Негізгі бет  /  мақалалар  /  Франция НАТО-дан шығуы мүмкін

Франция НАТО-дан шығуы мүмкін

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
1586
Франция НАТО-дан шығуы мүмкін Кейінгі кезде «қарт құрлық» жақ та «бұзыла» бастағандай. Ұлыбритания ЕуроОдақтан шығуға дауыс берді. Шотландияның да шырайы кете бастаған сияқты.

Жалпы қазақтың «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деген қанатты сөзі ақиқатқа айнала бастаған секілді. Енді ортақ одақтан Ұлыбритания шыққаннан кейін Франциядан да мұндай пікірлер естіле бастады. Негізі, құрамына 28 ел кіретін ЕуроОдақ ұйымының іргесі сөгіле бастағаны ма? Бұл болжамға арқа сүйейтін дәлел мен дәйек те жеткілікті. Аталған ұйымға мүше елдердің барлығының экономикалық әлеуеті мықты емес, сондықтан бір-біріне сүйеу болудың қажеті жоқ. Әр ел көшін өзі өрге сүйрегені дұрыс. Қаржылық дағдарыс қыспаққа алған шақта, мемлекетінің шаңырағы шайқала жаздап, халықтың наразылығы өршіп тұрған елдер бұл құрлықта баршылық. Оның үстіне 28 ел іргелі ұйымға біріккенімен, лаңкестік әрекетке қарсы тұру мүмкін болмай барады. Ортақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету әлі жоқ. Оның үстіне Таяу Шығыстағы соғыс пен шиеленіскен жағдайдан кейін Еуропаға қарай мигранттар ағылды. Қазір ЕрроОдақ мигранттарды қабылдау арқылы «сау басына сақина» тілеп алды. Осының барлығы елдегі әлеуметтік саяси жағдайға кері әсер етуде. Тіпті мұны пайдаланып, саяси ұпайын түгендеп жатқан ойыншылар да бар. Өйткені ЕуроОдақтың көптеген елдерінде келер жылы президенттік, парламенттік сайлау өтеді. Осындай жағдайды Франция да бастан кешіп отыр. Келер жылы француз елінде президенттік сайлау өтеді. Қазір кандидаттар бұған қызу дайындалуда. Қазіргі президент Франсуа Олланд сайлауға түсуден бас тартты. Оның орнына кім келмек? Мәселе сонда. «Егер «Ұлттық майдан» ұйымының лидері Марин Ле Пен президенттік сайлауда жеңіп шығатын болса, онда Францияның сыртқы саясатында үлкен өзгерістер болуы мүмкін» дейді сарапшылар.

 Шынында да көп елде белгілі саясаткерлерді емес, халықтың сөзін сөйлеп, елдің арасынан шыққан кандидаттарды таңдауға басымдық беріле бастаған сияқты. Мұны АҚШ-тағы сайлау да нақты анықтап берді. Трамптың жеңіске жетуі әлем үшін күтпеген қадам болды. Демек, келер жылы Францияда  да халықтық ойларын ұран етіп шыққан кандидат жеңіске жетсе, оған таңқалуға болмас. Бұл орайда сарапшылар «Ұлттық майдан» ұйымының лидері Марин Ле Пен бүгінгі ұстанымынан айнымаса, жеңіске жететін бірден бір кандидат болуы ықтимал» деп отыр. Қазіргі уақытта Марин Ле Пен мен Францияның бұрынғы премьері Франсуа Фийон арасында тайталас өрбитіні айқындалып келе жатқандай. Ақиқатында кім жеңеді? Сарапшылардың айтқанына сенсек, экс-премьер Франсуа Фийонның мүмкіндігі жоғары. Оны елдің салмақты саяси элитасы мен бұрынғы президент Никола Саркозидің жақтастары қолдап отырған сияқты.

Ресей Ғылым академиясы Жалпы тарих институтының сарапшысы Евгений Осиповтың пікірінше, бәсеке осы екі кандидат аралығында өтеді. Тіпті екінші тур болуы да ықтимал. Осиповтың болжамына қарағанда, «Ұлттық майдан» ұйымының жетекшісі Марин Ле Пенді Франциядағы шағын қаланың халқы мен жұмыссыздар және дипломы жоқ француздар мен жұмысшы тобы қолдауы мүмкін. Ал бұрынғы премьер Франсуа Фийонды ауқатты француздар жақтайтыны сөзсіз. Өйткені оның бағдарламасы негізінен елдегі бизнесті, сонымен қатар шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға арналып отыр.

