» және «Киа» шағын автобусы соғысып қалды. Соның салдарынан 2 адам мерт болып, 6 тұрғын жараланған. Тіпті соққының қатты болғаны соншалықты жолаушылардың бірінің басын жұлынып кеткен.


Ағымдағы жылдың 28 қазанында Алматы облысында тағы ірі жол апаты болып, 5 адам қайтыс болды. Оқиға Алматы-Өскемен тас жолының 526 шақырымында болған. Облыстық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, 3 адам оқиға орнында тілге келместен көз жұмған. Ал екі адам ауруханада қайтыс болды. Олардың ішінде кішкентай бала да бар. Үшарал қаласының ауруханасына жеткізілген 5 адамның екеуі 5 және 6 жастағы балалар.


Сондай-ақ, 4 желтоқсан күні сағат 13:00-14:00 аралығында «Астана-Көкшетау» тас жолының 245-ші шақырымында жолаушылар автобусы, «Ниссан» және басқа да бірнеше көлікпен соқтығысып қалады. Жол апатын салдарынан «Ниссан» көлігі майысып, көліктің ішінде отырған 3 әйел де көз жұмды. Куәгерлер жүргізуші мен 3 жасар баланы сыртқа алып шығарып үлгерген. Қайғылы оқиға барысында көмекке ұмтылған куәгердің бірін көлік қағып кетіп, ол оқиға орнында ажал құшты.
Ал жол апатынан зардап шеккен бала сол маңдағы ауруханаға жеткізілді.

Тілсіз жаудан тіл тартпай кеткендер

Өткен мешін жылы Қазақстанда тұрғын үйлерде, құрлысы ғимараттарында өрттің болуы жиі кездесті. Нақты деректерге тоқталайық.


2016 жылы Астанада салынып жатқан Орталық Азиядағы ең биік тұрғын үй кешені «Әбу Даби Плаза» 3 рет өртке оранды.


Бірінші оқиға 13 ақпанда тіркелді. Өрт туралы хабар өртке қарсы қызметке түнгі 04.40 шамасында түскен. Он минуттан соң өрт сөндірушілер оқиға орнына жетіп, өз міндеттерін атқаруға кірісті.


ҚР ІІМ ТЖК-нің ресми өкілі Руслан Иманқұлов мәлімдеуінше, өрт құрылыстың 11-ші қабатынан басталып, 25-ші қабатынан дейін жеткен. Лезде 25-ші қабатқа көтерілген жалынды ауыздықтау өрт сөндірушілерге айтарлықтай қиындық тудырған. Сондай-ақ, оттың жапсарлас орналасқан тұрғын үйлерге жайылып кетпес үшін оқиға орнына 88 метрлік баспалдағы бар өрт сөндіру көлігі мен жалынның таралу аумағын бақылап отыру үшін тікұшақ пайдаланылған. Мамандар өртті 3 жарым сағатта әзер өшірді. Жүздеген жұмысшы қауіпсіз жерге шығырылған. Ал зардап шеккендер туралы мәлімет БАҚ-қа таралған жоқ.


Төтенше жағдайлар комитеті алғашқыда өрттің шығу себебін газ баллонымен байланыстырды. Бірақ кейін мамандар бұл пікірін өзгертіп, алапат өрт дизель отынымен жұмыс істейтін құрылғының тұтануынан шыққандығын мәлімдеді.
Ал екінші рет 88 қабатты Орталық Азиядағы ең биік тұрғын үй кешені 4-ші наурыз күні тағы да қызыл жалынның ортасында қалды. Оқыс жағдай таңғы сағат 07:47-де салынып жатқан құрылыстың Түркістан көшесіне қараған корпусында болған. Өрт ошағына келіп жеткен өрт сөндірушілер ғимараттың 2-ші жерасты қабатының минералды мақтасы жанып жатқанын анықтады. Өрт ауданы 50 шаршы метрді құраған. Оны сөндіруге 5 негізгі және 4 қосалқы техника мен 37 қызметкер жұмылдырылды. Қызыл жалын 08.50-де сөндірілді. Өрттің тұтану себебін арнайы мамандар тексерген болатын.


