Негізгі бет  /  мақалалар  /  Құпиясы ашылмаған әлем

Құпиясы ашылмаған әлем

Айнұр Қазыкенова
2170
Құпиясы ашылмаған әлем Әлемде адам баласы әлі сырын ашпаған құпиялар көп. Соның бірі үңгірлер мен қия жартастарға салынған бимәлім суреттер. Қай кезде салынды, кім салды? Ондағы кейбір сызбалар тіпті белгісіз өркениеттерге жетелейтін сияқты...

Бұдан жеті-сегіз  мың жыл бұрын лыпасын жапырақпен ғана жауып  жүрген  жартылай  жабайы адам баласы  сурет  салуды қайдан білді? Мұның бәрі  жұмбақ?  Тіпті жартастарға салынған кейбір  сурет-сызбаларда  көктегі   жұлдыздардың  орналасуы, бүгінгі  ғарышкерлер  секілді  арнайы  киім киген тіршілік иелерінің бейнесі бейнеленген. Үңгірлерді  мекендеген жабайы адам баласы  жұлдыздар әлемін  қайдан білді, өзге өркениет  жөнінде  қайдан хабардар?  Міне бүгінгі күні  ғалымдарды  толғандырып отырған   үлкен мәселелердің бірі осы.  Жалпы Африка да,  ЛатынАмерикасын да,  Австралия далаларын да табылған жұмбақ  суреттер, иісі қазақ  топырағында  да  жеткілікті.                                                                         

Соның бірі  жұрт Тамғалы тас  атап кеткен жердегі  сыры бимәлім  суреттер. 

