Негізгі бет  /  мақалалар  /  Тілге термин енгізу – үздіксіз процесс

Тілге термин енгізу – үздіксіз процесс

Айқын-ақпарат
1041
Тілге термин енгізу –  үздіксіз процесс Кеше «Нұр Отан» орталық аппаратында партия жанындағы «Мирас» республикалық кеңесінің отырысы өтті. Онда Үкімет жанынан құрылған республикалық ономастикалық және терминологиялық комиссиялардың аралық қорытынды жұмыстары талқыланды.

2011-2020 жылдарға арналған тіл­дер­ді дамыту мен қолданудың бағдар­ламасына сәйкес, қазақ тілінің рет­телген терминологиялық қорының үле­сі 2014 жылы – 20 пайыз, 2017 жы­лы – 60 пайыз, ал 2020 жылы 100 пайыз болуы тиіс. Жоспар осындай бол­са да, бұл үдерістің біраз бөлігі әлі рет­телмей келеді. Баспалардың әртүрлі сөз­діктер шығаратындығы, біркел­кі­ліктің жоқтығы түрлі саланың дамуына ке­дергі жасап, іс жүргізуде қиындық­тар­ға әкелуде. Ал ономастика саласына кел­сек, географиялық атауларды қа­лып­­тастыру, ономастикалық қызметті рет­теу – қарапайым тәжірибе. Бірақ Қа­зақстанның жағдайында бұрынғы пост­кеңестік елдің бірі болғандықтан бұл жерде елді мекендерді, көшелер, геог­рафиялық объектiлердiң жаппай қай­та атаумен бетпе-бет келеміз.
Отырыс басында ономастика  мен тер­минология саласындағы атқарыл­ған іс-шаралар туралы Мәдениет және спорт вице-министрі А.Райымқұлова баян­дама жасады:
– Тәуелсіздік жылдары қол жет­кіз­ген жетістіктердің бірі – жер-су, объек­тілер атауларына бірыңғай көзқарасты қа­лыптастыру, олардың есебін жүргізу. Та­рихи атауларды қалпына келтіру мақ­сатында Ономастика комис­сия­сы­ның жұмысы жолға қойылып, осы жыл­дар арасында республика бойын­ша 1 348 елді мекеннің, 6 қала, 1 305 бі­лім, мәдениет және спорт мекеме­сі­нің, 7 958 көше мен даңғыл атауы өзгер­тілді, – деп хабарлады вице-ми­нистр.
А.Райымқұлованың айтуынша, тер­минология саласы бойынша 2011 жыл­ға дейін бекітілген терминдердің са­ны 10 мыңға жуық болса, 2015 жылы 3 мың термин, биыл 5 мыңнан аса тер­мин бекітілген. Комиссия бекіткен тер­миндердің жалпы саны 18 мыңға же­тіп отыр екен. Сонымен қатар ал­дағы уақытта мемлекеттік бағдарлама ая­сында бекітілген терминдердің санын  27 мыңға жеткізу жоспарлан­нып отыр.
Мәдениеттанушы, публицист Се­рік Ерғали Қазақстанда терминология инс­титутын құруды ұсынды. Қазір елі­мізде бұл мәселе жөнінде тек Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді да­мыту республикалық үйлестіру-әдіс­темелік орталығы ғана айналысып жат­қанын атап өтті. «Мұндай инс­титуттың басты міндеті терминоло­гия­ны ғылым ретінде құрып, оның ұсы­ныс­тары мен бастамаларын дамыту бол­мақ. Тілге терминдерді енгізу про­це­сі – үздіксіз процесс. Мұндай жұ­мыс­тар болған, болып келеді және ­жалғаса да бермек. Оның үстіне, тіл процестері реттеліп отыруға келмейді. Сондықтан қай терминнің танымал әрі барлығы қолданатындай болуы адам­дардың қабылдауына байланысты.Терминді ойлап табу жеткіліксіз, ол қол­даныста болуға тиіс» деді С.Ерғали.
Көше, аудан атауларын өзгерткенде сол аймақтың этникалық ерек­ше­лік­терін ескерген жөн. Ең бірінші советтік идеологияны көрсететін нысандардың атауларын алмастыру қажет. Сарап­шылардың ойынша, Ленин, Мирзоян, Киров, Таран және т.б. «екіұшты» та­ри­хи тұлғалардың есімдерін иемденген кө­шелердің атауын өзгерту қажет. 
Отырыста әуежайлар, аудандар жә­не үйлер, мектеп, аурухана, спорт алаң­дары, автомобиль жолдары және бас­қа да нысандар үшін атауларды ал­мастыру я өзгерту мүмкіндігін тұтастай қа­рау керегі айтылды. Мысалы, шет­елде әуежайлар ел тарихында елеулі орын алатын тұлғалардың есімімен ата­лады. Сонымен бірге, үйлер мен квар­талдар атауы ол атауды дайын­дай­тындардың тарапынан қазаққа сай кел­мей жатады. Мысалға Милан квар­талы, Авеста, Бавария, Мисон, «Семь бочек» және т.б. алуға болады.
Отырыс соңында «Мирас» кеңе­сі­нің 2016 жылғы жұмыстары қоры­тын­дыланып, келер жылғы жұмыс жос­пары талқыланды.

Көркем ӨМІРӘЛІ