Негізгі бет  /  мақалалар  /  Жылдық қорытынды шығарылды

Жылдық қорытынды шығарылды

Айқын-ақпарат
1046
Жылдық қорытынды шығарылды Аймақтардағы мемлекеттік қызмет көрсету проблемалары «2016 жылдағы комиссия жұмыстарының қорытындысын шығару» тақырыбындағы отырыста талқыланды.

Парламент Мәжілісінің депу­таты Майра Айсинаның төраға­лы­ғымен «Нұр Отан» партиясы сайлауалды бағдарламасының «Мемлекеттік қызмет көрсету» бағыты бойынша комиссиясының отырысы партияның орталық аппаратында өтті.
– Бүгінгі комиссия отырысы­ның мақсаты – жыл бойында атқарылған істерге қорытынды шығарып, табыстарымыз бен шешілмей жатқан мәселелерді ай­қындау. Статистикалық мәлі­мет беріп өтсем, біз мүмкіндігі шектеулі жандарға үйіне барып қызмет көрсетеміз. Өзге азамат­тарға ондай қызметтерді үйде отырып-ақ электронды түрде алуға болатынын айтқым келеді. «Үкімет халыққа» корпорациясы тарапынан 730 түрлі қызмет көр­сетілсе, оның 309-ы электронды түрде көрсетіледі. Бұл барлық қыз­меттің 70%-ы. Келесі жылдан бастап 80%-ға жеткізуді жоспар­лаудамыз. Тағы бір жетістігіміз халыққа қызмет көрсету орталық­тарында бұрын 2-3 сағат көрсеті­летін қызмет, бүгінде 1 сағатта бітетін болған, – деп тоқталып өтті М.Айсина.
Депутат қазіргі мәселелердің бірі – шалғайда жатқан ауыл аза­маттарына мемлекеттік қызметтің дұрыс көрсетілмеуі. Ондағы жер­гілікті атқару органдарының кес­тесін дұрыс жасамауынан ба, мо­бильді қызмет көрсету жайлы көп адамдар білмей қалып жатады. Мұндай мәселелерде тек Үкіметке қарай бермей, сол аймақтардағы басшылардың өзі-ақ шешіп тас­тауға болатынын айтты М.Ай­сина. Оның сөзінше, «Президен­ті­міз, партия Төрағасы Н.Назарбаев аймақтарға айрықша көңіл бө­луде. Бағдарламалық құжаттар еліміздегі аймақтардың дамуына бағытталған және оларды іске асыру үшін қаншалықты үлкен көлемде қаражат бөлініп жатқаны сіздерге мәлім. Біз, Елбасы сая­сатын басшылыққа ала отырып, өзіміздің жұмысымызды аймақ­тар­дағы мәселелерді есепке ала отырып жоспарлаймыз».
Облыстық мәслихат депутат­тары аймақтарда мемлекеттік қызмет алу кезінде азаматтарға кедергі болып отырған негізгі проблемаларды көтерді. Мысалы, Ақтөбе облысы комиссия оты­рысы алдына өз аймағындағы негізгі үш мәселені алға тартты. Біріншісі, сойылған малға анық­тама тек әр ауыл округі орталы­ғына әкеліп сойса ғана беріледі және шалғай ауылдағылар әр мал сайын орталыққа келуге шама­лары жете бермейтін көрінеді. Екіншісі – жер мәселесі. Мемле­кет белгілеген стандартқа сай жер алушы сұранысы бірнеше меке­меден өтуі керек және барлығы бір күнде атқарылуы міндетті. Ауыл ара қашықтығын есептесек, бұл мүмкін емес. Соңғы ұсыныл­ған мәселе малға берілетін құжат жөнінде болды. Ондай құжаттың тек көшірмесін беру ғана қарас­тырылған. Ал түпнұсқаны алуға мүмкіндік жоқ. Осындай пробле­малар себебінен 99 нысанда 53 құқықбұзушылық факторы тір­келген. Оның ішінде 27 адам ат­қару­шы орган қызметкерлері жауапкершілікке тартылыпты. Өз кезегінде М.Айсина екінші мәсе­ленің жергілікті атқарушы орган өздері шеше алатынын атап, қал­ғандары алдағы уақытта шешімін табатынын айтты. Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында көліктерді тіркейтін және жүр­гізуші куәлігін беретін мамандан­дырылған орталық құрылысын салу мәселесі тұр. Маңғыстаулық филиал кеден және салықтық басқарудағы процедураларды оңайлатуды ұсынады. Ал Сол­түстік Қазақстан облысындағы «Мемлекеттік қызмет көрсету» бағыты бойынша комиссиясы ауылдық жерлерде кадрлардың жиі ауысуы, оларды даярлау мен қайта даярлау, сонымен қатар электронды мүмкіндіктерді пай­да­лану бойынша ақпараттан­дыруды арттыру мәселелеріне назар аудартты.
Отырысқа қатысқан мемор­гандар аймақтарға нақты жауап беріп, ол проблемалардың шеші­летінін жеткізді. 
Көркем ӨМІРӘЛІ