Соңғы рет Астанадағы ең биік ғимарат 1-ші сәуір өртке оранды. ҚР ІІМ ТЖ комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов бұл жағдайды былайша түсіндірген еді.


«1 сәуір күні сағат 00:43-те салынып жатқан «Әбу-Даби Плаза» кешенінде минус екінші қабатта минералдық мақта өртенді. Өрт сағат 01:16-да ауыздықталып, сағат 03:25-те сөндірілді. Өрттің көлемі 50 шаршы метрді құрады», - деген еді ресми өкіл.


Айта кетейік, 6 жылдан бері арабтар тұрғызып жатқан 88 қабатты, биіктігі 382 метрлік «Абу-Даби-Плаза» «ЭКСПО» қарсаңында пайдаланылуға берілуі тиіс болатын. Алайда тұрғын үй кешенінің құрылысы халықаралық көрмеге дейін бітпеуі мүмкін.


Сонымен қатар, жантүршігерлік оқиға Алматы облысында тіркелді. Қайғылы оқиға 13 маусым күні Талғар қаласында болды. Алматы облысы ІІД баспасөз қызметінен мәлімдегендей, Талғардағы жекеменшік үйлердің бірінің ауласында тұрған «Volswagen Golf» көлігінің ішінде екі 3 жастағы ер бала тірідей өртеніп кетті.


Жергілікті полицейлер осы дерекке қатысты анықтау жұмысын жүргізіп, сараптамалар белгілеген болатын.

Сонымен қатар, елді дүрліктірген тағы бір оқиғаның бірі оңтүстік астанадағы «Алматы Тауэрс» кешенінің өртке орануы. Салдарынан 6 азамат ғимараттан шыға алмай, тірідей жанып кеткен болатын. Оқиға 6 қараша күні болған. Оқиға орнына 7 минут ішінде жеткен төтенше жағдай қызметі тілсіз жаудың одан әрі өршіп кетуіне жол берген жоқ. Соның өзінде тілсіз жау аз уақыт ішінде 1800 шаршы метр аумақты шарпып үлгерген. Ал оны өшіруге 150 өрт сөндіруші мен 34 техника жұмылдырылды. Одан бөлек, Ұлттық гвардия мен қалалық ІІД өкілдері де атсалысты. Құтқарушылар ғимараттан 80 адамды қауіпсіз жерге шығарды. Алайда мамандар 5 адамның мәйітін қирандының астынан аршып алған болатын. Олар Алматы қаласындағы жоғары оқу орнында оқитын студенттер болып шыққан. Сондай-ақ, мамандар 62-жылғы дәнекерлеуші болып істейтін ер адам құтқара алмады. Өрт шыққан сәтте ол сол жерде жұмыс істеп жатқан. Алайда мамандар өрттің нақты неден шыққаны әлі айтқан жоқ. Тергеу жұмыстары жүргізілуде.


Келесі жантүршігерлік оқиға 3 желтоқсан күні Ақтау қаласында болды. Онда ұялы телефонның кесірінен 7 айлық сәби көз жұмды. Нәресте қуат көзіне қосулы смартфонмен тістелеп ойнап жатқанда құрылғыдан тоқ ұрып өлген.

Оқиға былай болған. 7 айлық қызын қасына алып жатқан ана ұялы телефонын қуат көзіне қосқан бойда ұйықтап қалған екен. Ал сәби оянғанда смартфонды тістелеп ойнаған. Салдарынан телефоннан тоқ ұрыпты. Ал баланың жансыз денесін анасы тек таңатқанда байқаған. Қайғылы оқиға бойынша полицейлер тексергеу амалдарын жүргізуде.

Baq.kz