Ресей уфологтары адамзат дамуында ерекше орын алатын еліміздегі Тамғалы археологиялық кешеніне байланысты қызықты пікірді біраздан бері айтып  келеді. Олардың айтуынша, жартасқа шекілген «күн басты» бейнелер өзге планетадан келген жат жұрттықтардың суреті. Шындығында жартастқа бәдізделген «күн басты» пішіндер жекелеген және көп пішінді композиция түрінде берілген. Уфологтар осы аймақты мекен еткен көне түркі жұрты жат жұрттықтармен байланысқа түскен деген пікірде. Соның әсері түркі суретшілерінің осындай кейіпте тасқа суреттер қашауына түрткі болған. «Түркілердің адамзат дамуының алғашқы кезеңінде бірінші болып, темір өндіріп, оны өңдеп, тұрмыстық құралдар жасауына да сол көктен түскендердің ықпалы болуы әбден мүмкін» деседі уфологтар. «Тасқа шекілген спиралға ұқсас таңбаларға қарап отырып Құс жолын байқауға болады. Қазіргі құс жолына байланысты жасалған картамен әлгі суреттердің арасында қатты ұқсастық бар. Демек, аспан әлемін зерттеуді түркілер бірінші қолға алған», – дейді АҚШ зерттеушісі Джозеф П. Скиппер. Енді осы «Тамғалы тас» деген атқа ие болған кешенге байланысты бұған дейін айтылып, қатталған деректерге көз салайық. Тамғалы Алматы қаласынан солтүстік-батысқа қарай 170 шақырым жерде, Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Қарабастау ауылында Шу-Іле тауларының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. 1957 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтының экспедициясы «Қазақстанның археологиялық картасы» бағдарламасы аясындағы барлау жұмыстарының барысында ашылған. Қола дәуіріне тән бейнелер мен сюжеттер негізінен «күн басты» және «дәстүрлі киім» үлгісі сипатында. Таңбалы археологиялық кешені Орта Азияда кең тараған антроморфты бейне күн шапақты бет перде киген пішіндердің көптігімен ерекшеленеді. Суреттердің толық бір топтамасы антроморфты бейнеде жануарлар кейпіндегі бет перде киіп, аң терісін жамылған. Дәстүрлі және ғұрыптық үлгідегі киіну салтының бейнеленуі Орта Азия бойынша мерзімделу шеңбері б.з.б. 3-мыңжылдықтың басы мен 2-мыңжылдықтың ортасына сәйкес келеді. Олар сонымен бірге ерте темір дәуірінің афанасьев, окунев мәдениеттеріне жақындығымен, Солтүстік және Орта Азияның далалық аймақтарының мәдениеттерімен (андрон мәдениеті, қарасұқ мәдениеті, т.б.) ұқсастығымен ерекшеленеді. Таңбалы археологиялық кешенінде қола және ерте темір дәуірлеріне, орта ғасырлар мен «жаңа заманға жататын қоныстар, қорымдар, құрбандық орындары және петроглифтер» сияқты 100-ге тарта ескерткіш орындары бар. Шағын аумаққа шоғырланған ескерткіштер осы өңірді мекендеген көптеген көне тайпалардың 3 мыңжылдық тарихын қамтиды. Кешеннің негізгі өзегі шатқалдағы 3000-ға жуық петроглифтер. Кей зерттеушілер петроглифтердің ең көнелері б.з.б. 2-мыңжылдықтың ортасында, кейбірі ерте темір дәуірінің басында, сондай-ақ қола дәуірінде пайда болған деген тұжырымдар айтады. Бұл суреттер осы тауды киелі санап, мәдени ғұрыптық орынға айналдырған қауымдарға тәу ету, ғұрыптық жоралғылар өткізу кезінде алыстан көрінуі үшін таң атқаннан күн батқанға дейін күн сәулесі түсетін жартастардың ұшар биігіне салынған. Тамғалы археологиялық кешені – 2004 жылы өткен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени-археологиялық және табиғи мұра комитетінің 28-ші сессиясында ЮНЕСКО-ның комитет мүшелерінің бірауыздан қолдауымен Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енгізілген Орта Азиядағы жартастағы өнердің бірінші ескерткіші. Міне, нақты деректер осылай сыр шертеді. Ал Ресей уфологтары мен АҚШ зерттеушісі жоғарыдағыдай пікір айтады. Әрине, көне заман суретшілері қиялында көрініс тауып, тасқа қашалған бейнелер анықтап қараған адамға скафандр киген ұшқыштарға ұқсайтыны рас. Осыған қарап уфологтар айтқан пікірде жан бар ма деп те қаласың. Сондай-ақ оқымыстылар Тамғалы кешенінен басқа, Алтайдан табылған, зерттеу бойынша 4-5 мың жыл бұрын тасқа қашалған скафандр киген пішіндер мен бұдан үш мың жыл бұрын Тибет тауларындағы