Негізгі бет  /  мақалалар  /  ЖАҢАЖЫЛДЫҚ ОТШАШУЛАР КЕЗІНДЕ АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!

ЖАҢАЖЫЛДЫҚ ОТШАШУЛАР КЕЗІНДЕ АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!

Қайыржан ТӨРЕЖАН
856
ЖАҢАЖЫЛДЫҚ ОТШАШУЛАР КЕЗІНДЕ АБАЙ БОЛЫҢЫЗ! Жаңа жыл шыршасы мерекесіндегі жаппай отшашулар кезінде петардалардан, бенгал оттарынан өрт шығу қаупі ұлғаяды.

 Осыған байланысты Өрт сөндіру қызметі мейрам кезінде балаларды қараусыз қалдырмай, өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтап, отқа абай болуға шақырады. 

Жыл сайын Жаңа жылды қарсы алу барысында отшашулардың салдарынан қаншама өрт шығып, көңілді басталған мереке қайғылы оқиғалармен аяқталып жатады. Жаңа жылдық және Рождестволық мерекелерді әрбір отбасы бұрынғыдан да қызықты, ұмытылмастай етіп жасауға тырысады. Ол үшін бенгал оттары мен петардаларды көптеп сатып алып түрлі-түсті отшашулар жасайды. Пиротехникалық бұйымдар қас-қағым сәтке ғана жарқырап көрініп, балаларға қуанышты көңіл күй сыйлайтыны рас, бірақ қауіпсіздік ережесін сақтамаған жағдайда денені жарақаттап, денсаулыққа зиян келтіріп қайғылы жағдайға душар ететінін және өрт қауіпін тудыратынын ұмытпаған жөн. Сондықтан пиротехникалық заттарды қолданғанда қарапайым қауіпсіздік ережелерін бір сәтке де естен шығармау керек.

Жаңа жыл мейрамын қарсы алуға жұрт жалпылай жиналған кезде көбінесе үй-жай, тіпті кейбір отбасындаға балалар қараусыз қалады. Соның нәтижесінде осы уақытта өрт жиі шығады. Өрт – тілсіз жау, оған үнемі сақтықпен қарау керек, деп ескертеді Алматы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент. Мысалы, биылғы жылдың 11 айында Алматы облысының аумағында 1410 өрт оқиғасы тіркеліп, материалдық шығын 150 млн 398 мың теңгені құраған.  Өрттердің салдарынан биыл 27 адам қаза болып, 66 адам әртүрлі дәрежедегі жарақаттар алған. Орта есеппен алғанда облыс аумағында жылына мыңға жуық тұрғын үйлер мен құрылыстар күлге айналады екен.

– Жаңа жыл қарсаңында, мерекеге дайындық кезеңінде пиротехникалық бұйымдарын абайсыз қолдану немесе өрт қауіпсіздігі ережесін бұзу нәтижесінде өрт оқиғалары көп тіркеледі, бұл оқиғалар азаматтар арасында жарақат алу санының күрт көбеюіне себеп болады. Өртке себеп болатын және адам денсулығына қауіп төндіретін төтенше жағдайлардың алдын алу біздің басты міндетіміз болып табылады. Сондықтан Жаңа жыл мерекесі кезінде өрт қаупінің алдын алу үшін мына ескертпелерді естеріңізде ұстаңыздар:

  • петарда, ракеталар, отшашуларды және басқа бұйымдарды тек қана арнайы дүкендерден ғана сатып алыңыздар;
  • пиротехниканы сатып алғанда оның ешқандай ақауы болмауын тексеріп қараңыз;  
  • міндетті түрде сақталу мерзіміне назар аударыңыздар;
  • қолданар алдында міндетті түрде ондағы нұсқаулармен танысыңыз және соған сәйкес әрекет етіңіз;
  • пиротехниканы қалтаға салып жүрмеңіз;
  • оны алып жүргенде, атқан кезде темекі шекпеңіз;
  • петарданы қатты жел болғанда атпаңыз;
  • пиротехника бұйымдарын бөлшектемеңіз және сырттан механикалық әсер ететін соққы болмауы керек;
  • құрылыстан, ағаштардан, тез жанғыш заттардан, электр тарату желілерінен 30 метрден жақын жерде пиротехникалық заттарды атуға болмайды;
  • отшашуды адамдар тұрған жаққа қарай бағыттамаңыз;
  • оны мас күйінде атпаңыз;
  • пиротехникалық бұйымды қолды алға барынша  созып, арақашықтықты сақтап  тұрып жандырыңыз, оған қарай еңкеймеңіз;
  • егер пиротехника іске қосылмаса, оны қайтадан жандырмаңыз.

Жаңа жыл мерекелері тек қана қуаныш әкелсін десеңіз – бірінші кезекте олардың бәрі қауіпсіз болуы керек! Пиротехникалық бұйымдарды қолдану бойынша қарапайым ережелерге сүйеніңіз. Абай болыңыз! Өзіңізді сақтаңыз! Сіздерге Жаңа жыл бақыт әкелсін деп тілейміз!- дейді  Алматы облысы ТЖД ӨҚСБПҚБ бас маманы азаматтық қорғау қызметінің подполковнигі Толқын Қатышева.