Негізгі бет  /  мақалалар  /  Жастар арасында қылмыс дерегі көбейді

Жастар арасында қылмыс дерегі көбейді

Айқын-ақпарат
990
Жастар арасында қылмыс дерегі көбейді Алматы облысының жастары арасында биыл қылмыс дерегі көбейді.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

Өңірде жастар қылмысы өткен жылмен салыстырғанда 6,4 пайызға артқан. Сондай-ақ жас жеткіншектердің өз-өзіне қол жұмсау фактілері жиілеген. Мәселен 2015 жылы 69 оқиға тіркелсе, 2016 жылы 85 жас өз еркімен бұл өмірмен қоштасқан.

Жұмыссыз жүрген жастар қатары да азаяр емес. Биыл жетісулық жастардың 2,7 пайызы жұмыссыздар қатарында. Салыстырмалы түрде айтар болсақ өткен жылы 2,5 пайыз болған. Жалпы Алматы облысындағы жастар саны 500 мыңға жуық.

Өңір жастарының өзекті проблемалары  облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының жылды қортындылау жиынында мәлім болды. Облыс аумағында өткізіліп жатқан көптеген салтанатты шаралар, түрлі акциялар мен флешмобтар жанында әлеуметтік мәселелер кенжелеу қалып келеді.

Сондай-ақ жас өрендердің басқа діни ағымға кетіп қалуы да алаңдатын жағдай. Басқосуға төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар осындай күрделі мәселелердің шешу жолдарын «жастардың жол картасына» топтастыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда 2017 жылдың наурызына дейін әр ауданның, әр ауылдың жастарының мәселесінің барлығын көтеріп, оның шешу жолдарын, қаражат мәселесін қарастырған ауқымды құжат дайындалады. Және сол «жол картасы» аясында өзекті мәселелер кезең-кезеңмен өз шешімін табатын болады.