Негізгі бет  /  мақалалар  /  Қытай экономикасы сыр берді ме?

Қытай экономикасы сыр берді ме?

Айнұр Қазыкенова
1333
Қытай экономикасы сыр берді ме? Қытай ұлттық валютасын тағы да девальвациялады. Бұл үрдіс әлі де жалғасуы мүмкін. Неге?

 «Мызғымас  қытай  экономикасы  сыр  берді»  деседі  сарапшылар. Екінші  бір  сарапшылар «Жоқ  деседі. - Қытай  экономикасы  мығым.  Бұл  отандық  өндірушілерді  қолдағаны»  десе,  үшінші  бір  сарапшылар  «Қытай  валюталық  соғысты   бастады»  дегенді айтады. Болжам  сан  түрлі. Бірақ бір ақиқат  дүние, ресми Бейжін юаньді  бекер   құнсыздандырып   отырған  жоқ.  Оның  артында   үлкен   саясат  жатқаны  белгілі.  Бір жыл  ішінде Қытай юані  долларға шаққанда 4  пайызға  құнсызданған. «Егер де  Қытай осылай  жалғастыра беретін болса,  әлемдік экономикаға  қауіп төнеді»  дейтіндер  де бар. сарапшылар «бұл шара юаньнің ары қарай да нығаюын болдырмау үшін жасалған болуы мүмкін» деген  әділ  баға айтуда. Юаньнің нығаюына жол берсе, миллиондаған адам жұмыс істейтін, экспортқа бағытталған өнеркәсіп саласында жұмыссыздық деңгейі арту қаупі туындайды. Валютаның күшеюі экспорттың қымбаттауына, одан ары бәсекеге қабілеттілік деңгейінің төмендеуіне ықпал етеді.  Олай  болса,  ресми Бейжін  дұрыс  қадам  жасады  деуге  болады. Тағы бір  мәселе, Қытайдың қаржы саласындағы  өзгерістері  АҚШ-тың жаңа  сайланған  президенті  Дональд Трамптың осы  елге  байланысты ұстанымынан туындауы да  мүмкін.  Трамп Қытайды «№1 жау» деп  санауымен  қатар,  бұл  елге қарсы сауда-саттық қатынасына да  үлкен өзгеріс енгізуге  тырысуда. Тіпті Трамптың  Ұлттық Сауда кеңесінің  басшысы  етіп Қытайға   қырын  қарайтын Питер Наварроны  тағайындауында  да  гәп  жатыр. Осының  бәрін  таразыға  тартқан   аспанасты елі  қалай да  өз экономикасын сақтап қалу  үшін, барлық салада реформалар  жасауға тырысып бағуда. Ал, юаньның  жаңа девальвациясы  соның бір  көрінісі  болуы мүмкін.