Негізгі бет  /  мақалалар  /  Ұшақта жарылыс болған ба?

Ұшақта жарылыс болған ба?

Айнұр Қазыкенова
1019
 Ұшақта жарылыс  болған  ба? Сочидегі «Адлер» әуежайынан көтеріле бере Қара теңізге құлаған, Ту-154 ұшағы жөнінде болжам көп.

 Ұшқыштардың, әскери  сарапшылардың һәм осы саладағы  құзырлы орындардың  пікірі  әртүрлі. Бірақ құлаған  ұшақтың  қара  жәшігі табылмай  ешкім нақты  дерек  келтіре алмасы хақ. Болжамдарды алға тартпас  бұрын,  Ту-154  ұшағы  жөнінде  аз-кем  мәлімет бере кетейік.  

Ту-154  ұшағы  бұрынғы  КСРО қазіргі  Ресейдегі  аса  сенімді  ұшақтың бірі,  тіпті бірегейі  саналып  келген. Алғашқы  ұшақ  1968  жылы көкке көтерілген. Содан  бері  1000 аса ұшақ құрастырылыпты. Ту-154-тің  бір ерекшелігі  үш  моторлы. Бірі   істен  шыққан  жағдайда, екіншісі қосыла  береді. 180  адамға арналған.

Жалпы жарты  ғасырға   жуық  уақыт ішінде Ту-154  ұшағы  50  рет апатқа  ұшыраған. Соның  ішінде аса  ірі  трагедия  ретінде  2010  жылы  сәуірде    Смоленск  қаласының  түбінде болған апат  айтылады.  Ол  ұшақта бүкіл Польша  мемлекетінің басшылығы һәм президент Лех Качиньский қаза тапты. Ал, 25 желтоқсанда Қара теңізге құлаған  Ту-154 ұшағы (Ресей  Қорғаныс министрлігіне тиселі) 1983  жылы құрастырылған. Бүгінге  дейінгі  ұшу  уақыты  6689 сағатты құрайды. Соңғы  рет 2014  жылы  күрделі  жөндеуден  өткен. Ал  осы жылдың  қыркүйек айында  техникалық   байқаудан  өткізіліпті. Ұшақты  басқарғандар да  аса тәжірибелі  ұшқыштар. Еске  сала кететін  жайт, Ту-154 ұшағы  Мәскеу  түбіндегі  әскери  Чкаловский әуежайынан 1:38 ұшып  шыққан.  Бағыт  - Сириядағы  «Хмеймим»   әскери  әуежайы. Ұшақ бортында 92 адам  болған. Оның  64-і Александров атындағы  ансамблдің мүшелері.Олар жаңа  жыл алдында  сарбаздар алдында концерт  беруге  тиіс-тұғын. Сондай-ақ Сириядағы жағдайдан  хабар  беру  үшін  ресейлік  9  журналист аттанған еді. Ұшақ Сочидегі  Адлер әуежайында жанар-жағармай  құйып,   ары  қарай  ұшуға тиіс болған. Алайда  әуеге көтерілгеніне   2 минут  болған кезде ұшақ бақылау  радарынан  жоғалып кеткен.Ұшқыштар  ешқандай қауіп-қатер  жөнінде хабар  бермеген. Арада  біраз уақыт  өткен  соң  ұшақтың  Қара  теңізге  құлағаны  белгілі болған. Әзірге 11 адамның денесі  табылған. Сондай-ақ, қираған  ұшақтың  60-қа тарта  бөлшектері жинап алынған. Ұшаққа   байланысты   болжам  көп. Көптеген  сарапшылар  «ұшақтың  техникалық  жағдайы  жақсы. Ұшқыштарда  тәжірибелі. Демек  апат ұшақтан  не  болмаса  ұшқыштың қателігінен  болмаған. Теракті  болуы да  мүмкін. Өйткені  ұшақ Сирияға  бет алып  бара жатқаны белгілі» дегенді айтады. Тіпті  Ресей Көлік  министрі    Максим Соколов та  мұндай  болжамның бар екенін  жоққа  шығармайды. Бірақ  Қорғаныс министрілігі  әзірге  ешқандай  нақты   мәлімдеме жасаған  жоқ. Оның да    себебі бар. Ұшақтағы  барлық дыбысты  жазып  отыратын  қара жәшік  әзірге  табылмады. Ал,  онсыз  бірдеңе  айту  қиын.

Ресей  әскери  ғарыш  күштерінің  ұшқыш-инструкторы Андрей Красноперов  «Коммерсант»  басылымына  берген  сұхбатында: «Әуежайдан  көтеріле  берген екі-үш минутта  ұшақтың  бақылау  қондырғыларынан  жоғалып кетуі көңілге күдік тудырады. Кез-келген оқыс  жағдайда  ұшқыштар  белгі  беруі тиіс еді. Тіпті  айтып  үлгермегеннің өзінде  қауіп-қатерді  сездіретін  түймені  басып қалуға  болады. Осыған  қарағанда  ұшқыштарда  ондай  мүмкіндіктер  болмаған.  Яғни  ұшақ   белгісіз  жағдайда  жарылып кеткен. Тіпті теңізге  шашылып кеткен  ұшақтың бөлшектерінен-ақ  онда жарылыс  болғанын аңғаруға  болатын сынды»  деген  болжам айтады.

Мұндай  пікірді  өзгелер де  жоққа шығармауда. Ресей  билігі  әзірге  мұндай әсіре  пікір  айтуға құлықсыз.  Оныңда  себебі  жоқ  емес. Өйткені Ресей халықаралық  мәселелерге  белсене араласқаннан  бері түрлі құрбандықтарға   ұрына  бастады. Әсіресе  Сириядағы  жанжалға   араласқалы.  Мәселен,  былтыр Шарм-эш-Шейхта  Ресей туристерін тиген ұшақтың жарылуы, жақында ғана Түркиядағы  Ресей  елшісінің  өлтірілуі т.б. Енді  оған   Сирияға  бет алған  ұшақтың апатқа ұшырауы  қосылды. Әрине  үңіле  қараған адамға  мұның бәрі жайдан-жай  болып жатпағаны белгілі. Ресей  лаңкестікпен белсене күресіп  жатыр. Демек   лаңкестер де  әрекетсіз  отырмасы хақ. Оларда қарсы  қимылға көшкен. Бұл  соның бір айғағы  болуы  мүмкін.