жартастарға салынған ұшатын табақшаға  ұқсас суреттер және бұдан мың жарым жыл бұрын Америка құрлығында өмір сүрген мая тайпасы адамдары жерленген табыттардағы ғарыш кемесіне ұқсас сызбалар, сондай-ақ Сахарадан табылған бес мың жылдық тарихы бар көне суреттегі скафандр киген адам пішіндес суреттердің барлығының түбі бір деседі. Мүмкін. Қазақ даласы жасырып жатқан тағы бір құпиясы  мол аймақ, ол  Арал теңізі. Шындығы  сол, Арал теңізі табанының не бір жұмбақ сызбаларға толы болуы да жұртты таңғалдырып отыр. 2000 жылдардың басында Қазақ ғылыми-зерттеу институтының ауа-райын бақылау орталығы қызметкерлері Аралды ұшақпен суретке түсіру кезінде күтпеген жайға тап болған. Суы тартылған теңіз табанында кем дегенде 500 шаршы метр алаңда бір бағытқа тартылған ондаған ірі сызбаларды суретке түсірген. Кей жерлерде сызбалардың ені 2 метрден 50 метрге дейін жеткен. Сызбалар бір-біріне қатты ұқсайды. Мамандар бұл жұмбақ таңбаларды қаншама зерттегенімен, оның неден пайда болғанын таба алмады. Кеңес заманында аралға орналасып, бактериялық қаруды сынаған әскерилер де, қайраңға батқан балықшы кемелері де, теңіздегі қатулы толқын, құйындар да, не болмаса табиғаттың өзге де тосын мінезі, өзгерістері де теңіз түбінде мұндай керемет сызба-таңбалар қалдыра алмасы хақ. Сонда бұл не? Тіпті тартылған теңіз түбіндегі жұмбақ сызықтар шын мәнінде бізге белгісіз ақпараттық алаң болып табылуы әбден-ақ мүмкін. Кейбір ғалымдардың пайымдауынша, осы сызықтардың көмегімен кеңістікті ажыратуға, планетаның магниттік өрісін, меридиандар, параллельдер, оңтүстік пен солтүстікті, өзге де маңызды мағлұматтарды білуге болады екен. Тартылған теңіз түбіндегі жұмбақ жерге келген ғалымдар нақты бедерленген стрелканың тілі іспеттес суретті анықтаған. Бұл символдың әзірге қай тұсты меңзеп тұрғаны белгісіз, бірақ осынау жұмбақтардың түйіндерін бірте-бірте тарқата келе, болашақта адамзат баласы беймәлім алып меңзеп тұрған жерді табуы да мүмкін. Сонда зерттеушілерді түптің-түбінде не күтіп тұр? Жұмбақ символдардың сыры неде, кілтін қалай табамыз? Ол жерде не бар? Жаңа өркениет бар ма?Көзден ғайып болып бара жатқан Арал теңізінің түбіндегі суреттердің аса үлкен аумақта шашырап жатқаны әзірге ғалымдардың жұмысын күрделендіріп отыр. Ғалымдар суреттерді ұшақпен немесе тікұшақпен зерттеуге мәжбүр. Бір жақсысы, таяз әрі тұнық су жұмбақ суреттердің нақты картинасын жасауға мүмкіндік беретін көрінеді. Бір  қызығы Аралдағы  жұмбақ сызбалар АҚШ-тың Невада  штатындағы  шөлдегі   үш  таған   сызбаларға   сондай-ақ, Перудегі Наска  үстіртіндегі   сызбаларға  аса  ұқсас   екен. Бұл  шөлдегі  сызықтарда белгілі  бір  деңгейде өзге  өркениет  үшін бағдаршам  рөлін  атқарып  отырғаны  анық. Бұл  ғалымдардың  болжамы. Ресей  уфологтары Арал  теңізінің  түбіндегі   белгісіз  сызбаларды  Чилидегі атақты Атакама   шөліндегі  құпиясы  әлі ашылмаған геометриялық   сызбаларға көбірек  ұқсатады.  «Арал  табанында  жатқан  ондаған шақырымға созылған сызбалар Атакама  шөліндегі  сызба –өрнектердің   егізі деуге болады. Бұл  Жер шарына  әлсін-әлсін соғып,  «қонақ»  болып кетететін өзге  өркениет өкілдеріне   бағыт-бағдар беретін  бағдаршамның рөлін атқаруы мүмкін. Өйткені  әлгі  сызбаларды  зерттеген кезде жер бетінде апатқа ұшыраған олардың ғарыш кемелерінің қалдықтарыда  табылған. Бірақ ол  кемелер  жер  шарында  жоқ белгісіз қоспалардан  құйылған»  деседі. Ал  Торғай  даласындағы  жұмбақ сызбалар Мексикамен  АҚШ шекарасындағы  Макауи  шөліндегі  жұмбақ сызбаларға  тым  ұқсас екенді  бүгінгі күні   белгілі  болып  отыр.  Жалпы жұмыр  жердің  әр  қиырындағы ондаған, тіпті жүздеген   шаршы  шақырымдарға созылып  жатқан  сызбалар,  үңгір  қабырғасымен, қия  жартастарға бәдізделген  суреттер бір-біріне  ұқсастығы  неліктен? Оларды бұдан  мыңдаған  жыл  бұрын  сызған кім? Суреттерді  тасқа  шекіген кімдер? Әзірге адам баласы  үшін  бұл  жайт  жұмбақ болып қалуда. 

                                Айнұр Қазыкенова