  • Ле Пен президенттік сайлауға қатысып жатқан барлық кандидаттардың сайлаушыларының дауысын алуға ұмтылады. Өйкені оның бағдарламасында барлық мәселелер қамтылған. Оңшылдар, солшылдар мен центристік бағыттағы сайлаушылардың көзқарасын қамтыған Ле Пен қандай жағдайға қарамастан басым дауыс алуға жанталасады. Оның идеялары мен бастамалары тіпті Еуродақ үшін ұнамсыз болуы да ықтимал,- сарапшылар.

Расында да  қазіргі сараптамаларға назар аударсақ, Франсуа Фийонның билік басына келуін жақтайтындар аз болмай тұр. Тіпті кейбір сарапшылар оның ресейшіл көзқараста болуы президенттік сайлауда жеңімпаз атануына мол мүмкіндік береді деп отыр. Шын мәнінде солай бола ма, оны уақыт көрсетер. Бірақ Марин Ле Пен де оңай шағылатын жаңғақ емес. Оның үстіне қазіргі таңда Ле Пен ЕуроОдақ елдері үшін солшыл саясат ұстанып отыр. Сондықтан оның пікірлері ЕуроОдақ басшыларына ұнай бермеуі мүмкін. Бірақ...

Президенттік сайлауда дауысты халық шешеді ғой. Бір ғана мысал, АҚШ-тағы президенттік сайлау додасы барысында жұртшылық «Хиллари Клинтон жеңеді» деп алдын ала тон пішіп қойған. Ал қорытынды нәтиже мүлдем кереғар көріністі көрсетті. Нәтижесінде халықтық жобалары мен ойларын ашық  айтқан Дональд Трамп жеңіске жетті. Кейбір сарапшылар «Францияда да осы жағдай қайталануы ықтимал» деп отыр. Өйткені «Ле Пеннің бастамалары бүгінгі Франция билігіне ұнамауы мүмкін, бірақ халықтың көзқарасына жақын» деп топшылауға болады.

Ле Пен «Франция өз саясатын ашық жүргізуі қажет, сондықтан ЕуроОдақ аймағынан және ортақ  евро валюта аумағынан шыққаны дұрыс. Біздің артымыздан іле-шала Португалия, Италия, Испания, Ирландия, Грекия және Кипр еуропалық аймақтан кетуі тиіс. Барлығы бір күнде шыққаны тиімді және олардың да осы бағытты ұстанғандарын қалаймын» деп отыр.

  • Адамдар өзінің бостандығын еркін сезіне алуы керек. Сөйтіп тәуелсіздігін баянды етілуі тиіс. Ағылшындар фунт-стерлингті ешқашан еуроға айырбастаған жоқ. Еркіндік керектігін ертерек ұғынды да,  ЕуроОдақтан шығып кетті және дұрыс шешім жасады. Сондықтан біз Брюссельдегі технократтардың айтқанынан бас шұлғып, мақұлдай бермей, өз тәуелсіздігіміз бен қауіпсіздігімізді одан әрі нығайтуымыз қажет. Қай жерде еуро сол жерде –кедейлік, жұмыссыздық. Зейнетақы мен жалақы күрт төмендеді. Біз мұны айқын көріп отырмыз, -деп мәлімдеді ол.

Ле Пеннің ойынша, «бүкіл елді өзіне кіріптар етіп отырған Халықаралық валюта қорын жою қажет. ЕуроОдақ  ұлттық егемендікті сыйлайтын әрі құрметтейтін еркін конфедерациялық мемлекет болуы тиіс».

Ле Пен президент бола қалған жағдайда «Франция аумағында сеңдей соғылысып әрі еркін жүрген мигранттар ағынын реттемек. Ұлттық шекараны қымтап, Шенген келісімінің түп тамырымен жоймақ. Сөйтіп Еуропада бақылаусыз еркін жүру тәртібіне тоқтау салмақ.

Францияда президент сайлауы 2017 жылдың мамыр айында өтетінін ескерсек, оған дейін қай  кандидатты жақтайтынын халықтың өзі шешетін болады. Бірақ «Ұлттық майдан» ұйымының жетекшісі Марин Ле Пеннің екпіні қатты. Ол халықаралық саясатқа қатысты кеше тағы мәлімдеме жасады.

  • Егер мен Президент болсам, Франция НАТО ұйымында қалмайды. Бұл ұйымның қазір ешкімге де керегі жоқ. НАТО Кеңес Одағының экспансиясына қарсы құрылған әскери ұйым. Қазір Кеңес Одағы жоқ, мұндай жағдайда НАТО-ның кімге қажеті бар?! АҚШ өз мақсат-мүддесін жүзеге асыру үшін Еуропада НАТО-ны  әдейі ұстап отыр, - дейді ол.

...Бірақ Марин Ле Пеннің «асыл арманы» орындала қояр ма екен?!